Ол – қоғамдағы түрлі кедергіні еңсеріп, өзіндік орнын таба білген, шексіз мүмкіндігін дәлелдеп, шабыт пен мотивацияның үлгісіне айналған жан. Өмірге деген құштарлық пен мақсатқа ұмтылудың және батылдықтың шынайы үлгісін көрсете білген Роза АҚЖАРКЕНОВА бүгінде мүгедектігі бар адамдардың мәселесі бойынша Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі міндетін атқарып келеді. Біз ол кісімен жолығып, қазіргі атқарып отырған міндеті мен ерекше қажеттілігі бар жандардың мәселесі туралы сұхбаттасқан едік.
– Жетісу облысы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі болғаныңызға қанша жыл болды? Жалпы бұл жұмыстың артықшылығы неде?
– Кеңесшілікті атқарғаныма біраз жыл болды. Алғашқыда Алматы облысы әкімінің мүгедектер жөніндегі кеңесшісі болып, облыс екіге бөлінгенде Жетісу өңірінде қалдым. Мұндағы басты жұмыс – ақпарат жинау және негізгі бағыттар бойынша ұсыныстарды тыңдау. Конвенцияны іске асыру, қолжетімділікті бақылау. Қолжетімділікті бақылау – ең күрделі, ең маңызды жұмыс. Жыл сайынғы бюджетті жоспарлауға қоғамдық кеңеске қатысамын. Меніңше, әкімнің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі мүгедек болу керек. Өйткені ерекше қажеттілігі бар адам ғана мәселені нақты көріп, жан-жақты талқылай алады. Өзім секілді жандардың мәселесі өте көп, бірі шешілсе, бірі шешусіз қалып жатады. Әкімдікке арқа сүйеп келетіндердің қарасы көп. Сондықтан олардың әрқайсысының мәселесіне барынша көңіл бөліп, сәйкес келмейтін тұстары болса оны да ескеріп, шешу жолын қарастырамыз. Жалпы менің телефоным 24 сағат қосулы, қандай мәселе болмасын шешуге тырысамын. Ал енді кеңесші болу деген ойымда жоқ дүние еді. Маған дауыс берген «Қазақстан мүгедектер одағы» болатын. Мен одақ ұйымдастыратын жиналыс пен семинарға үзбей қатысып жүрдім. Соның арқасында көп дүниені үйреніп, бойға сіңірдім. Одақтағылар облысқа айтып, министрлікке ұсыныс жасады. Олар ешқандай қарсылық білдірмеді. Рас, кеңесші ретінде жұмысқа кіріскенмен істі неден бастау керегін білмедім. Сол кезде мүгедектердің құқын қорғап жүретін Қайрат Иманалиев деген азамат бізді шақырып, жұмыстың ережесін жасадық, яғни қандай жұмысты атқару керек, қандай адамдар кіруі тиіс. Осыған орай әркім өз ұсынысын айтты. Дайындаған ережені министрлікке жіберіп, осылай кеңесшілік жұмысты бастадық.
Кеңесші заңды білуі тиіс, ал заңды ерекше қажеттілігі бар жандар түгілі он екі мүшесі сау адамдар біле бермейді. Кеңесші болуда құқықтық және әлеуметтік, қаржылық сауаттылық, шешім қабылдаудан бөлек адамдармен ашық сөйлесіп, айтар ойын жеткізе білгені жөн.
– Аудан, қала әкімдіктерінде де кеңесші бар ма? Бір сөзіңізде кеңесшілерді дайындайтын арнайы мектеп болса депсіз?
– Әрине, бар. Әр аудан әкімдігі жиналыс ашып, кеңесшілік жұмысты атқарып кетеді-ау деген адамды өздері сайлап, дауыс берді. Осы тұста бір айдай жұмыс жасалып, кеңесшілік жұмыстың критерийлері мен ережесін бердік. Қазір Жетісу облысына қарасты 8 ауданда кеңесші бар. Талдықорған қаласы бойынша да кеңесші керек екенін шаһар басшысына айтқанмын. Сөзімді жерге тастаған жоқ. Бір жыл болды, қала әкімдігінде ерекше қажеттілігі бар жандардың мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшілік міндетті Вадим Друзин атқарып келеді. Ол да басқалар сияқты дауыс беру арқылы сайланды. Қазір ерекше қажеттілігі бар жандар үшін дүкенге, шаштаразға кіруге жағдай жасалмаған (кіріс, шығыс жоқ). Мәселен, банктен ақша алып, дүкеннен нан алуға кіре алмайсың, шаштаразға да кіру мұң. Аудан, қаладағы кеңесшілер осы мәселені қаузап жатыр. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар адамдар арасында көзі көрмейтін, құлағы естімейтіндер де табылады. Олар үшін «тактильді жолақ», яғни көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін адамдарға арналған бағыт-бағдар беруге арналған жолақтар қойылуы тиіс.
* Мүгедек адам 10 жыл бұрын үй кезегіне тұрады, құжаттарды өткізіп қояды. Енді әупірімдеп 10 жылды күтеді, содан кейін кезегі 45-ші орынға жылжыды деп қуанса, жаңа тәртіп еніп, бір күнде 406 кезекке сырғып кетеді. Бұл нағыз қиянат қой.
Кеңесшілер дайындайтын мектеп болса деп айтқаным рас. Былтыр «Кеңесшілер мектебі» деген болды. Біз бұл мектепке бір жылдай бардық. Мұнда арнайы тапсырмалар беретін еді. Өкінішке қарай, биыл қолдаушылардың жоқтығынан мектеп жұмысы тоқтап тұр… «Үйлестіру кеңесі» деген бар. Мен осы кеңестің мүшесімін, арнайы уатсап чат бар. Жеті сайын осы чатқа жаңалықтар түсіп отырады.
– Облыста мүгедектігі бар адамдардың саны қанша?
– Жетісу облысы бойынша 2 500-дей мүгедектігі бар адам тіркелген. Өкінішке қарай, бұл тізім күннен-күнге артып келеді. Ел арасында құжаты жоқ мүгедектер бар. Олардың құжатын жасау, мүгедек дегенді алу үшін де құжат жинау өте көп уақыт алады. Мүгедектер санының көбеюіне жол апаты мен өндірістегі төтенше жағдайлар себеп болады. Үкімет құр қарап отыр деуге болмайды, көп жағдай жасалып жатыр. Жұмысқа барам десе апарып, әкелетін инватакси де берді. Тіпті, жеке көмекшіге дейін бөліп отыр, оған да мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалады. Осы орайда бір нәрсені айтқым келеді. Менің жеке көмекшім бар. Егер мен ауруханаға жатсам, оны қасыма алуым керек. Неге десеңіз, оның сүйемелдеуі болмаса ештеңе жасай алмаймын. Мәселен, ауруханада мен секілді 10 адам жатыр дейік, ал санитарка өзінің жұмысын жасай ма, әлде бізге жүгіре ме?! Бірінші топтағы мүгедектің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде деп айтса болады. Осы орайда ауруханада жатқан кездері үшін жеке көмекшіге ақша төлемейтіні қызық. Сонда ол 10 күнде басқа қайда барып жұмыс істейді? Осындай кереғар дүниелер көп.
– Әлеуметтік порталға қатысты мәселемен жиі ұшырасатындарыңыз рас па?
– Көңіліме сыймайтын дүние – әлеуметтік портал. Бұрын бізде әлеуметтік қорғау департаменті барлық құжатты жинап, адам санын біліп, кімге не керек екенін жинастыратын. Ал қазір ерекше мүмкіндіктері бар жандар өзіне керегін портал арқылы алады. Мәселен, бірнеше қоларбаның суретін қойып, соның ішінен таңдап алуға болады дейді. Қоларбаны суретіне қарап қалай таңдауға болады? Соны түсінбеймін. Біреудің аяғы ұзын немесе қысқа. Портал арқылы тапсырыс беріп, бірнеше күннен кейін келген арба адамға сай келмеуі мүмкін. Ерекше қажетттілігі бар адам арбаға отырып, ыңғайлы ма, ыңғайлы емес пе, көріп алуы керек. Он екі мүшесі сау адам өзіне қажет затты дүкенге барып қалай таңдап алса, олар да керек затты ұстап көріп, шақтап алса деп ойлаймын.
* Жетісу облысы бойынша 2 500-дей мүгедектігі бар адам тіркелген. Өкінішке қарай, бұл тізім күннен-күнге артып келеді.
– Мүгедектігі бар жандардың мұңы туралы не айтасыз?
– Біріншіден, мүгедектердің жұмысқа орналасуы мұң. Екіншіден, баспана мәселесі. Ал жұмыс пен баспана болса, басқаның ретін табуға болады ғой.
– Айтыңызшы, ерекше қажеттілігі бар жандарды баспанамен қамту мәселесі қаншалықты жолға қойылған?
– Бұрын кезек әр санат бойынша әртүрлі болатын. Мысалы Ұлы Отан соғысының ардагері бөлек, ерекше қажеттілігі бар жандар бөлек еді. Кейін бірыңғай тізім жасап, әлеуметтік осал топ деп барлығын біріктіре салған. Көпбалалы аналар мәселе көтерген соң оларды бөлек қойды. Мүгедектер жалпы тізімге қосылды. Мәселен, бір мүгедек адам 10 жыл бұрын үй кезегіне тұрып, құжаттарды өткізіп қояды. Енді әупірімдеп 10 жылды күтеді, содан кейін кезегі 45-ші орынға жылжыды деп қуанса, жаңа тәртіп еніп, бір күнде 406 кезекке сырғып кетеді. Бұл нағыз қиянат қой. Мүгедек адамдардың кезегін жалпы тізімге қосу дұрыс емес. Арбаға таңылған адам жүре алмайды, оның үйіне арнайы дәретхана, ванна керек. Олардың есігі кемінде 80 см. болуы тиіс. Ол өздігінен жүре алмаған соң отбасында қиындық туады. Олардың көбі пәтер жалдап тұрады. Жалдамалы болған соң пәтердің есігінің көлемін өзгерте алмайды. Пәтердің есігіне 40-50 см. коляска сыймайды, не ваннаға кіре алмайды. Екіншіден, пәтер жалдаудың құны 70-100 мың тұрады. Оған зейнетақысы жетпейды. Сол себепті ерекше қажеттілігі бар жандардың баспана кезегін жалпы тізімге қосу қате. Сосын бізде 3 топтағы мүгедек жандарға пәтер берілмейді. Олар тіпті кезекке де тұра алмайды. Бұл шешімді мен еш түсінбедім. Мүгедек деген анықтама кім көрінгенге берілмейді ғой?! Бұл мәселені айтып келе жатқаныма біраз жыл болды. Қол-аяғы сау, көзі көретін, бірақ құлағы естімейтін адам 3-топтағы мүгедек болып есептеледі. Оларды жұмысқа алмайды, себебі естімейді, қарым-қатынас жоқ. Алып отырған жәрдемақысы 80 000 теңге. Ойлаңызшы оған қалай күн көреді?!
– Бір сөзіңізде балаларға да, үлкендерге де ортақ оңалту орталығы болса екен деп армандаймын депсіз?
– Өзімнің ауырғаныма 40 жылдай болып қалды. Сол кезде осындай реабилитация орталығынан ем алу үшін бүкіл дүние жүзін аралап шыққанмын. Бұрын Қарағанды қаласында болатын. Арбада отырғандар бір есіктен кіріп, екінші есіктен таяққа сүйеніп шығатын. Жарақат алған адамдар үшін оңалту шаралары үнемі жүргізілмесе, бүгін емделіп, ертең қалып қалса ол жүре алатынын ұмытып қалады. Оларға массаж, лфк, жүзу, неше түрлі ем жасалса нәтиже болады. Ауруханада дәрігерлер қолынан келгенше сынық сүйектерді жинап, салып береді ғой. Үйге барғанда ол адам жатып қалады. Ал оңалту орталығы болса бірталай адам жазылып кетер еді. Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Ғаббасұлы орталық салып беремін деп уәде беріп еді. Ол зейнетке кетті, одан облыс екіге бөлінді.
Биыл бұл сұрақты тағы көтерген едік. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев ұсынысымызға қолдау білдіріп, келісімін беріп отыр. Қазіргі таңда үлкендерге арналған оңалту орталығының орны мен тасы қойылды. Салынатын нысанның сызбасын да көрдім. Қанша қаражат жұмсалатыны да белгілі болды. Бұйырса, екі жылда болып қалар деген үміттеміз. Ал дәл қазіргі таңда үлкен, кіші де Елдос Баялышбаевтың оңалту орталығына барады.
* Кеңесші заңды білуі тиіс, ал заңды ерекше қажеттілігі бар жандар түгілі он екі мүшесі сау адамдар біле бермейді.
– Мүгедектігі бар адамдар сізбен байланысқа жиі шыға ма?
– Әлбетте, айтқанымдай, ұялы телефоным 24 сағат қосулы. Мені Жетісу облысында танымайтын адам жоқ. Бізде мүгедек жандар бір-бірімен араласады, танитындар танымайтындарға номерімді береді. Содан жөн сұрасып, мәселені шешуге талпынамыз. Мәселе тез шешілетін жағдайлар бар, шешілмейтін де жағдай кездеседі. Дегенмен, күннен күнге жақсарып келеді деуге негіз бар. 30 жыл бұрынғы ерекше қажеттілігі бар жандарға жасалған жағдаймен салыстырсақ көп нәрсе бар. Бәрі адамға, оның өз құқығын дұрыс талап етуіне байланысты. Жыл өткен сайын облыс әкімдігі тарапынан мүгедек жандарға бөлінетін грант саны да артып келеді. Ал біздің уақытта ондай нәрсе болған жоқ қой. Сонымен қатар олардың білім алуына да жағдай жасалуда. Ертеңгі күні олар жұмыспен қамту орталықтарында, ауруханаларда қолайлы шартпен жұмыс тауып, отбасын асырап жүрсе керемет қой.
– Бір сөзіңізде мүмкіндігі шектеулі жандар дегенге қатысты «бұл дұрыс қолданылмаған тіркес» деп қалдыңыз?
– Өз басым мүмкіндігі шектеулі деген тіркеске мүлдем келіспеймін. Шектеулі деп шектеуді Сіздер бізге қойып отырсыздар ғой. Айтыңызшы, екеуміздің арамызда қандай шектеу бар?! Шектеу болмаса, онда неге мүмкіндігі шектеулі деп айтасыз. Әрине, мен қазақ тілінің маманы емеспін. Алайда, әр сөздің мән-мағынасына көңіл аударуымыз керек деп санаймын. Орыста «человек с ограниченными возможностями» дегенді министрлікте: «Я человек с безграничными возможностями», яғни «Мүмкіндігі шексіз адаммын» деп айтқан едім. Мен дәл сіз секілді үйімді жинап, тамағымды жасай аламын, жұмыс та істеймін. Ендеше шектеуді кім жасап отыр? Шектеуді қойып отырған мына Сіз секілді жандар ғой. Осы сөзді естісем тұла бойым түршігіп кетеді. Ендеше, ешкімді ренжітпей, намысқа тимейтіндей қазақша аудармасын дұрыс жазсаңыздар екен деймін.
Сарби ӘЙТЕНОВА