Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жетісу облысы өнеркәсіптік шығарындылар көлемі ең төмен аймақ атанды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде облыста атмосфераға 14,6 мың тонна зиянды зат шығарылған. Бұл көрсеткіш облыстың экологиялық жағдайының қолайлы екенін және өнеркәсіптік жүктеменің төмен екенін аңғартады.
Салыстырмалы түрде алғанда, Солтүстік Қазақстан облысында атмосфераға шығарылған зиянды заттардың көлемі 61,8 мың тоннаны, Ақмола облысында 69,9 мың тоннаны құраған. Ал республикалық маңызы бар қалалар ішінде Шымкентте 28,8 мың тонна, Алматыда 49,6 мың тонна өнеркәсіптік шығарындылар тіркелген. Жалпы республика бойынша кәсіп-орындар атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың 93,8 пайызын ұстап қалып, залалсыздандырып отыр. Бұл қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесін көрсетеді.
Облыста өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін төмендету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Былтыр І санаттағы кәсіпорындар үшін белгіленген ластаушы заттар шығарындыларының лимиті 43,4 мың тоннаны құраған. Бұл 2024 жылғы 44,8 мың тоннамен салыстырғанда 3,1 пайызға төмен.
Облыстық экология департаментінің ақпаратында аймақта атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың құрылымында коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындарының үлесі 45 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібі 20 пайыз, құрылыс нысандары 20 пайызды құраса, ал қалған 15 пайызы басқа кәсіпорындарға тиесілі.
Кәсіпорындарда қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мақсатында табиғатты қорғау іс-шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қазандықтар мен жылу электр стансыларын газ отынына көшіру, жаңа тазарту қондырғыларын орнату және қолданыстағы сүзгілеу жүйелерін жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Соның нәтижесінде атмосфераға шығарылатын бейорганикалық шаңның, күйенің, көмірсутектердің және ауыр металдардың көлемі азайып келеді.
Былтыр табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға жергілікті бюджеттен 232,5 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемдер есебінен жергілікті бюджетке тиісінше түсім түскен. Әлі де облыстық экология департаменті аймақтағы өндіріс орындарының экологиялық талаптарды сақтауына тұрақты бақылау жүргізіп келеді.
– Өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін кезең-кезеңімен төмендету бағытында кәсіпорындар заманауи тазарту қондырғыларын енгізіп, технологиялық процестерді жетілдіруде. Шығарындылар лимитінің азаюы мен табиғатты қорғау іс-шараларының жүйелі іске асырылуы облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға оң ықпал етуде. Алдағы уақытта да кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және табиғатқа түсетін жүктемені төмендетуге басымдық беріледі, – дейді облыстық экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы Жұлдыз Жұмаділова.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – аймақтың тұрақты дамуының маңызды бағыты. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстардың жүйелі жалғасуы облыстың еліміздегі экологиялық ахуалы қолайлы өңірлердің бірі ретіндегі орнын нығайта түсуде.
Қажет АНДАС





