Ғылым – таусылмайтын кен. Қазған сайын адамзатқа берер пайдасы арта түспек. XXI ғасырда ғылымның екпіні үдеп, берер жемісі де молая түсуде. Осыны ерте түсінген әлемнің алпауыт мемлекеттері қазынаны жер қойнауынан емес, адам миынан іздеуде. Алақандай ғана аралда тұрып, қазба байлықтарды былай қойғанда, құмның өзін экспорттайтын Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер жаңалықтың жаршысы болуда. Бүгінгі таңда олар жоғары инновациялық белсенділікпен, заманға сай жаңартылған өндірістік аппаратпен, тоқтаусыз дамытылып отырған өнім сапасымен ерекшеленеді.
Жапония экономикалық қиындықтарға тап болған тұста қалыптасқан өндірістік жүйе мен жоғары дамыған ғылыми-техникалық саланың арқасында бәрін сәтті шеше алды. 2004 жылдың қорытындысы бойынша олардың ғылыми жұмыстарға жұмсалған шығын көлемі 16,9 трлн. иен, яғни 127,1 млрд. долларға (жалпы ішкі өнімнің 3,4%) тең болды. Бөлінген қаражаттың көлемі бойынша Жапония АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленсе, жұмсалған шығынның жалпы ішкі өнімнің үлесі бойынша Америка Құрама Штаттарынан асып түсті.
Ғылым мен білімге бөлінген қаржының қайтарымы мол екенін айрықша атаған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырды. Президентіміздің бұл Жолдауынан ғылымға ерекше көңіл бөліп, оны дамытатын ғалымдарға қолдау көрсетіп отырғандығын байқаймыз. Елімізде сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға, біліміңді шыңдай түсу үшін шетелдің үздік ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге барлық жағдай жасалуда. Болашақ ғалымдарды білім нұрымен сусындатып, бағыт-бағдар беретін ұстаздарға да ерекше көңіл бөлінуде және үлкен сенім артылуда. Себебі, еліміздің экономикасының дамуы білім мен ғылымға, ал ғылымның дамуы ұлағатты ұстаздарға байланысты екені сөзсіз.
XX ғасырдың басында Алаш зиялысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Ел басқарушыдан бастап еңбек адамына дейін ұстаздың алдынан өтеді. Алған тәрбиесі мен біліміне сай мемлекетке қызмет етеді. Демек, ұрпақ болашағы – ұстаздардың қолында. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Заңда ұстаздарға көптеген жаңашылдық, жақсылықтар қарастырылған. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде оны екі есе арттыру көзделген. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы және магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізілді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін мұғалімдерге 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтарды әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады. Осылайша ұстаздарға жасалып отырған қамқорлықты еліміздің болашағына, өркендеп дамуына ашылып отырған мүмкіндік деп түсінуге болады.
Білім мен жемқорлықсыз саясатты негізгі бағыт ретінде ұстанған Сингапурдың білім беру жүйесі әлем бойынша үлкен талқылауға жəне өзгеріске түсіп отыр. Реформа бойынша да алдыңғы орында осы ел тұр. Олар әр оқушыға өмір бойы білім алуға мотивация береді, жаңа технологияларды, кәсіпкерлік негіздерін меңгертеді. 2015 жылдан бастап Сингапурда мектепке мұғалім ретінде университеттің ең үздік түлектерін ғана қабылдау енгізілген.
Директор болу үшін мастер-мұғалім болуың керек. Жалпы тестілеуден өтіп, жартыжылдық тренингке қатысып, шетелде тәжірибе алмасып қайту шарт.
Дәл осы жүйе бүгінгі таңда біздің елімізде де жүзеге асып жатыр. Жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтарға ҰБТ қорытындысы бойынша 70 балдан жоғары жинаған мектеп түлектерін қабылдауда. Нәтижесінде мұғалімдік мамандыққа мектепте үздік оқыған түлектер көптеп келуде. Олар болашақта үздік ұстаз болып, үздік шәкіттерді тәрбиелейтіні сөзсіз. Үздік шәкірттердің арасынан ақыл-пайымы мол, парасатты ғалымдар шығатындығы шындық. Әл-Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Демек, еліміздің өркендеп дамуы тікелей ғылымға, ғылымның дамуы парасатты ғалымға байланысты екені хақ.
Қазіргі уақытта ғылым саласындағы басым бағыттардың бірі әлемдік ғылым кеңістігіне кірігу болып табылады. Ғылым мен техника саласында Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Корея, Жапония, Германия, Франция, Польша, Ресей, Украина және т.б. елдермен 30-дан астам мемлекетаралық келісім жасалды. Осындай интеграцияның маңызды құралы – бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысу.
Президент тапсырмасына сәйкес дарынды шетелдік ғалымдарды жұмысқа тарту, соның ішінде үзді қазақстан- дық ғалымдарды елімізге қайта оралуға ынталандыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Отандық ғалымдардың ауқымды халықаралық жобаларға қатысуы үшін жағдайлар жасалынуда. Қазіргі кезеңде қоғамның өркендеп өсуі білім жүйесінің сапасын жақсартуды, жаңа технологияларды кеңінен қолдану, жаңа формациядағы педагогтар даярлау арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсаттар еліміздегі білім беру жүйесінің алдына жаңа инновациялық, технологиялық әдістерді қолдану, оқытудың жаңа модельдерін іздестіру және оны үнемі жетілдіріп отыру міндеттерін алға тартады.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев өзінің он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген. Демек, білім мен ғылымды терең меңгерсек, еліміздің болашағы зор, тәуелсіздігіміз тұғырлы болмақ!
Ә. БЕКТҰРҒАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясының мүшесі




