Он сегіз әулиеге құтты қоныс болған Қаратал ауданында 40-тан астам ұлт пен ұлыс тұрады. Берекесі ұйысқан, ынтымағы артқан қасиетті өңірді мекендеген өзге этнос өкілдері арасында қазақшаға судай, дәстүрді қастерлеген жандар жетіп артылады. Солардың бірі – ата салтты ұстанып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген Ирина ЦОЙ. Ұлты корей болса да кейіпкеріміз «тілге құрмет – елге құрмет» деп біледі.
XX ғасырдың 30-40 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін заманы болды. Сол заманда дүрбелең оқиғаның зардабын тартқан жүз мыңға жуық корей халқы Қиыр Шығыстан Қазақстанға көшірілді. Күштеп қоныс аударылғандардың қатарында Иринаның ата-әжесі де бар. Олар Көксу ауданы Балпық би ауылына тұрақтаған. Кейіпкеріміз осы өңірде дүние есігін ашып, кейіннен отбасымен Қаратал ауданына көшіп келіпті.
– Қуғын-сүргінге ұшырап, тағдыр тәлкегіне түскен корей халқына қазақ елі көмегін аямады. Сол замандағы дүрбелеңді көрген күллі этнос өкілдерін бауырына басып, қамқорлық құшағына алды. Бүгінде өңірде 40-тан астам ұлт бір атаның баласындай тату-тәтті, ынтымақта бейбіт күн кешіп жүр. Бұл көп ұлтты қазақ жұртының бауырмалдығы, кеңпейілділігі мен дарқандығының белгісі, – дейді Ирина.
Қазақ тілін күнделікті қолдану бөлек те, оның мән-маңызын ұғынып, тереңіне бойлау – екінің біріне бұйырмаған бақ. Ал біз жазып отырған кейіпкеріміздің қазақ тіліне құрметі зор. Бір қызығы әкесі корей, анасы неміс ұлтынан болса да Ирина өзінің қазақ емес екенін есейе келе біліпті. Ауылда қазақ балаларымен ойнап өскеннен кейін тілі де қазақша шыққан. Тілге деген қызығушылық бала күнен қалыптасқан соң ол Қаратал ауданындағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығына барып, қазақ тілін тереңдетіп оқыпты. Соның арқасында облыстық, республикалық байқауларда сан мәрте жеңімпаз атанған. Мәселен, былтыр Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай өткен «Сөз жампозы — Жүсіпбек» байқауында бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан бөлек әр жылдары өткен облыстық «Көркем тіл, көркем сөз, көркем ой», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…» атты Абай оқулары байқауларында жеңістің желкенін көтерген. Бұл Ирина алған марапаттардың бір парасы ғана.
Жүзі басқа болса да жүрегі бір жан бүгінде Қаратал ауданы, Бастөбе ауылдық округі әкімінің апаратында бас маман болып жұмыс істейді. Екі тілді еркін меңгергеннің арқасында Ирина ғылыми жұмыстар жазып, «Kinder», «Subaru» сынды атақты компаниялардың жарнамаларын, балаларға арналған «Тоғызқұмалақ» атты кітапты қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуші маман. Қазақшаға судай жан әлеуметтік желіде де белсенді. Ол «TikTok» желісінде 18 мың оқырманға қазақ тілінде күнделікті қолданылатын сөздерді айтып, тіл үйренуге шақырып жүр.
Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін отбасы қазақтың салт-дәстүрін де берік ұстанады екен. Әсіресе, ата-әжесі қазақы салтты қадірлеген жандар. Бұл үйде соғым сойылса міндетті түрде ет асылады. Иринаның атасы балаларға қойдың таңлайын «әнші бол», тілін «шешен бол», көзін «менің көзімнің қарашығысың» деп ырымдап береді екен. Ал апасы қамыр жайып, жеті нан пісіреді. Береке мен бірлігі жарасқан отбасы Наурыз мерекесін де ерекше қарсы алады екен. Елді біріктіретін, өкпе-назды ұмыттыратын, сыйластықты арттыратын, татулықты ту еткен мейрамда дәстүрді қастерлеген отбасы таңсәріден көрші-қолаңды жиып, наурызкөже дайындап мәре-сәре болып жатады. Барлығының берекелі дастархан басында айтатын тілегі – бір. Ол – ел амандығы, жұрт тыныштығы.
– Бізде орыс-қазақ деп бөліну болған жоқ. Ұлтым корей болғанымен, қазақ тілін еркін меңгергенмін. Бұл – менің саналы таңдауым, құрметім және Қазақстан азаматы ретіндегі жауапкершілігім. Жүрек қалауыммен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығына барып, қазақ тілін меңгергенімнің арқасында осы елдің ұлы ақын-жазушыларының шығармаларын түпнұсқада оқып, терең түсінемін. Ата-әжем мен ата-анамның арқасында қазақ тілін ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын бойыма сіңіріп өстім. Ұлттық мерекелерді біз де тойлаймыз, – дейді ол.
Қазақшаға судай кейіпкеріміз қазақы салтты айтып, сүбелі сөздің қаймағын қалқып, мақалдың майын тамызып сөйлегенде өзіңді сүріндіреді. Көпке үлгі болған Иринаны көргенде ұлттық құндылығымыздың бәсін биіктететін жандар көбейе берсін деп бір қуанып қаласың. Себебі, ынтымағы жарасқан елдің ғана келешегі кемел, түтіні түзу ұшады.
Айдар ҚАЛИЕВ
Қаратал ауданы





