Қазақстанда дәстүрлі (халықтық) медицинаның нақты қандай түрлеріне рұқсат етілгені жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов түсініктеме берді. Үкімет басшысының айтуынша, бұл әдістер тек мамандардың бақылауымен және тиісті рұқсатпен ғана қолданылуы тиіс.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, дәстүрлі (халықтық) медицина әдістерін диагностика, емдеу және алдын-алу үшін тек тиісті рұқсатпен және тек медицина қызметкерлерінің қарауында ғана қолдануға болады,” — деді Премьер-министр.
Қолданыстағы заңнамаға сай елімізде рұқсат етілген дәстүрлі медицина бағыттары мыналар:
-
Гомеопатия
-
Рефлексотерапия
-
Фитотерапия (шөппен емдеу)
-
Хиропрактика (қолмен емдеу әдісі)
-
Хирудотерапия (сүлікпен емдеу)
-
Су-джок терапиясы (қол мен аяқ нүктелері арқылы әсер ету әдісі)
Олжас Бектенов атап өткендей, бұдан тыс қолданылатын кез келген халықтық ем немесе рәсім заңсыз болып есептеледі.
“Жоғарыда аталған медицина түрлеріне жатпайтын емдеу әдістері заңсыз кәсіпкерлік немесе медициналық қызмет болып саналады. Мұндай қызмет көрсетілген жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған,” — деді үкімет басшысы.
Маманның айтуынша, азаматтар емнің балама түрін қолданбас бұрын міндетті түрде білікті медициналық кеңес алуы керек.
Дереккөз: stan.kz