Өңірде табиғатты қорғау мен өрт қаупінің алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осыған орай «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен экологиялық, өңірлік даму, экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.
Жиын барысында өрт қаупі жоғары маусымдағы алдын алу шаралары, орман шаруашылығының ахуалы және шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары кеңінен талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қанат Алтынбеков өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Бүгінде облыста 115 ерікті өртке қарсы құрылым мен 49 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бұл құрылымдарда 2 мыңнан астам қызметкер және 798 бірлік өрт сөндіру техникасы мен арнайы құралдар бар. Биыл 3328 шақырым минералды жолақтарға күтім жасау және жаңадан 5 шақырым жолақ салу жоспарда бар. Қазірге дейін оның 118 шақырымына күтім жасап үлгердік, – деді ол.
Алдағы 2025 жылы орман мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуетін күшейту үшін облыстық бюджеттен 780 млн. теңге бөлінбек. Бұл қаржы техникалық жабдықталу деңгейін 84 пайыздан 96 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Кеңес отырысында сөз алған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Шынар Мейірманованың айтуынша, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қорының көлемі 1 517 301 гектар. Соның ішінде орманмен көмкерілген аумақ 334 919 гектарды құрайды.
– Қазір орман өрттерінің алдын алу мақсатында 18 тұрақты бақылау посты жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында орман алқабын 10,1 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Оның ішінде 2025 жылы 3365,7 гектарға орман егу жоспарда. Бұл жұмыстар аясында 193,5 гектар жерге 712,5 мың дана көшет отырғызылып, 3172 гектарға 14,2 тонна қара сексеуіл тұқымы себіледі, – деді ол.
Шегірткеге қарсы күрес те – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Өңірдің ауылшаруашылық саласына елеулі залал келтіретін зиянкестердің алдын алу үшін 114 мың гектар жерге мониторинг жүргізілген. Анықталған ошақтарда жедел түрде химиялық өңдеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытқа дейін 100 668 гектар алқап шегірткеге қарсы өңделіп, бұл бағыттағы шаралар кезең-кезеңімен жалғасын табуда.
Табиғат – халықтың аманаты. Оның әр талын сақтау, орманын өрттен қорғау, өрісін зиянкестерден арылту – ұрпақ алдындағы азаматтық борыш. Осы жолда атқарылып жатқан нақты жұмыстар – Жетісу жұртының табиғатқа деген жанашыр көзқарасының айғағы.
«AMANAT»партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі





