Жетісу облысында алғаш рет «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы Талдықорған қаласындағы облыстық кәсіпкерлер палатасы ғимараты алаңында өтті. Шара отандық кәсіпкерлер өндірген өнімдердің сапасын арттырып, аймақтағы нарықты жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыруға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды. «Бір ауыл-бір өнім» ұлттық жобасы бойынша тауарларын ұсынған кәсіпкерлер де өздерінің өндіргендерін сөрелерге қойды.

Көрме сөрелеріндегі құрылыс бұйымдары мен ауыл шаруашылығы және электротехникалық өнімдер, медициналық құрал-жабдықтар мен тұрмыстық жиһаздар, зергерлік бұйымдар, киім-кешек пен аяқкиімдер, ет, сүт, ұн сияқты азық-түлік өнімдері, ұлттық тағам түрлері, тағы басқалары жиналғандардың таңданысын туғызып, таң-тамаша етті. Көрме кезінде қонақтар тауарлар мен қызмет түрімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жүн, тері бұйымдары да жиналғандардың жоғары бағасына ие болды.
Мәселен, Көку ауданы Балпық би ауылының тұрғыны жас кәсіпкер Бағдат Сатыбалдының табиғи теріден жасалған күз, қыс, көктем мезгілдерінде киетін аяқ киімдері көпшілікті өзіне қаратты. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс орны осыдан 7 жыл бұрын құрылған. Ол кәсібін аяқ киімдерді жөндеуден бастап, кейіннен аяқкиім тігуді үйреніп, өнерін ұштаған. Бұйым жасауға қажет тері Текелі, Шымкент қалаларынан жеткізіледі, яғни, шикізаттың басым бөлігі отандық өнім болып табылады. Қолдан тігілген бұйымдар әсіресе маусым кезінде жақсы өтіп, тауарға сұраныс артады. Сатып алушылар аймақтың әр түкпірінен келеді. Әуелі шет елден де тапсырыс түседі. «Бағдат» жеке кәсіпкерлігінің иесі бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Салтанатты шарада Бейбіт Өксікбайұлы елімізде кәсіпкерлікті дамыту негізгі міндеттердің біріне айналғанын, шағын және орта бизнесті өрістету қала мен даланы өркендетуге жол ашатынын және жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін, бүгінде кәсіппен айналысам деушілер үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектердің аз еместігін, жаңа идеяны жүзеге асыруға ұсыныс тастаған адамдарға билік тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ, қазірдің өзінде біраз елге әйгілі болып, брендке айналғанын Лепсі балының Жетісу аймағы үшін үлкен мақтаныш екенін сөз етті. Сондай-ақ әкім кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға да қысқаша тоқталып, соңынан кәсіпкерлер ісіне сәттілік тіледі.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша сүт өнімдерін өндіріп, өткізетін Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» ЖШС үздіктердің қатарынан табылып, Алакөл ауданындағы бал түрлерін шығаратын «Лепсі өнімдері» ЖШС 2-орынға ие болды. Аспаздық және кондитерлік өнімдерді өндіруге маманданған Талдықорған қаласындағы «Хакимова» ЖК 3-орынға шығып, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Панфилов ауданынан балалар төсемдері мен гигиеналық құралдарды өндірумен айналысатын «Elite Baby Production» ЖШС 1-орын алса, 2-орын Көксу ауданында құрылыс материалдарын өндіретін «Строитель» ЖШС бұйырды. Ал жүннен тұрмыстық бұйымдар жасайтын «Келгембаева Ж.К.» ЖК 3-орынға қол жеткізді.
Іс-шараның келесі кезеңінде «бір ауыл-бір өнім» ұлттық жобасының қорытындысы шығарылды. Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Римма Салықова:
– Жоба ауылдағы бизнесті дамытуға бағытталған. Ауылды жерлерде де кәсіпті өркендетіп, сапалы өнім өндіріп, келешекте экспортқа шығаратындай табыс табуға болады. Бұл шарада үздік 10 өндіруші таңдалды. Олардың 3-уі осы жобаның республикалық кезеңіне қатысады. Кейіннен олармен өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету үшін жұмыс жүргізіледі. Маркетингтік және әдіснамалық сүйемелдеу, сондай-ақ менторлық және оқыту жүзеге асырылады. Жапониядан келген жоба серіктестер қолдау көрсетеді, – деді.
Ендігі кезекте жеңімпаздар облыс атынан Елорда төрінде өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады.
Айгүл Байбосынова
Талдықорған қаласы
Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев





