Сарқан ауданында өткен дүбірлі сайыстың кейіпкері Жанжігіт Базаралыұлы (1894-1992 ж.ж.) арғы атасы Абылайханнан тараған төре ұрпағы. Ол 1894 жылы қазіргі Жетісу облысы Сарқан ауданында дүниеге келген. Өмірі бір ғасырға жалғасқан Жанжігіт атамыз үш дәуірді бастан кешіп, қазақ халқының жаңа саяси кезеңде өмір сүруіне үлес қосыпты.
1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресей империясының құрамында болған қазақ елінің ер-азаматтары окоп қазуға алынғанда өрімдей жастармен бірге Жанжігіт те майданға аттанады. Осы соғыстан аман-есен оралған Жанжігіттің маңдайына төңкеріске қатысу, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы дүрбелеңге еріп, ұжымдастыру науқанына үлес қосу жазылыпты. Тарихта тайға таңба басқандай қара әріппен жазылып, ұрпақтың жадынан шықпайтын ашаршылық қазақ даласына бұрын-соңды болмаған қайғы-қасырет әкелгені белгілі. Ашаршылықпен арпалысқан көзі ашық азаматтар сапында Жанжігіт ауыл тұрғындарымен күндіз қолына кетпен-күрек ұстап егін баптаса, түнде қару алып сол егінді күзеткен, жыл соңында шыққан өнімді теңдей бөліп ауыл тұрғындарының зұлматқа қарсы тұруына ықпал етті. Ашатұяқ қалмасын деп қалың елді сорлатқан саясат өзгерген соң бұл кісі «Тас- арық», «Коммуна», «Красное Знамя», «Энергия» ұжымшарларының іргетасын қалауға, жерлестерін қара жердің қайтарымын алуға ынталандыруға, еңбекке баулуға үлес қосады.
1941 жылы 22 маусымда КСРО шекарасына фашистік Германияның армиясы басып кірді. Қызыл Армия қатарына қазақ жерінен 1 млн. 200 мың адам алынып, олардың 600 мыңнан астамы соғыс майданында қаза тапқаны белгілі. Жасы елуді еңсеріп қалғанына қарамастан Жанжігіт Сарқан аудандық әскери комиссариатынан 1943 жылдың қаңтар айында соғысқа аттанады. Майдандағы жаужүректігі кейінгіге үлгі-өнеге. 1251-ші артиллериялық полктің 7-ші батареясының жауынгері Жанжігіт түнгі қарауылда тұрып неміс диверсанттарын байқап қалып, дабыл көтереді. Полк дереу шайқасқа әзірленіп, жауға тосқауыл қояды. Осы ерлігі, қағылездігі үшін ол «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Солдаттың керзі етігімен майдан даласын кешіп өткен жауынгер соғыстан аман оралған соң еңбекке атсалысады. Алмалы ауылында аумағы 50 гектар құрайтын үлкен алмабақтың бой көтеруіне атамыздың маңдай тері сіңген. Сол бір кезеңде қазақтың салт-дәстүріне, діні мен тілінің дамуына жол берілмегеніне қарамастан өзінің қазақ екенін, мұсылман екенін өмірінің соңына дейін ісімен көрсетіп кеткен ардагер бес уақыт намазын қаза қылмапты, ем сұраған адамға дем салып, ақ батасын беруден тартынбапты.
Алмалы ауылының тумасы, соғыс ардагері Жанжігіт Базаралыұлын еске алу үшін еркін күрестен 2012-2013, 2014-2015, 2016-2017 жылғы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудандық ашық турнир зәулім спорт кешенінде өтті. Күрес ауыл тұрғындары мен жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ең алдымен, Мемлекеттік әнұран орындалып, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков сөз алып, жасөспірімдердің жеңіс тұғырынан көрінуіне ақ батасын берсе, кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов Алмалы ауылының топырағынан талай спорт саңлақтары түлеп ұшқанын, осы өлкеде қызмет атқарып, елдің алғысына бөленген тұлғаның аруағына бас иіп, тағзым ету, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу елдігіміздің нышаны екендігін атап өтті. Ал Жанжігіт атаның немерелері Раиса, Үрімхандар өздеріне құрмет көрсетіп жатқан ауылдастарына, осынау жарысты ұйымдастырып отырған атаның немере, шөберелеріне алғыс айтып, аталарының аруағы болашақ сайыпқырандарды желеп-жебей жүрсін деп тілек білдірді. Ауқымды жарысқа облыс аудандары ғана емес, Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстарын қосқанда 9 команда қатысып, бозкілемдегі мықтыны анықтады.
Турнирді ұйымдастырушысы Жасұлан Базаралиновтың айтуынша, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына әрі аталарының 130 жыл толуына орай, ұрпақтары осындай аудандық, облыстық деңгейдегі іс-шара өткізуге келісіпті. Ең басты мақсат – өңірдегі бұқаралық спортты дамыту, жастарды еңбекке, отансүйгіштікке және саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Шара соңында командалар арасынан үздік шыққан Сарқан ауданы 1-орынға ие болса, 2-орынды Кербұлақ ауданы, 3-орынды Көксу ауданы еншіледі. Жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен, арнайы әзірленген белбеумен марапатталып, көрермендер тарапынан қошеметке бөленді.
Жақсылық ИГІМАН





