2025 жылғы 28 сәуірден бастап «ЦОН» мобильді қосымшасында жаңа сервис іске қосылды. Бұл сервис азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы түрлерін есептеуге мүмкіндік береді. Енді үйден шықпай-ақ, әлеуметтік төлемдердің алдын ала мөлшерін шамалауға болады.
Қызмет іске қосылған сәттен бастап, 3 аптаның ішінде 4 470 адам жаңа калькуляторды пайдаланып, есептеулер жүргізді. Қазіргі таңда бұл қызмет арқылы 8 әлеуметтік төлем/жәрдемақы мен зейнетақы түрлері бойынша 5 негізгі санатты есептеуге мүмкіндік бар:
-
Зейнетке шығу: базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы;
-
Бала туу: жүктілікке, босануға немесе бала асырап алуға байланысты табыстан айырылу кезіндегі төлем, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
-
Мүгедектік: еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлем;
-
Жұмыссыз қалу: жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем;
-
Жақын адамынан айырылу: асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем.
Сервистің негізгі ерекшелігі – есептеу пайдаланушы енгізген деректер негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан, төлем нәтижесі тек шамамен көрсетіледі және ақпараттық сипатта болады. Әлеуметтік төлемдердің нақты мөлшері уәкілетті мемлекеттік органға өтініш беруші ұсынған мәліметтер негізінде есептеліп, ресми түрде тағайындалады.
Қызметті пайдалану үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын (Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады) орнатып, мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру сервисі арқылы авторизациядан өту қажет. Одан кейін тиісті бөлімді таңдап, қажетті деректерді енгізу қажет.
«ЦОН» мобильді қосымшасы электрондық қызметтерге жылдам қол жеткізуге мүмкіндік беретін жан-жақты цифрлық арна ретінде қарқынды дамып келеді.
Сонымен қатар, қолданушылар үшін бірнеше сұранысқа ие қызметтер бар:
-
ХҚКО-ға кезекке тұру мақсатында алдын ала брондау функциясы. Апта сайын қосымша арқылы шамамен 60 000 электрондық талон беріледі, бұл кезекте күту уақытын қысқартып, қызмет көрсету жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
-
Жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті емтиханға жазылу қызметі. Апта сайын теориялық емтиханға 8 000-нан астам, ал тәжірибелік емтиханға шамамен 7 000 адам жазылады.
-
Сынамалық жүргізу тәжірибесіне тіркелу қызметі. Апта сайын орта есеппен 1 600 адам осы қызметті пайдаланады.
Қазіргі таңда «ЦОН» мобильді қосымшасын 670 000-ға жуық пайдаланушы жүктеп, белсенді түрде қолдануда. Бұл қосымша Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтерді алу процесін әлдеқайда жеңілдетіп, қолжетімділігін арттыруда.