Талдықорған: +17°C
$ 509.51
€ 570.60
₽ 6.30
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Еріктілер – қоғамның дәрігері

27.02.2025
КҮНДЕРЕК
Еріктілер – қоғамның дәрігері

Волонтер –  қоғамдағы келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын жан. «Ерікті болу үшін адам бойында жақсылық жасауға деген ниет  болуы тиіс»,  – дейді  қоғамдық игіліктерге жұмыс істеуші  талдықорғандық экоерікті  Ғазиз Аманжолұлы. 

Мектеп жасынан қоғамдық жұмысқа бейім болып өскен Ғазиз 2010 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті педагогика және психология факультетінің педагог-психолог мамандығында оқыды. Одан кейін осы оқу ордасында мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша магистратураны тамамдады. Алғашқы еңбек жолын «Жасыл ел» жасақшыларынан бастап, қолына диплом алғаннан кейін жас маман ретінде «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалында кеңесші қызметіне орнығады.

– Еріктілерді қоғамның дәрігері деуге де болады. Өйткені олар қоғамдағы ауруларды емдеуге ұмтылатын жандар ғой, – деп жалғады әңгімесін ол. – «Мектеп оқушысы» деген газет шығардым, жастардың клубын ашуға атсалыстым. Жоғары оқу орнына түскен соң «Жасыл ел» жасақшысы болып еңбек еттім. Гүл егіп, ағаш отырғызып, қоқыс жинап, бұл ісім кейін экоерікті болуға жол ашты. Өз еркіммен қоқыстарды сұрыптап, оны қайта өңдеуге өткізу арқылы экологияның тазалығына үлесімді қоссам деп ұйғардым. Үйдегі тұрмыстық қалдықтардың әрқайсысын әр жәшікке іріктеп салып, қайта өңдеуге келетіндерін арнайы мекемелерге өткізіп тұрдым. Бұдан түскен ақшаны қайырымдылық қорларына аударып отырдым. Мұның ішінде елге үй алып беріп жүрген «Харекет» қоры да бар. Содан өткен жылы әлеуметтік желі арқылы қоқыстарды сұрыптау туралы үндеу тастап, арнайы жәшіктер сатып алуға біраз адам қаржылай көмек көрсетті. Сөйтіп қоқыс жәшігін сатып алдым. Оның сыртына пластик, шыны, қағаз, целлофан, тұрмыстық қалдықтар үшін деп жеке-жеке жазып, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік мәселелер бөлімінен осы жәшіктерді таратып беретін адамдардың тізімін алып, соларға бердім. Жәшіктерді құр таратып қана қоймай, қоқыс қалдықтарын қалай сұрыптау қажеттігін айтып, қабылдайтын компаниялардың телефонын бердім. Сондай-ақ, тамақ қалдықтарын қайда тастау керектігін жүйелі түрде түсіндірдім. Бұл менің экобелсенді ретінде атқарған жұмысым. 

Бала кезден белсенді болдым

 Ерікті ретінде адамдарды іздестіруге қатысты іске де араластым. Партияда жұмыс істеген кездері қайтыс болған соғыс ардагерлерінің туысын табуға қатысты тапсырма келді. Талдықорған қаласында сондай ардагердің туысы болған екен. Бірақ оның мекенжайын таппай, артынша «Бармысың бауырым» хабарына хабарласып, екі аптаның ішінде туысқандарын тауып берді. Мұнан кейін 20 жыл бұрын Мәскеуге оқуға кетіп, құжаттарын жоғалтып, Ресейде қалып қойған азаматтың өміріне қатысты іске де араластым. Бұл адам Қазақстанға қайту үшін оның осы елдің азаматы екенін дәлелдеу үшін туысқандарын табу қажет болды. Ол – Алматы облысының тумасы болғандықтан «Бармысың бауырым» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан апай хабарласып, әлгі жігітке қалай көмектесе аламыз деген ойымен бөлісті. Осы өңірдің волонтері ретінде мен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы болып сайланған Айгүл Құспанға шығып, қол ұшын беруін сұрадым. Ол талай жыл елшілікте жұмыс істеген адам ғой. Сөйтіп сол кісінің арқасында елшілікке шығып, әлгі адам «ZOOM» арқылы туысқандарымен сөйлесіп, артынша құжаттары берілді. Осылайша «Бармысың бауырым» хабары оның елге қайтуына билетін алып беріп, туысқандарымен қауышты. 
 

                                                                                                     ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

– Үлкенге құрмет көрсету ізеттіліктің белгісі емес пе?!  Ғазиз  балам  сондай ізетті азаматтың бірі. Өзі мемлекеттік қызметте жүрсе де үнемі қал-жағдайымды сұрап, үйге арнайы келіп тұрады. Қазір өзге тұрмақ, өзінің туғанына уақытын бөлмейтін жандар көбейді ғой. Біз секілді қарияларға «қалыңыз қалай?» деген сөздің өзі құрметпен тең әрі  соған мәз болып, марқайып қаламыз. Осындай жастарымыздың қатары көп болсын деп тілеймін. Ал, Ғазиз баламның еңбегі жемісті болып, биіктерді бағындыра берсін, – дейді қала тұрғыны Гүлжаухар Айтжанқызы. 

Бұдан бөлек, Талдықорған қаласындағы өмірлік қиын жағдайға қалған адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығымен де етене жұмыс істедім. Сол жерде 10 жылдай жатқан қырғыз елі азаматының туысқандарын тауып өз еліне оралуына жағдай жасадық. Одан кейін тағы сол бейімдеу орталығында құжатсыз өмір сүрген өзбек азаматының да мәселесін шешуге атсалыстым. Ол 2014 жылдан бері бейімдеу орталығында қызмет алушы және ресми тұрғылықты жері жоқ деп тіркеліпті. Бұл азаматтың да туыстарын тапқанымызбен, олар одан бас тартты. Содан қарияға ҚР куәлігі беріліп, зейнетақы төлейтін болды. Сөйтіп, Текелі қаласындағы қарттар үйіне орналастырылды. 

Жуырда 23 жыл бойы құжатсыз жүрген қыздың мәселесіне қатысты іске де араластым. Сенесіз бе, әлгі қыздың анасы өмір бойы Кеңес үкіметінің қызыл паспортымен жүріпті. Оның өмірден қайтқанына 3 жыл болған. Осы уақытқа дейін қызының да құжатын реттемеген. Ал қызының екі баласы бар, алайда олардың да құжаттарын алмаған. Қысқасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шым-шытырман оқиға. Осы мәселе бойынша әйелдерді қолдау орталығының төрайымы Жанар Нұрмұхановаға шығып, сол кісілер қол ұшын беретін болды. Нәтижесінде әлгі қыздың куәлігі жасалып, енді балаларының құжаттары реттелуде. 

Белсенді болуға бала кезімнен қалыптастым. Соның арқасында талай дүниеге қол жеткіздім деуге болады. Ал өзгеге қолғабыс ету, көмектесу қазақтың қанына сіңіп, ғасырлар бойы жалғасып келетін жақсы қасиеттердің бірі. Сондықтан ел үшін істеген азғантай ғана шаруаң нәтижесін беріп жатса, әрине, қуаныш. Ал ерікті болып еңбек ету қай кезеңде де маңызын жоймайды деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды Ғазиз Аманжолұлы. 

Олар менен ештеңе сұрамайды

Ерікті болуды өмірінің бір бөлшегі ретінде көретін экобелсенді жалғыз тұратын қарттардың үйіне барып, қал-жағдайын біліп, көңілін сұрап тұруды да ұмытпайды.

– Қалада үйіне баратын біраз апам бар. Олар менен ештеңе сұрамайды. Арнайы барып «қалыңыз қалай?» деген сөздің өзіне марқайып, көңілдері көтеріліп қалады. Адамның көңілін көтеруден артық ештеңе жоқ, әсіресе, үйде жалғыз отыратын үлкендерді іздеп барып, олармен шүйіркелесіп қайтудың орны бөлек қой, – дейді ол. 

Ерікті өзі айтқандай, жай жүрмейді, қаладағы әр дүниеге назар аударуды әдетке айналдырған. Көшелердегі ашық құдықтарды (люк) жаптыруға, құлағалы тұрған ағаштарды кестіруге де барынша үлесін қосып келеді. 

– Талдықорған қаласындағы облыстық мамандандырылған балалар үйінде 2008 жылдан бері тоқтап қалған бассейнге шұғыл түрде күрделі жөндеу жүргізіп, қолданысқа беру туралы әлеуметтік желіде дабыл қағып жазған едім. Осы орайда Жетісу облыстық мәслихатының депутаттары Римма Салықова, Еркебұлан Ақболатовты белгілеп, облыс бюджетінен қаржы бөлгенге ықпал етуді сұрадым. Халық қалаулылары өтінішті жерге қалдырмай, көтерген мәселеден соң, мекемеге барып жағдаймен танысып, нәтижесінде облыс бюджетінен қаржы бөлінді. Құрылысын жүргізу үшін мердігер мекеме де анықталып, балалар үйінің бассейні күрделі жөндеуден өткізілді, – деген кейіпкеріміз ерікті бола жүріп жүрек сыздатар жағдайлардың да орын алатынын айтып, налыды.

– Соңғы жылдары нашақорлар саны өскен. Ал бұл іске жастарды тар­ту, яғни, ақшамен қызықтыру көңіл алаңдатады. Инста парақшада «закладчиктер» қажет деген жарнама көп. Ал оның айлығы аптасына 100 мың теңге. Осы жарнаманы кімдер беріп отырғанын анықтау керек деп «сылкасын» арнайы құзырлы органдарға жіберіп отырамын. «Нужен курьер, зарплата 2 миллион» дегенді де көрдім. Осыған қызыққан жас балалар барады да ұрынып жатады. Мұндай дүниелермен жаппай күресу қажет, – дейді экобелсенді. 

Жан-жағына қол созып, көмегін аямайтын Ғазиз Аманжолұлы еңбегі еленіп «Үздік волонтер» номинациясын иеленді. Оның мемлекеттік қызметтен бөлек уақыт тауып қоғамдық жұмыстарға араласуы әр жасқа үлгі-ақ.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Қатысты жаңалықтар

Талдықорғандықтарды тәнті етті

Талдықорғандықтарды тәнті етті

18.05.2025
Жанкүйерін қуантпай тұр

Жанкүйерін қуантпай тұр

18.05.2025
Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

Тұрлымбеттің тұғыры: Сары биді жеңгені

18.05.2025
Сот шешімін орындамасаң  жаза бар

Сот шешімін орындамасаң жаза бар

18.05.2025
ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ

ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ

18.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.