Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы елімізде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Құжаттың негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, білім деңгейін көтеру және зияткер ұрпақ қалыптастыру.
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын рухани қажеттілік. Кітап арқылы оқырман жаңа білім алып қана қоймай, түрлі көзқарастармен танысады, сыни ойлау қабілетін дамытады, ойын жүйелі әрі сауатты жеткізуге үйренеді. Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыру – сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі.
Қазақ халқы қашанда білім мен ғылымды жоғары бағалаған.
Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин сынды ұлы ағартушылар жастарды оқуға, ізденуге, білім мен еңбекке ұмтылуға үндеді. Олардың тағылымы бүгінгі қоғам үшін де өзекті.Кітапты өмірлік серік еткен, білімге құштар жас – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын негізгі күш.
Қазіргі цифрлық дәуірде жастардың уақытының едәуір бөлігі әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында өтетіні жасырын емес. Бұл кітап оқуға бөлінетін уақыттың азаюына әсер етуі мүмкін. Дегенмен технологияны оқу мәдениетін дамытуға тиімді пайдалануға болады. Электронды кітаптар, аудиокітаптар мен онлайн кітапханалар қажетті әдебиетті кез келген уақытта қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Оқу мәдениетін қалыптастыруда отбасы, мектеп және кітапхана жұмысының маңызы зор. Баланың кітапқа қызығушылығы ең алдымен отбасында оянады. Ата-ананың кітап оқуы, баламен бірге шығарма талқылауы оның тұрақты оқу дағдысын қалыптастырады. Ал мектепте әдеби кештер, оқу байқаулары мен пікірталастар ұйымдастыру арқылы оқушылардың кітапқа деген ынтасын арттыруға болады.
Бұл ретте кітапханалардың да қызметін заман талабына сай жаңғырту маңызды. Электронды қорларды толықтыру, заманауи оқу кеңістіктерін қалыптастыру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды көбейту кітапхананы жастар үшін тартымды білім орталығына айналдыра түседі.
Кітап оқу – жеке адамның дамуына ғана емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне ықпал ететін құндылық. Оқуға құштар, білімді әрі ой-өрісі кең азаматтар көбейген сайын елдің рухани және зияткерлік деңгейі де биіктей береді. Сондықтан кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру – бүгінгі ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Ал зерделі ұлттың болашағы әрдайым кемел.
Б. АҚЫПБЕКОВА,
облыстық С. Сейфуллин атындағы
орталық кітапхананың әдіскері





