Қазақстанда кітапхана ісі соңғы жылдары жүйелі түрде жаңғыртылып, мәдени инфрақұрылымның маңызды бағытына айналып отыр. Бүгінде ел аумағында 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Бұл – ауылдық, аудандық және қалалық деңгейдегі білім мен мәдениеттің негізгі орталықтары. Салада 20 мыңға тарта маман еңбек етіп, оқырман сұранысына сай қызмет көрсетуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Кітап әлі де білім мен тұлғалық дамудың маңызды қайнар көзі болып қала береді. Кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытып келеді. Соның нәтижесінде азаматтарға кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Электрондық кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайызға артып, 718 мың адамға жетті. Соңғы бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан, электрондық форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асты. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс артып, бір жылда 75 пайызға көбейді, ал қазақ және әлем классикасына қызығушылық 50 пайызға өсті, – делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.
Аталған министрліктің дерегіне сәйкес, кітапханаларды жаңғырту жұмыстары цифрлық технологияларды енгізумен қатар жүргізілуде. Соңғы жылдары кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект элементтерін пайдалана бастады. Электрондық каталогтар мен цифрлық қорлар кеңейтіліп, нәтижесінде азаматтардың кітап ресурстарына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай артқан. Бұл әсіресе шалғай елді мекен тұрғындары үшін маңызды.
«Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Жоспар бойынша Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа Президент кітапханаларын салу көзделген. Қазіргі таңда республика бойынша 36 кітапхана жаңғыртудан өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталған. 2026 жылы тағы 30 нысанды жаңарту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер кітапхана ісін жаңарту жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Ұлттық кітап күні қарсаңында ел көлемінде кең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Республика бойынша өткен онкүндік барысында 100 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған 10 мыңға жуық ақпараттық материал жарияланған. Бұл бастамалар қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға және кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ елордада өткен IX Astana Eurasian Book Fair халықаралық көрмесі аясында «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқау отандық авторлардың шығармаларын насихаттауға және баспа ісін дамытуға серпін береді. Қаламгерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан Президенттік әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда мемлекеттік қолдау аясында 2 мыңнан астам кітап жарық көрген. Олардың жалпы таралымы 6 миллион данадан асқан. Бұл көрсеткіштер отандық әдебиетті дамытуға және ұлттық кітап қорын толықтыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартады.





