Биыл Жаркент өңіріндегі егістік алқаптарының жалпы көлемі 43659 гектарды қамтымақ. Сондай-ақ, 25130 гектардан аса алқапқа «дала аруы» өсіріледі.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, өңірде 6 элиталық жүгері және бір қызылша тұқымын өсіретін шаруашылық бар. Биыл осы шаруашылықтар арқылы 1280 тонна жүгері, 3 тонна қант қызылшасының тұқымы сатылуға дайындалды. Жүгерінің ерте және орта мерзімде пісіп, жетілетін сұрыптарын жергілікті тұқым өсірумен шұғылданатын жеке шаруа қожалықтары қамтамасыз етуде. Ал кеш пісетін сұрыптарының тұқымдары Еңбекшіқазақ ауданындағы «Балтабай» шаруашылығынан және Ресейден сатып алынады.
– Ақтау қаласындағы «ҚазАзот», Тараз қаласындағы «ҚазФосфат» кәсіпорындарымен келісімшарт жасалып, қазір «Алтынкөл» халықаралық теміржол бекетіне келген 3 вагонға тиелген 30 тонна минералды тыңайтқыш шаруаларға таратыла бастады. Одан басқа, 30 мың тоннадан аса органикалық тыңайтқыш егістік алқаптарына тасымалданды, – дейді аудандық ауыл шарауашылығы бөлімінің басшысы Тоқтарғали Шабеков.
Биыл аудан шаруаларына Үкімет 1 млрд. 079 млн. теңге 2,5 пайыздық несиемен қаржылай көмек көрсетіп отыр. Осыған байланысты қазір өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісінде 64 жоба әзірленді, оның 47-сі бойынша 510 млн. теңге шағын кәсіпкерлікке, 7 жоба бойынша 257 млн. теңге қайта өңдеуге, 9 жоба бойынша 311 млн. теңге ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін кооперативтерге бөлінді.
Соңғы жылдары тиімді су үнемдеу технологиясын 16 шаруашылық қолданады. Тамшылатып, жаңбырлатып суарылатын алқаптардың жалпы көлемі 3169 гектар. Бұл облыстағы жаңа технологияға ауысқан жалпы шаруашылықтар көрсеткішінің жартысына жуығы. «КөкталАгро» ЖШС 980 млн. теңгеге 1038 гектар егістікке тамшылатып суару жүйелерін енгізді.
Көктемгі егін егу науқанына ауданда 500-ден аса доңғалақты, 85 шынжыр табанды трактор, 245 соқа, 36 тұқым сепкіш және 511 жер тырмалағыш дайындалды. Биыл 5 «Беларус» тракторы сатып алынды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





