«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деуші ме еді қазекем? Кейінгі кезде халқымызға тіл тигізушілер көбейіп кетті. Ғаламторды пайдаланып, ішіндегі қыжылын жеткізіп қалуға тырысуда. Атамыз қазақ жерімізді паналаған жұртқа есігін ашып, төріне шығарып, ас-суын ұсынбап па еді?!
Қаздауысты Қазыбек би айтқандай:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басынан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәм-тұзымызды ақтай білген елміз.
Кімге не жаманшылығымыз өткенін білмейміз, монитордың арғы жағында тұрып алып, кіжінушілер көбейіпті. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деуші еді. Бізге түкірмек түгілі бас-аяғымыздан түк қоймай жатыр. Жазығымыз, бауырымызға басқанымыз. «Адамға адам дос, бауыр» деген ұранмен тәрбиелегендіктен болар, өзіміз ішпей-жемей қалсақ та ұят болмасын деп барымызды қонақтың аузына тосқанымызды әлі қоймаймыз.
Мұнда тіл тигізіп жатқан біздің жерде өсіп-өніп, оқып, жұмыс істеп, еңсесін көтеріп, етегін жауып алғандар. «Балақтағы бит басқа шықты» деген осы болар. Ішінде қыжылы барлар жастардың арасынан шығып жатыр. Бірақ, сол күшік ертең ит болып, қаппасына кім кепіл?! Яғни, басымызға күн туса (Алла сақтасын) айбалтасын алып шығатындар арамызда жүр. Жақында қазаққа тіл тигізетіндерге шара қолдану жайлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров айтқан еді. «Қазір әлеуметтік желіде оттайтындар мен боқтайтындар көбейіп кеткен. Кеше Түркістан облысының Сайрам ауданының азаматы бүкіл қазақ еліне, тіпті керек болса Президентімізге тіл тигізді. Бұл азамат қазір шетелде жүр. Біз бейбітшілікті сақтап отырған елміз. Біздің елімізде тұрып жатқан азаматтар қазақ халқын басынбауы керек. Біз момын халық емеспіз. Біз байсалды халықпыз. Сондықтан мына азамат қазір шетелде екен. Оның ата-анасы кеше әлеуметтік желіде кешірім сұрады. Бұлай істеуге болмайды. Ертең ол азамат елге келген кезде оны 30 күн қоғамдық жұмысқа жегу керек, керек болса оны бірнеше күнге бас бостандығынан айыру керек. Өйткені бұл басқаларға сабақ болуы керек», – дейді депутат.
Халық қалаулысының жайдақтап айтқаны көптің көңілінен шықпады. Тіпті кейбір оқырмандар заңды қатаңдату керек екенін айтып шуласты. Сөздерінің жаны бар. «Алғаш рет қазаққа тіл тигізгендер қылаң бергенде тәйт деуіміз керек еді. Әліптің артын бағып отырған басбұзарлар: «Е, қазаққа бәрібір. Не десек те көтереді. Көп болса кешірім сұрай салып, қарқ-қарқ күліп жүре береміз» – деп ойлайды. Олай ойлайтындар жалғыз емес. Сондай пікірдегі адамдардың қасында жүрген «батыры» немесе қызба мінездісі өз пікірлестерінің арасында қазір «көшбасшы». Мың өліп, мың тірілген бабамыз тілді, шегараны, ұлттық салт-дәстүрімізді қалыптастырып бергенде әркімге бүгежектесін деп пе еді?! Намыстының нар күші бар. Ендеше, қазаққа тіл тигізгендерді «сілкіп», жан-жағындағылар мен отқа май құйып отырғандардың ордасын бұзар арнайы заң керек.
Ешбір дұшпан басынбаған, басынан сөз асырмаған ел екенімізді ұмытпайық.
Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: dzen.ru





