Соғыс басталғанда анам Советхан Бекенова бір жаста екен. Әкесі (менің атам) Бекен Сүлейменов соғыста қайтыс болып, жерленген жері белгісіз күйде қалады. Небәрі үш жасында әжем өмірден озып, анам туыстарының қолында өсті. Кейін атамызға топырақ салып, зиярат етуді армандайтынын жиі айтатын. Содан бастап атамның жерленген орнын іздестіруге кірістік. Бұл 2010 жыл болатын.
Біз бала кезімізде атамыздың соғыстан қайтып келмегенін айтып отыратын. Кеңес одағы кезінде анам Мәскеуге, газет-журналдарға жазып, еш нәтиже шықпағанын күйінішпен жеткізетін. Анам жоғары білімді, ұлағатты ұстаз болып Еңбекшіқазақ ауданының Қазақстан ауылында 40 жыл жұмыс істеді.
Анамның арманын орындау үшін Ресей Қорғаныс министрлігі мен Қызыл Крест қозғалысына хат жазып, соғыста хабарсыз және қайтыс болғандар жайлы жалпылама электронды мәліметтер жүйесіне ұсыныс жібердік. Бірақ барлық жерден «тізімде жоқ» деген жауап келді. Сонда да іздестіруді тоқтатпадық. Міне, ғажап! Алматы облысы бойынша «Боздақтар» кітабы шығып, сонда атамыздың қай жерде жерленгені туралы жазылыпты. Төбеміз көкке бір елі жетпей қатты қуандық. Бірақ ол кітап 2013 жылы ғана қолымызға тиді.
Атамыз 1942 жылы Курск облысы, Борки селосында жерленгені мәлім болды. Біз енді Курск облысының әскери комиссариатына хат жібердік. Өкініштісі сол, олардан да «тізімде жоқ» деген хабар келді. Әскери комиссариатқа хабарласу арқылы 1954 жылы Курск облысының жарты бөлігі Липецк облысына өткенін білдік. Енді Липецк облысының әскери комиссариатына хат жазуға тура келді. Олар да «тізімде жоқ» деп жауап жазды. Үмітімізді үзбей іздестіруді әрмен қарай жалғастырдық.
Барлық жақтан «тізімде жоқ» деген жауап келген соң «Арлан» жастар патриоттық орталық» қоғамдық қорының көмегіне жүгіндік. Нәтижесінде қор басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, полковник Аманжол Оразбаев «табылды» деген сүйінші хабарын жеткізді. Тіпті, атамыз Бекен Сүлейменов жатқан зираттың суретіне дейін жіберді.
Сол сәтте қуанғанымыздан жылап та алдық. Аманжол Зейнуллаұлына шексіз алғысымызды қайта-қайта айта бердік. Аманжол Зейнуллаұлы Липецк облысының әскери комиссары Виктор Лихачевқа хат жазуға кеңес берді. Сол кісіге жазған хатымыз арқылы атамыздың Липецк облысында жатқаны расталды.
Содан 2019 жылы мамыр айында Липецк облысы, Тербунский ауданына анамызды алып барып, атамыздың зиратына Құран бағыштау бақыты бұйырды. Сан жылдан бері тынышын алған арманы орындалғандағы анамыздың көз жасына ерік берген көрінісі көкейімізден кетпейді. Анамызбен бірге бәріміз егілдік. Сол сапардан туған жерге атамыз жатқан жерден топырақ алып қайттық.
Бізді Липецк облысының әскери комиссары Виктор Лихачев өзі күтіп алды. Одан бөлек, Тербунский ауданының әскери комиссары Вячеслав Якунин, Борки селосының әкімі Василий Жинкин мырзаларға және «Маяк» газетінің тілшілеріне мың алғыс айтамыз.
Бұдан бөлек, атамның інісі Әлімқұл Сүлейменов Финляндияда әскери міндетін атқарып жүріп қайтатын кезде сұм соғыс басталып кетіп, сол жақтан майданға аттанады. Кіші атамыз Смоленск облысы, Вязьма қаласында 1941 жылы госпитальда ауыр жарақаттан қаза табады. Кіші атамызды да іздестіріп таптық. Кіші атамның зиратына да барып, Құран бағыштап қайттық. Вязьма қаласында күтіп алған әскери комиссариатқа да алағай алғыс. Бұдан былай сұм соғыс болмасын деп тілейміз.
Рима ТЫНЫШБАЕВА
Алматы





