Талдықорған: +30°C
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

«Салихашым, Салихашым» деп өтті өмірден…

Өмір мен өнердің өрінде қатар жүрген жарасымды жұптар көп емес. Сол санаулының бірі – қазақ сахнасының көрнекті тұл ғалары Есболған Жайсаңбаев пен Салиха Қожақова. Екеуінің есімі ел жадында тек актерлік шебер лігімен ғана емес, бір-біріне деген айнымас сүйіспеншілігімен, өнер дегі және өмірдегі үйлесімімен сақталды. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Салиха мен Есболған – жаңбырдың қос тамшысындай» деген бейнелі сөзі де осы жайтты дәл сипаттайды. Расында да олардың тағдыр тоғысы мен өмірлік серіктестігі өнер адамдарына да, жас ұрпаққа да үлгі боларлықтай.

11.10.2025
КҮНДЕРЕК
«Салихашым, Салихашым» деп өтті өмірден…
WhatsAppTelegramFacebook

«Жақсының жары» айдарының бүгінгі қонағы – көрнекті актер Есболған Жайсаңбаевтың өмірлік серігі, сахнада да, өмірде де із қалдырған өнер иесі Салиха Қожақова.

Ол – Нарынқолдың, бүгінде Райымбек атанып, тауы бұлтқа оранған қастерлі өлкеден түлеген қыз. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді: әкесі Қожақ Айдашұлы ол екі жарым жасқа толар-толмаста майданға аттанып, елге оралмады. Әкесінің мейірімін сездіре алмаса да аяулы анасы Иісжан Елшібекқызы оның жүрегіне жылу беріп, өмірдің бар салмағын көтерген тірегі болды.

– Ел ішінде анам Жұпар деген атымен танылған. Ол байдың қызы болса да тағдырдың талайына төзді, – дейді Салиха Қожақова. – Кішкентайымнан пысық болдым, шешем илеген нанды пешке өзім апарып пісіретінмін. Ерте есейгенімнен бе, өмір де мені ерте сынады. Бастауышты Текес ауылында оқыдым. Сол кезде-ақ ән-жырға, биге құмар едім. Ауылға өнерпаздар келеді дегенді естісем, үй шаруасын тездетіп бітіріп, «Жеңге, мені апаршы!» деп шешеме қиылатынмын. Үйдің үлкендері анамызды «жеңге» дегендіктен біз де солай атайтынбыз.

Текестегі мектеп төрт жылдық болғандықтан анасы оны әпкесі Аятханның қолына тапсырады. Анасының өмірі де ауыр сынақтарға толы болған: 14 жасында Шыныбек есімді азаматқа тұрмысқа шығып, одан екі бала сүйген. Кейін күйеуі қайтыс болып, әмеңгерлік жолымен Қожаққа қосылған. Қожақтан төртеу болып, екеуі ерте дүние салады. Салиханың артынан Отан атты інісі туған. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде анасы мәңгіге көз жұмды. Сол кезде жездесі Әбдәзім мен әпкесі Аятхан әке-шешесінің орнын басты.

Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, аудандық байқауларға дейін барып, бірінші орын алғаны да әлі есінде. Осылайша өнерге бір табан жақындады. Онжылдықты Нарынқолдағы «Киров» ұжымшарында оқып бітірді. Қазақтың қара өлеңінен сарай салған Мұқағали Мақатаевтың жары Лашын апай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Мектепті тамамдаған жылы Алматыға жол тартты.

– Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсемін деген едім, бірақ оған құжат тапсыруға үлгермей қалдым. Сөйтіп есепші мамандығына тапсырдым. Бірақ ауылдан келген мен орыс тілін жетік білмеймін, әрең дегенде үшке тапсырдым. Содан ауылдан әпкем келіп: «Қалада сені біреу өлтіріп кетеді» деп қайтуға үгіттеді. Бірақ жүрегім ауылға емес, арманға тартты, – деп тебіренген жақсының жары Алматыға келген соң татар әйелінің үйінде жалға тұрыпты. Бар шаруасын тындырып жүретін жас қыздың ісіне риза болған үй иесі пәтер ақысын алмапты.

– «Әке-шешең жоқ екен» деп мені аяйтын. Әпкем келген күні екеуміз Виноградов пен Дзержинский көшелерінің қиылысындағы бұрынғы ұйғыр театры жанынан өтіп бара жатып, «Студияға балалар қабылданады» деген хабарландыруға көзім түсті. Қуанғаннан ішке кіріп кеттім. Қарсы алдымнан бір әйел мен ер адам шықты: «Қабылдаймыз, қабылдаймыз» деді. Кейін білдім, олар – Рахия Қойшыбаева мен Камал Қармысов екен.

Сынақта Пушкиннің «Сібірден хатын», Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» оқыдым. Бағам – «5». Осылайша 100 баланың ішінен іріктелген 25 өнерпаздың қатарынан табылдым. Қабылдау комиссиясының төрағасы Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі екен.

Өнер деген құдіретті саланың табалдырығынан аттаған өрімдей қыз-жігіттердің ішінде Есболған да болды. Осылайша тағдыр мені өнердің соқпағына бастап, студенттік шақтың қызықты сәттері басталды да кетті. Сол күннен Есболған, Әнуар, Баян бәріміз бір үйдің баласындай бір-бірімізге бауыр басып кеттік, – деген кейіпкеріміз әңгімесін студенттік арнаға бұрды.

– Есболған екеуміз қатты қалжыңдасатынбыз. Бірде сабақ арасында «Атам ауырып қалыпты, ауылға кетіп барамын» дегенде ойымда ештеңе жоқ: «Атама сәлем айтшы» дедім күле құшақтап. Құдай аузыма салды ма, кейін ғашықтық хаттар легі басталды. Алғашында менсінбей жүріп, қалай бауыр басып кеткенімді білмей қалдым. Есболғанның махаббаты, адамгершілігі жеңді.

1960 жылы академтеатр жанындағы студияны бітіріп, екеуміз де Әзірбайжан ағаның ұсынысымен театрда қалдық. Мен он тоғыз, Есболған жиырма жаста. «Салиха-Салиха» деп алақанына салған, ата-ананың мейіріміне шөліркеп өскен маған қосағымның сүйіспеншілігі жоғымды толтырғандай болды. 1961 жылы шаңырақ көтердік.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Наурызбай көшесінің бойындағы театр әртістерінің үйінің жертөлесінен бір бөлме алып, 1962 жылы тұңғыштары дүниеге келгенше тұрған. Сол жылы Мәскеуге баратын болып Салиха апамыз қалып қалмайын деп бес айлық ұлын енесінің қолына табыстапты. «Енем мен қайным ауылға алып кетті. Солай, Мұхтарымыз он жылдықты ауылда оқып, бітірді ғой», – дейді кейіпкеріміз.

– Ата-енем тамаша жандар еді. Атам – Ботабай Жайсаңбаев: «Салихамен бірге үйімізге бақыт кірді. Бір малым екі болды» деп отыратын жарықтық. Енем – Байғайша Әлиқызы, ірі денелі, бойы биік, зор адам еді. Көп сөйлемейтін, бірақ өте пысық болатын. Жасаған тамағының дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Екеуі оқымаса да білімді, көзі ашық адамдар болды. Құтты шаңыраққа келін болғанымды әрдайым бақыт санаймын. Атам 80 жасында, енем 86 жасында өмірден озды.

Енем атамның үшінші әйелі екен. Алдыңғылардан бала болмаған. Сол себепті қырық жасында Есболғанның жиырма бестегі анасын алып, бала сүйген. Тұңғыштары – Қадиша атты қыз, содан кейін Есболған – ұлдың үлкені. Есболғаннан кейін Бәдиша деген қарындасы өмірге келген. Қазір ол Талдықорғанда тұрады. Қайынсіңлім мен қайныларыммен бір шәй деспей сыйласымдылықпен өмір кешіп келеміз. Осындай керемет отбасына келін болып түскенім үшін Аллаға сансыз шүкір деймін. Есболғаным өмірден ерте кеткені болмаса, қайындарым мен жалғыз қайынсіңлім алдында ешқашан қысылып көрген емеспін, керісінше, қатты сыйлайды.

Отбасын құрғанда олар шағын ғана бөлмеде тұрып, кейін қазіргі үйге қол жеткізген.

– Шүкір, екі бөлме болса да үйден қонақ арылған емес. Қайындарым мен қайынсіңлім бірге тұрып, қолымызда оқып бітірді. Бәдишам оқуын бітірмей тұрмысқа шықты да бала-шағасымен біздің үйде тұрды. Кейін оқуын аяқтағанда: «Мен бір емес, төрт диплом алып шықтым» дейтін. Әрине, ол бұл арқылы күйеуіне тиіп, екі баласын дүниеге әкелгенін айтқысы келген. Маған риза болғаны шығар, қолыма алтын сақинасын тақты. Қазірге дейін бір-бірімізді сағынып, жылап көрісеміз, – деген кейіпкеріміз сөзін жан жары туралы естелігімен жалғады.

– Аруағынан айналайын, Есбошым қатты дауыс көтермей өтті өмірден. Біз тату-тәтті ғұмыр кештік. Әркімнің тағдыры өз маңдайына жазылғандай емес пе?! Менің өміріме Есболғандай азаматты жолықтырғаны үшін Тәңірге шексіз ризамын. Сол студияға ол келмегенде жолымыз қалай қиысар еді, кім білсін?!

Ол таза өнер адамы болды, үйдің тірлігіне араласпайтын. Бірақ балалардың тәрбиесіне үнемі көңіл бөліп, мектепке барса «Олар қай класта оқиды?» деп сұрайтын. Әрқашанда бала тәрбиесіне уақыт тауып, үнемі қадағалап, әңгімеге тартып, керек-жарақтарын түгендеп отырды. Әке болып қаһарын шашып, жоқтан өзгеге ашу шақырған жан емес. Әзілдесіп, балаларын өзімен тең ұстап тәрбиеледі. Үш ұлдың үлкені Мұхтар, одан Шыңғыс, он жылдан кейін Нарлан келді. Мұхтардың атын жеребе арқылы таңдадық, енемнің қолына түскені Мұхтар болды, ал Шыңғысты Фарида мен Ыдырыс қойды. Перзентханадан шыққан күні Нұрмұхан ағамызбен бірге үшеуі үйге жетті. Барымен базар болып, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырып, ұлдың атын қойды. Нұрмұхан аға Адай деп қойғысы келіпті, бірақ ана екеуі жеңді.

Нарланды ерекше жақсы көрді. Он жылдан кейін дүниеге келген бала, оның үстіне атын өзі қойды. Үйге, Нарланға жеткенше асығып отыратын. Қолынан ешқашан кітап түспейтін. Көп оқыған адам көреген ғой. Қайда жүрсе де, қайда болса да кітапты арқалап жүретін. Сол әдет ұлымыз Шыңғыстың қанына сіңген. Ол да әкесіндей кітапқа құмар, үнемі оқып, ізденіп жүрді.

Ол ақшаны қалай табатын болса солай шашып жіберетін. Қолы ашық, жомарт еді. Бауырлары мен қарындастарына көмектесуден ешқашан аянып қалмайтын. Өзі тапқанын бөлісуге дайын болған соң мен де қарсы бола алмадым. Бірде қызық жағдай да болды. Өз айлығымды өзім жұмсап көрейін деп ойладым да оған: – Басқа кірістеріңе араласпаймын, бірақ айлығыңды бұдан былай маған бересің, – дедім. Сол кезде Майра деген сіңлім де бізбен бірге тұратын. Таңғы шай үстінде осындай әңгіме болды да, мен жұмыстан шаршап келгенде есіктің алдынан төрге дейін үш сомдықтарды тізіп қойыпты.

Сөйтсем, менің келе жатқанымды терезеден көріп, Майраға: : «Таңертең әпкең ақша бермейсің, бәрін елге таратып жүресің, бұдан былай мен ұстаймын» деп ашуланып кеткен, біз аяғының астына шашып қояйық, күлсін», – депті. Сол күні ғана киностудиядан алған 300 сомын осылайша тізіп қойған, әрқайсысы үш сомдық. Бірнешеуін аяғыммен басып кеттім. «Ой, мынау ақша ғой!» – деп қуанып, екеуміз бірге күліп алдық.

Тағы бір қызық жағдай Сочиге демалуға барғанда болды. Ол кезде театрдан алған айлығы мәз емес еді. Інісі Жетпісбай ауылдан ақша әкеліп, үйден шығарып салуға Асанәлі мен Әнуар келді. Мен оларға тамақ беріп, шығарып салмақшы болдым. Алайда олар: «Сен қайда барасың, біз өзіміз шығарып саламыз. Әйелдің шығарып салуы жаман ырым», – деп мені қалдырып кетті. Біздің үйден «ащы су» ұрттап, Баянның үйіне барып тағы да ішкен. Ақыры аэропортқа жеткенде аузынан ішімдіктің иісі шықты деп ұшаққа кіргізбей қойған. Ал ақшасы чемоданда қалып, ұшақ ұшып кеткенде не істерін білмей Әнуарға хабарласыпты. Маған айтса ұрсады деп ойлаған. Сөйтіп: «Әнчөк, мен ұшақтан қалып қойдым. Маған ақша керек», – деп ақша алған. Сол кезде қарындасы Бәдишаның Павлодардан ұшып келіп түскен беті екен. Оны көре сала: «Мен ұшақтан қалып қалдым. Бірақ Салихаға айтушы болма, маған ақша бер», – деп қайта билет алыпты. Ал мен оны кетіп қалды деп ойлап жүрмін. Кейін Бәдиша келіп бәрін айтып берді. Сол күннен бастап оны өзім шығарып салатын болдым. Басымыздан талай қызықтар өтті ғой. Қазір енді мұның бәрі өмірдің тәтті естелігіне айналды, – дейді өнер иесі.

Жиырма жылдан астам уақыт бірге бақытты ғұмыр кешкен Салиха Қожақова үшін әрбір дастарқан басындағы әңгіме, әрбір шүйіркелесіп ішкен ас, Есболған ағаның орынды қалжыңдары – баға жетпес естеліктер. Ол әлі күнге дейін сол сәттерді жүрек түкпірінде сақтап келеді.

– Ақкөңілділігі ерекше еді. Кейде үйде өзіміз жататын жер таппай қаламыз. Елден келген қонақтардың бәрі тоқтайтын орын – Есболғанның үйі. Сол кезде, әрине, ақша жетпей қалатын. Кейде қабағыма кірбің түсетін. Тіпті иығыма жөндеп бір жібі түзу көйлек те кимеппін. Бірақ Есболғанның махаббатына, өзіме деген сүйіспеншілігіне, құрметіне қанағат тұтып, бақытты сезініп жүрдім. Сол екі бөлмелі үйде тұрғаныма келесі жылы алпыс жыл болады. Балаларымыз әкесінің абыройын түсірмей, ешкімнің алдына сұрап бармай-ақ, Құдайға шүкір, тұрмыстары жақсы, – деп тебірене айтты өнер иесі.

Сахнада да екеуі көп спектакльде қатар өнер көрсетті.

– «Майрада» мен Айбаршаны, Есболған Бақтиярды ойнады. «Түнгі сарында» – ол Нұрхан, мен Мөржан; «Жәмилада» – Сейіт пен кішкентай пошташы қыз. Бұдан басқа да бірнеше спектакльде бірге сахналастық. Есболған өте тапқыр еді, ойламаған жерден көрерменді күлдіріп, таңғалдыру қасиеті бар. Көбіне комедиялық кейіпкерлерді сомдайтын. «Еңлік-Кебектегі» Жапал образы көрермен жүрегінде қалды.

«Аңсаған менің әнімсіңде» Сейітті ойнағанда мен Жәмиланы сомдадым. Сүйген жігітіне қыздың қолынан жетектеп апарып қосып жібереді. Бұл рөл Есболғанның өз өмірімен сәйкес келетіндей еді. Үлкен әпкесі Хадишаны жігітіне жеті түнде қашырып жібергенде шешесі оны қараңғы бөлмеге екі-үш күн қамап қойған. Спектакльдегі кейіпкер тура өзіндей еді – «өзім ғой, өзім» деп мәз болатын. Есболғанның Сейіті мен Жапалы әлі көз алдымда. Бір немерем, Диасым, Есболғанның дәл өзі сияқты. Келінім «атамның баласы ғой» деп мәз болады, – деп еске алды Салиха апамыз.

Алайда сахнадағы барлық рөлде оның көңілі тола бермейтін кездері де болған екен.

– «Ана – Жер-Анада» Әлиманы ойнағаным Есболғанның көңілінен шықпады. Рөлді алып шыққаным емес, оған ұнамағаны мүлдем басқа жайт. «Қаралы жесір, көзім тірісінде қара жамылмай-ақ қойшы, ойнама», – деді бір күні. Ал ол бейне негізінен менің табиғатыма, тағдырыма дөп келіп тұр еді, анам марқұмның тағдыры дәл солай болған-ды. Күйеуі соғысқа аттанғанда ішінде перзенті қалған. Жан-тәніммен-ақ кірісіп едім, бірақ Есбошымның жанына жара салып алыппын. Онша қаламады. Іші сезіп жүрді ме, кім білсін?!, – деген апамыздың жанарына жас үйірілді.

Өмір жолының тәтті естеліктерін сағынышпен еске алған Салиха Қожақова апамыздың жүзіне мұң мен мейірім қатар ұялаған. Оның әр сөзінен Есболған ағаға деген махаббат пен іңкәр сағыныштың жылуы сезілді.

– Жастау кезім, – деп жалғады әңгімесін апамыз. – Бір жақтан келе жатып, үйге телефон шалдым. Трубканы Есболғанның өзі көтерді. «Ағай, өзіңізді бір журналға жазайын деп едім. Отбасыңыз бар екенін білем, бірақ өнеріңізді қатты жақсы көремін, өзіңізді де жек көрмеймін», – деп, сөзді нөсерлетіп айтып жатырмын. Сонда ол сәл үнсіз қалды да: «Бұл кім өзі»? – деді таңырқай. Мен болсам күлкімді әрең тежеп тұрмын. Бірақ Есболған ағамыз сабырмен: «Айналайын, қыз бала бөтен ер адамға бұлай телефон соқпас болар, ұят болады мұның», – деп трубканы жай ғана қоя салды.

Үйге келсем, үсті-басы тап-таза, бір жаққа жиналып жатыр екен. Мен ештеңе демедім. Бірақ сол сәтте оның отбасына, өзіме деген адалдығына, әлгі «қызға» айтқан сөзіне іштей риза болдым.

Сол жылдары жиын-той көп болатын. Есболған әзілге келгенде сөзге ұста еді, бірақ биге жоқ-тын. Ел у-шу болып билеп жатса, ол темекісін езуіне қыстырып, сырттай бақылап тұратын. Мен биге әуеспін, жақсы әуен естілсе тұра жөнелем. Үйге келген соң ол: «Иә, жастармен билеп, жақсы болып қалдыңыз ба?» – деп миығынан күліп, қызғанышын білдіріп қоятын, – дейді ол жылы жымиып.

Есболған аға кейде әріптестерінен де қызғанып қалатын көрінеді.

– «Менің махаббатым» қойылымында Жақып екеуміз басты рөлдерді ойнадық. Ол театрға барып: «Сенің махаббатыңды көріп келдім», – деп келуші еді. Бірақ өмір бойы мен үшін «Салихашым, Салихашым» болып өтті ғой ол… – дегенде апамыздың жанары тағы да жасқа толды.
Біраз үнсіздіктен соң Салиха Қожақова терең күрсініп, сөзін жалғады.

– Есбошымның арманы көп еді… Ерте кетті. Еңбегінің жемісін көре алмай, желтоқсанда атақ алып, мамырда өмірден өтті. Әлі талай жоспары бар болатын. Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысын» аударып, өзі сахналаған. «Швейкті» жазып, басты рөлде ойнады. Түріктің «Қылмыскер» пьесасын да аударып, сахнаға шығарсам деп жүрген… бәрі аяқталмай қалды. Әлия Бөпежанованың Есболған туралы жазған кітабында осы еңбектерінің бәрі егжей-тегжейлі баяндалған.

Апамыз сәл аялдап, көзінің жасын сүртті.

– Кейде Есбошымды сағынып, іштей еңіреп алам. Бірақ жанымды жаншыған ұлым Мұхтардың қазасы болды. Сол қайғы Есболғаннан кейінгі жараның үстіне түскендей… – дейді апамыз мұңға батып.

Есболған аға өмірінің соңына дейін тыным таппапты. Кино, радио, дубляж – қай салада болсын, үнемі еңбектің бел ортасында жүрген. «Ақ бақсы» фильміне бір жылдай түсіп, елге келген соң жүрегі сыр беріп, ауруханаға түсіпті.

– Бір ай жатса да қолынан кітабы мен қаламы түскен емес. Дәрігерлер тыныштық сақта, ештеңе ойлама дегенімен төсегінің астына кітап жасырып, түнде оқып жүргенін кейін медбикелер айтты. Том-том кітап тауыпты олар. Сол кезде ол Жиреншенің рөліне дайындалып жүрген. «Денсаулығыңды ойлашы, сол рөлді ойнамай-ақ қойшы» деп талай айттым. Бірақ тыңдамады. Сөйтіп жүргенде жүрек талмасынан кетті ғой. Дәрігер кеш жетіп, ұйықтағаннан оянған жоқ. Сонша еңбек сіңіріп, ең соңғы киносын көруге де үлгермеді. Өнерге ерте араласты, көп еңбек етті, бірақ өзіне лайық бағасын ала алмай өтті… 

 

Қапал ауылындағы мектепке Есболған Жайсаңбаевтың есімі берілген.

– Биыл оның 85 жылдық мерейтойына орай шақырып, құрмет көрсетті, разымын. Шүкір, үш ұлдан немере, шөбере сүйіп отырмын. Келіндерім жақсы, қабағыма қарап тұрады. Есбошымның ізі қалған қара шаңырақта өмір сүріп жатырмын. Бала-шағамыз өсіп-өнген құтты үй ғой бұл, – дейді апамыз ризашылықпен.

Салиха Қожақова – тағдырына риза, өмірге қанағат еткен, өнердің қадірін терең түсінген асыл жар.

– Біз жүрегін дүниеге байламаған ұрпақтың өкіліміз. Барды қанағат тұтып, өнерге адал болдық деп айта аламын. Келер жылы өзім де 85-ке келемін. Шүкір, тәубе деймін! – деп сөзін түйді апамыз. 

Сарби ӘЙТЕНОВА

Қатысты жаңалықтар

Аю мен шибөрі

Аю мен шибөрі

04.07.2026
Тартысқа толы чемпионат

Тартысқа толы чемпионат

04.07.2026
Дала қыраны қалықтайды

Дала қыраны қалықтайды

04.07.2026
Қалбырдағы сусынның қаупі қандай?

Қалбырдағы сусынның қаупі қандай?

04.07.2026
Бюджетке өзгеріс енгізілді

Бюджетке өзгеріс енгізілді

04.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.