Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүзеге асатын дала қыранын зерттеу жұмыстарына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда табиғатты қорғау, сирек кездесетін жыртқыш құстарды сақтау және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Кездесуге модераторлық еткен облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев арнайы келген ғалымдар мен мамандарға сәттілік тілеп, Жетісу аймағының табиғи байлығы мен ерекше экожүйесі туралы әңгімеледі. Ол облыстағы биоалуантүрлілікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жиынға National Geographic Qazaqstan өкілі Артем Орлянский мен жетекші орнитолог Бекжан Бердіқұлов қатысты.
Жетекші орнитолог Бекжан Талғат-ұлының айтуынша, дала қыраны – ұлан-ғайыр даланы еркін кезетін көшпенді құс әрі қазақ жерінің айрықша белгісіне айналған қанатты жаратылыс.
Бұл бағыттағы ғылыми жұмыс бір маусыммен немесе бір жылмен аяқталмайды. Дала қыранының тіршілік дағдысын, көші-қон бағытын, ұя салатын мекендерін толық тану үшін ұзақ жылдарға созылатын бақылау қажет. Осы құсты зерттеуді таңдағанымыздың басты себебі – оның Қазақстан табиғатындағы орны ерекше. Әлемдегі дала қырандарының шамамен 70-80 пайызы еліміздің аумағында ұялайды. Бұған дейін Шығыс және Орталық Қазақстанда далалық зерттеулер жүргізіп, ұялайтын аумақтарын анықтадық. Ендігі кезең Алтынемелде жалғасады. Құстарға арнайы трекер орнатып, олардың қозғалысын, қоректенетін жерлерін, түнейтін аймақтарын және көші-қон жолдарын бақылаймыз. Әр өңірден кемінде бір қыранға бақылау құрылғысын тағу көзделіп отыр. Алынған деректер табиғатты қорғау ісіне де, ғылыми айналымға да үлкен үлес қосады, – дейді маман.
Спикердің сөзінше, Қазақстаннан ұшып шығатын дала қырандары күзгі және көктемгі көш кезінде Таяу Шығыс пен Африкаға дейін жетеді. Сол себепті қазақстандық зерттеушілер аталған мемлекеттердің орнитологтарымен тығыз байланыс орнатып, құстардың қозғалысы туралы мәліметтермен тұрақты алмасып келеді. Халықаралық әріптестік көші-қон бағыттарын нақты айқындап, қанатты жыртқыштарды қорғауға қатысты ортақ ғылыми тәжірибені жетілдіруге жол ашады.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары дала қыранының санына кері әсер етіп отырған бірнеше қауіп бар. Ашық далаға салынған ұялар көбіне табиғи өрттің құрбаны болады. Кей жағдайда адамдардың салғырт әрекетінен жұмыртқалары бүлініп, балапандары қырылып жатады. Әсіресе мұндай жағдайлар мал жайылатын алқаптарда жиі кездесетін көрінеді.
Осы түйткілдерді жан-жақты зерделеу мақсатында құстарға трекерлер орнатылады. Заманауи құрылғылар арқылы олардың қозғалысы үздіксіз бақылауға алынып, мекендейтін аумақтары мен тіршілік ерекшеліктері сараланады. Бұл тәсіл тек дала қыранынан бөлек өзге де сирек кездесетін құстарды қорғауға мүмкіндік береді.
Жоба аясында еліміздің әртүрлі өңіріндегі алты дала қыранына трекер тағу жоспарланған. Әзірге бастама ғылыми-зерттеу сипатында жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта жиналған мәліметтер табиғатты қорғау саласындағы маңызды шешімдердің қабылдануына негіз болып, қазақ даласының қырандарын сақтауға бағытталған нақты қадамдарға жол ашады.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





