Талдықорған төріндегі Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның сахнасында жыр мен сыр, ән мен әуен қатар қалықтаған тағылымды кеш өтті. Бұл – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртқа табан тірегеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Алтай – Алатау арасы» атты шығармашылық кеш.
Алтайдың асау аязына төтеп беріп, сағынышты арқалап атажұртқа жеткен Ақсұңқар ақын сол бір сағым жылдардың елесіне айналған естеліктерін жырға айналдырып, халқына тарту етті.
Жиынды «Құрмет» орденінің иегері, «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев ашып, сахна төріне Жетісу жұртының қадірлі қариялары мен сөз зергерлерін шақырды.
Мінберге көтерілген Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым:
– Ақсұңқар ақынды танығалы ширек ғасыр өтті. Ол кез – 2000 жылдардың басы еді. Облыстық «Jetisý» газетінің қабырғасында бірге қызмет еткен күндер көз алдымда. Сол кезден-ақ дауысы мен домбырасы шаңырағымызды ән мен жырға бөлейтін. Содан бері сынаптай сырғып қаншама жыл өте шықты. Ал бүгін болса «теңіздің дәмі тамшыдан» демекші, сахнада оқылған әр жырынан қандай ақын екенін көріп отырсыздар, – деді.
Кеш барысында Ақсұңқардың жүрек тербеген жырлары негізінде сахналанған қойылым кезінде отты өлеңдер оқылып, жүрекке жол тартқан әндер шырқалды.
Қаламгер әкесі Ақынбаба Үсенұлына:
«Мен арқылы даусың өлмей, өрістеп,
Есе бермей жатқандығын ұғарсың» – деген өлең жолдарын оқып, перзенттік парызын жырмен жеткізді.
Сонымен қатар, анасына да арналған:
«Өлең болды баққаным, өзің емес,
Қолыңа алтын тақпадым, кезіңде еш» – деген жыр жолдарымен көрермендердің көңілін босатты.
Кеш соңында келген қонақтар ақынға гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, өнер мен өмірдің жолында қатар жүрген жетісулық ақын құрбы-құрдастары шапан жапты.
Бұл – жай ғана кеш емес, рухтың мейрамы, жырдың жаңғырығы. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана халқымыздың тәмсілі дәл осы сәтке айтылғандай. Ақсұңқар жыры – көне мен жаңаның, арман мен қиялдың арасын жалғаған алтын көпір.
Алтай мен Алатаудың арасына арманын аманат еткен Ақсұңқардай ақындарымыз артса, қазақтың жыры өшпейді, рухы төменшіктемейді.
Санжар Сұлтанғазы





