Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін өз мемлекеттілігін қалыптастырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Егемен ел ретінде құқықтық жүйені жаңарту, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру және демократиялық қағидаттарға негізделген қоғам құру міндеті тұрды. Осы жолда Конституцияның қабылдануы мен оған енгізілген өзгерістер тарихи маңызға ие болды.
Тәуелсіздік жылдарының басында Қазақстан өзін бұрынғы одақтық жүйенің заңды мұрагері ретінде емес, дербес мемлекет ретінде қалыптастыру жолын таңдады. 1991 жылы Президент сайлауы өткізіліп, тәуелсіз мемлекеттің саяси институттары қалыптаса бастады.
Қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негіздері туралы сөз болғанда Алаш қайраткерлерінің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Алашорда қайраткерлерінің қатарында болған Барлыбек Сырттанов 1910-1913 жылдары 28 баптан тұратын «Қазақ елінің Уставы» құжатын жазды. Бұл алғашқы конституцияның құпия түрде жазылудағы идеясы – Қазақстанды Ресей отарынан шығару және дербес һәм тәуелсіз республика статусы бар мемлекет ету. Кейінгі конституциялық үдерістерде де осы идеялардың ықпалы сезілді.
Одан кейін Кеңес Одағы кезеңі басталып, сол дәуірдің Конституциясы 5 желтоқсанда қабылданды. Бұл құжат ұзақ уақыт бойы мемлекеттік басқарудың құқықтық негізі болды. Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан жаңа қоғамдық жүйеге көшті. Осы кезеңде қолданыстағы Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізілді. Мемлекеттің атауы мен құқықтық негіздері жаңартылып, кеңестік сипаттағы көптеген атау тәуелсіз Қазақстанның жаңа ұстанымдарына сәйкестендірілді. Конституцияның кіріспесі, бөлімдері мен тақырыптары қайта қаралды. Бұл жұмыстарды Жоғарғы Кеңестің XII шақырылым депутаттары жүзеге асырды. Олар алғашқы тәуелсіз Конституцияның жобасын әзірлеп, Парламенттің бекітуіне ұсынды. Жоғарғы кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың кезінде, яғни 1995 жылы осы саяси институт таратылып, жаңа конституциялық реформаларға жол ашылды.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Оның жобасы бұған дейін екі ай бойы жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Алғашында жеті бөлімнен тұрған жоба ұсыныстар негізінде толықтырылып, тоғыз бөлімнен және 98 баптан тұратын Конституция ретінде қабылданды. Жаңа Конституция негізінде қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. 1995 жылғы 9 желтоқсанда өткен сайлауда алғашқы Мәжіліс депутаттары сайланып, жаңа заң шығарушы орган өз қызметін бастады. Кейін де Конституцияға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Олар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, Президенттің өкілеттік мерзіміне және саяси реформаларды іске асыруға бағытталды.
Отыз жылға жуық уақыт ішінде Конституция өзінің тарихи миссиясын атқарды. Алайда қоғамның дамуына байланысты жаңа өзгерістер қажеттігі туындады. Бастапқыда жаңа Конституция қабылдау мәселесі күн тәртібінде болмағанымен, кейін қолданыстағы Конституцияның 98 бабының шамамен 84 пайызына өзгерістер енгізу қажеттілігі анықталды. Осы мақсатта ел Президенті бастамасымен арнайы конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына 130 адам енді. Комиссия азаматтардан түскен барлық ұсынысты жан-жақты қарап, конституциялық реформалардың негізгі бағыттарын айқындады.
Қазақстан федеративті мемлекет емес, унитарлы ел болған соң, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа ұсыныстар әзірленді. Осы өзгерістердің нәтижесінде жаңа Конституция жобасы дайындалып, халықтың қарауына ұсынылды.
Жаңа құжатта мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту мақсатында Халық кеңесін құру мәселесі де қарастырылды. Бұл құрылымның құрамына түрлі сала өкілдері мен депутаттар енгізіліп, жалпы саны 122 адамнан тұратын институт құру көзделді. Сонымен қатар Конституцияда бұрын болмаған бірқатар жаңа нормалар енгізілді. Атап айтқанда, демократияны дамыту, әділетті қоғам қалыптастыру, табиғатты қорғау, жер мен су ресурстарының халыққа тиесілі екендігін нақтылау, сондай-ақ Конституцияның преамбуласын жаңарту мәселелері қамтылды.
Жаңа Конституция референдум арқылы қабылданды. Содан бері саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер және қоғам мүшелері тарапынан бұл үдерістерге оң пікірлер айтылып келеді. Осы реформалардың жүзеге асуына қатысқан азаматтардың әрқайсысы елдің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Ал, бұл үлкен үдерістің өзі еліміздің тұрақты дамуына, құқықтық ел қалыптастыруға және Қазақстанның болашағын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін.
Ермек Келемсейіт,
Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
қоғам қайраткері





