«Желдің өтінде» деп әсірелемесек те, елдің шетіндегі аудан екені рас. Өздерін «аспан асты еліміз» деп асқақ ұстайтын алып жұртпен іргелес жатыр. Екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс пен сауда-саттықтың қарқынына қарасақ, жазиралы Жаркент өңірі Жетісудағы экономиканың күретамырына айналған. Жақында арнайы жұмыс сапарымен «Jetisý» газетінің дәстүрлі баспасөз науқанына орай Панфилов ауданына барып қайттық.
Бірер ауылға ат басын бұрдық. «Дала аруы» атанған жүгері өсірушілермен кездестік. Ауыл әкімдерінің әңгімесіне құлақ түрдік. Алтын ұя саналатын мектепке барып, жеткіншектермен сұхбаттастық. Жоспарлы сапарымыздың соңында аудан әкімі Марат Рахымбердіұлымен кездесіп, шегаралы аймақтағы елдің әл-ауқатын, ұлтаралық қатынастың жағдайын, экономикалық көрсеткіштің жайын, былтыр біраз дүрбелеңге салған жүгері жинау науқанының биылғы беталысы қалай екенін сұрап, аз-кем әңгімелестік. Басшылардың баяндамасындағыдай бүге-шігесіне дейін тоқталмасақ та, жалпы ауданның тыныс-тіршілігінен біраз ақпарат беруді жөн көрдік. Қазіргі қысқарған уақытпен есептегенде күнді ұясына қондыра кабинетіне кірген Марат Рахымбердіұлы әңгіменің әлқиссасын шегарадағы қарым-қатынастың жай-күйінен бастады.
– Қорғас қақпасының аудан үшін ғана емес, облысымыздың тіпті, еліміздің өркендеуіне үлес қосып, экономиканың күретамырына айналып отырғаны рас. Құмырсқаның илеуіндей қызу тірлік қайнап жатыр десем, артық айтқандығым емес. Бір кездегідей ала дорбаны арқалап, бірін сілкіп, бірін жұлқып, ебін тапқаны тесіктен есік жасап өтетін уақыт келмеске кеткен. Қазір бәрі белгілі тәртіппен, арнайы жүйемен іске асады. Бұрындары арғы бетке өту үшін кассадан билет алып жататын еді. Бұл күндері QR жүктемесі арқылы алдын-ала билет алып қояды да, келгенде кезекке тұрып, айғай-шусыз өте береді. Соның өзінде адамның көптігі байқалады. Арадағы қарым-қатынасты осылай жеңілдетіп жатқанымызбен адам саны да күн санап артып келеді. Мысалы бұрындары 3-4 мың адам өтсе, қазір олардың саны 8-9 мыңға жетті. Сонымен бірге кезінде «Нұрлы жол» кедені арқылы күніне 120-150 көлік өтетін болса, қазір күніне 1500-2000-ға жуық көлік өтеді. Яғни, он есеге дейін ұлғайды. Тағы бір айта кететін нәрсе, қытай автокөлігінің әлем нарығын жаулап алғаны. Күніне Қазақстан аумағына он мыңдай көлік өтеді. Ал біздің жақтағы автотұрақтарда отыз мыңдай техника тұр. Жеңілі бар, ауыр жүк көлігі бар, шағын автобустары бар, ауылшаруашылығына қажетті техникалары бар. Осы жерден транзит арқылы басқа мемлекеттерге жөнелтіледі. Осынша көліктің біреуі сатылымда жоқ. Өйткені бәрінің иесі бар, ақшасы төленіп, алынып қойған. Бір жағынан мұндай қызу тірліктің жүріп жатқаны көңіл қуантады.
Шынымен де бұл өңірдің облысымыздың тынысын ашып, дем беріп отырғаны рас. Адамға керекті барлық тауар түрімен әлемді жаулап бара жатқан елмен іргелес отырып, сауда-саттығымызды нығайту ел дамуына орасан үлес қосатыны анық. Аудан әкімі сөз арасында бұл жерде тәртіптің де дұрыс жолға қойылғанын айтты. Көптің тілін табу да оңай емес. Қанша адам келсе, соншалық мінез бар. Ал сауда жүрген жерде дау да болатыны белгілі. Сондай сәтте болмашы нәрсені дауға айналдырып, шуға ұластырмас үшін әрбір кеден қызметкерінің кеудесіне арнайы видео жазатын құрылғы орнатылған. Қандай да бір жағдай орын алса, құрылғыға кеден қызметкерінің де, келушілердің де барлық әрекеті жазылып қалады. Сәйкесінше, заң алдында кімнің жауапқа тартылатынына нақты дәлел бола алады. Кінәлі тарап заң аясында жазаға тартылады. Кімнің бір сәттік ашу үшін айып арқалағысы келеді дейсіз? Күшпен емес, осындай іспен тәртіп орнатылған соң қайсысы болсын, іштен тынып, өз шаруасына қарай бет алары сөзсіз. Негізі қандай жағдайда да заңға сүйенсек, бәрі реттелетіні анық. Бірақ кейде заңымыз солқылдақ танытып, қарапайым жұрттың ашуына тиіп алатыны жасырын емес.
Сонымен бірге сауда қалашығына өткен әр адам бері қайтарда өзімен бірге 25 келі затты айына бір рет тегін алып шығуға құқылы. Егер үш балаңызбен келсеңіз 100 келі тауарды тегін өткізе аласыз. Одан асса артығы тәркіленеді. Тіпті, шектен шықса, жауапқа тартылады. Әкімнің әңгімесін тыңдап отырып, батыр Бауыржан бабамыздың: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі есіме орала кетті.
Жалпы екі ел арасындағы байланыстың жанданып келе жатқаны көңіл қуантты. Оның жемісін әуелі аудан жұрты көріп отыр. Белгілі бір деңгейде табыс табуға болады. Содан шығар, алып қалаға үдере көшкен ел байқалмайды. Керісінше ауылға оралып, кәсібін бастап, тіршілігін оңтайландырып жатқандар көбейіп келеді. Ұзағынан сүйіндіргей! Өңір басшысының қабылдауына адамдар әртүрлі талап-тілекпен, өтініш-ұсыныспен келіп жатады. Осы орайда Марат Рахымбердіұлынан тұрғындардың қандай сауалмен көп мазалайтынын сұрадық.
– Тұрғын үй мәселесі бойынша көп келеді. Бірер жылдың алдында жаңадан салынған үйді алатын адам таппаған кездеріміз болды. Тұрғындар бір-екі айдан кейін көшіп кетіп, біраз үй бос қалған. Ал қазір керісінше, үй іздеген тұрғын көп. Былтыр 200-ден аса үй берілген. Биылдың өзінде 750 үй берілуде. Қабылдауға он адам келетін болса, соның бесеуі үй мәселесін көтереді. Олардың ішінде бейғам жандар да аз емес. Не үйдің кезегіне тұрмаған, не тұрғылықты жеріне тіркелмеген. Бірақ тез арада үйлі болғысы келеді. Қазір бәрі заң аясында шешіледі. Әлеуметтік қандай топқа жатсаңыз да ең алдымен кезекте тұрған-тұрмағаныңыз сараланады. Жиырма мыңдай адам жердің кезегінде тұр. «Маған үй емес, жер берсең болды, өзім салып аламын» дейді. Бәріне бірдей жер бөліп беру де оңай емес. Дегенмен қандай сауалмен келсе де заң аясында, уақытылы шешімін табуға жұмыс істеп жатырмыз. Бір кездері «болашағы жоқ ауылдар» тізіміне кіріп кеткен елді мекендердің жағдайы жақсарып, қаладағы жастар қарашаңырағына қайта оралып, тіршілік жанданып келеді. Бұған да шүкір дейміз!
Шынымен де «шүкір» деп көңіл жұбататын-ақ жағдай. «Өзегі талса, ел біткен, өзен бойын жағалар» демекші, ертеңін ойлаған жұрт ауылдан үдере көшпей, керісінше шегаралы аймақты жағалай қоныстанып, тіршілік доңғалағын алға жылжытуда. Ал шегара болған соң, кім келіп, кім кетпейді?! Ел іргесінің бүтіндігі мен ішінің тыныштығы маңызды. Мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге бірнеше ұлысқа құтты қоныс болған жазиралы өңір халқы даланың дара ділмары, данышпан Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқанындай бір біріне бауырмал көңілмен қарым-қатынас жасаса, берекесі тасып, мерейлері өсе берері сөзсіз! Ел іші болған соң бірер тентектің болатыны да рас. Сол тентегін тезге салып, ауыл-елдің ұйытқысы болатын ақсақалдарымыз аман болғай! Ұлтаралық қақтығыспен қабырғамызды ыдыратпай, татулықтың туын берік ұстап, ырыс қонған ынтымақты елге айналуына тілегімізді білдіріп, Талды қаламызға жолға шықтық.
Жұматай ӘМІРЕ