Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдінов «Жетісу Медиа» баспасөз клубында аймақ журналистерімен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.
Аудан әкімінің айтуынша, тірлігі туризммен бірге өрілетін аудан былтыр түрлі салада оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономикасы мен кәсіпкерлік саласы өркендеп, тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Мәдениет, білім, медицина, спорт, тағы да басқа салалар бойынша ауыз толтырып айтатын жаңалығы мол. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан бюджеті 14 млрд. 335 млн. теңгеге жетіп, меншікті салық 4 млрд. 587 млн. теңгеге толыққан. Әсіресе, аграрлық саладағы табысы мол. Ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 63 млрд. 116 млн. теңгеге жеткен. Сондай-ақ, 82 257 гектар жерге дәнді-майлы дақыл, қант қызылшасы, картоп, бақша, көкөніс, азықтық дақылдар егіп, мол өнімге кенелген. Төрт түліктің де саны артып, өрісі мен жайлауы, қыстауы мен көктеуі малға толған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда өзекті болып тұрған мәселе – пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға қосу. Бұл бағытта былтыр 43,5 мың гектары жайылымдық, 210 гектар суарылмайтын егістік жер қайтарылып, ұйымдастырылған екі конкурс арқылы 2302 гектар жер алакөлдіктердің еншісіне тиді. Бұл аудан тұрғындарының нәсібін молайтып, кәсібіне қан жүгіртті. Ауқымды жұмыс биыл да жалғасын тауып, жыл басында Көлбай ауылының 130 гектар жеріне конкурс өткізілді, – деп жауап берді аудан әкімі.
Осындай игілікті іс тұрғындардың болашаққа деген сенімін үкілеп, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салатындардың қатары артқан. Сол қатарда инвестиция есебінен «Тау самал» ЖШС сүтті бағыттағы ірі қара санын көбейтсе, «Арқарлы Майбүйрек» ЖШС жаңбырлатып суару және «Bolat group» ЖШС қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясын енгізген. Ал «Дәурен» шаруа қожалығы астық кептіргіш құрал-жабдықтар сатып алған. Сондай-ақ, «Алакөл» несие серіктестігі «Кең дала», «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтарының көктемгі-күзгі дала жұмыстарын қаржыландырса, «Агро бизнес» бағдарламасы мал санын көбейтуге ықпал еткен. Шаруалар машина-трактор паркін жаңартуды қолға алыпты.
Экономиканың деңгейі өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемімен өлшенеді. Өнім көлемін арттыру инвестицияға тікелей қатысты. Осы тұрғыдан келгенде, ауданның өнеркәсіп саласына 143 млрд. 741 млн. теңгенің инвестициясы құйылыпты. Сол қатарда 118 млрд. теңге инвестиция құйылған «Достық – Мойынты» теміржол желісінің құрылысын айтуға болады. Ал 25,1 млрд. теңге инвестиция құйылған Талдықорған – Үшарал республикалық автожол құрылысы аяқталған.
Кездесуде журналистер құрылыс саласының жағдайы мен шағын және орта бизнесті өркендетуге қатысты атқарылған жұмыстар төңірегінде сұрап, білді.
– Былтыр ауданда 28,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 4 елді мекеннен көпқабатты үйлерден 60 және 70 пәтер сатып алынып, 130 отбасы баспаналы болды. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге 301,7 млн. теңге бөлінді. Ауданда 3 ауысымды және апатты жағдайда тұрған мектеп жоқ. Жалпы 45 мектептің 38-і күрделі жөндеуден өткізілген. Оның үстіне «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Достық ауылында салынып жатқан 600 орынды орта мектептің құрылысы биыл бітеді. Медицина саласында 260 төсек-орны бар денсаулық нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Дәрігер мамандарының тұрақтылығын сақтау мақсатында 10 дәрігерге 10 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліп, 10 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 11 елді мекендегі медициналық пункттердің құрылысы жүргізілуде. Үш ауылға блокты-модульді медициналық пункті салынса, биыл Төңкеріс ауылына 50 млн. теңгеге БМК орнату жоспарлануда. Медициналық мекемелерге облыстық бюджет есебінен 3 санитарлық көлік және 298,2 млн. теңгеге 6 бірлік медициналық техника сатып алынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 150 орынды Ақжар ауылдық Мәдениет үйі қолданысқа берілсе, биыл Екпінді, Көлбай, Қызылащы, Қазақстан ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысына қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу жүргізіледі. Былтыр 180 орынды Достық ауылдық спорт кешені іске қосылды. Ал Лепсі спорт кешені және 240 орынды жатақханасының құрылысы алдағы уақытта бітіп, көпсалалы спорт кешенін биыл қолданысқа беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Қабанбай ауылына 80 орынды спорт кешенінің құрылыс жұмыстары басталмақ, – деді аудан әкімі.
Алакөл ауданын туризмнен бөле қарауға келмейді. Былтыр мұнда 1 млн. 725 мың адам қонаққа келді. Жыл сайын бұл сан өсіп келеді. Алдын ала болжам бойынша биыл туристер саны 2 млн. адамға жетіп қалуы мүмкін. Журналистер тарапынан биылғы туристерді қабылдауға қандай дайындық жүріп жатқаны туралы, көл жағалауындағы инфрақұрылым, тазалық, сапалы қызмет көрсетуге байланысты сұрақ қойылды.
– Алакөлде 318 демалыс орны туристерді қабылдайды. Былтыр олар 10 млрд. 75 млн. теңгенің қызметін көрсетті. Демалушыларға сапалы қызмет көрсету, жақсы жағдай жасу бағытында аудан әкімдігі тарапынан үлкен қолдаулар танытуда. Туристік нысандар толық электр жарығымен қамтамыз етілген. Көл жағалауын бекіту жұмысы жалғасуда. Қоршаған ортаны қорғау мен демалыс аймағындағы тазалықты сақтау үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Дегенмен, демалу мәдениеті толық қалыптаспай істелген жұмыстың да нәтижесі қалыптаспайды. Көл бойындағы белгіленген және келушілер өз бетімен суға шомылатын жерлердің бәріне қоқыс жәшіктері қойылған. Өкінішке қарай, қасында тұрған қоқыс жәшігіне қолындағы қоқысын тастаудан ерініп, бей-берекет шашып кететін, белгіленбеген аймаққа барып суға шомылатын, катерлерді қатерлі қолданатын жағдайлар бар. Осындай өрескелдіктерді болдырмау мақсатында түсіндіру жұмысы жиі жүргізіледі. Сондықтан демалушылар да, олардың көңілді демалысына қызмет көрсететіндер де өз жауапкершілігін сезініп, шомылу мәдениетін сақтаса дер едім, – дейді аудан әкімі.
Қажет АНДАС





