Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен тұрғындар бір-біріне қол ұшын беруде еш аянып жатқан жоқ. Бірі жалғызбасты қарттарға азық-түлік жеткізсе, екіншісі көшелерде медициналық бетперде мен залалсыздандыруға арналған түрлі құралдарды тегін үлестіруде. Сондай қайырымды жандардың қатарын ақсулық аналар да толықтыруда.
Қарашілік ауылдық округінің әкімі Ыдырыс Сәдуақасовтың бастамасымен басталған тегін медициналық бетперде тарату жұмысы көпшілікке қуаныш сыйлады. Ауылдастары қайырымдылық шарасын ұйымдастырған әкімге, ел қамын ойлаған асыл жандарға дән риза.
– Қарашілік ауылдық округінде сақтық шаралары қатаң сақталуда. Артық жүріс-тұрыс та тыйылды. Тәртіп – бәрімізге ортақ. Елдің амандығын ойлаған әкіміміз Ыдырыс Ғазизұлының ұсынысын үйлерінде тігін машинасы бар қыз-келіншектер қабыл алдық. Медициналық бетпердеге қажетті құрал-жабдықтарды әкімдік қызметкерлері үйге жеткізіп берді. Қарашілік, Сағабүйен, Сағакүрес ауылдарының нәзік жандылары ересектерге, балаларға арналған медициналық бетперде тіктік. Алғашқы өнімді көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға тегін тараттық. Қазір барлық ауыл толықтай медициналық бетпердемен қамтамасыз етілді. Мұндай іске кез келген әйел адам білек сыбана кіріседі деп ойлаймын. Кезінде апаларымыз, аналарымыз ер-азаматтардың жұмысын да істеді емес пе? Қиналып жүріп жеңіске қол жеткізді. Бұл да бізге берілген уақытша сынақ. Ел болып бірігіп, індетке қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана біз індеттің бетін қайтарамыз. Адамзаттың амандығын тілеуден басқа тілек жоқ бізде, – дейді Сағакүрес ауылының тұрғыны Нүрзия Төлеубаева.
Медициналық бетперде мақта-матадан тігіліп жатыр. Оны жуып, үтіктеп, қайта қолдануға болады. Қайырымды жандардың бұл ізгі істері алдағы уақытта да жалғасын табады.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Ақсу ауданы





