Құрылтай депутаттарының сайлау күнінде алғашқылардың бірі болып, Үшарал қаласындағы №51 сайлау учаскесіне «Жетісу барысы» облыстық турнирінің жеңімпазы, спорт шебері Ернар Қабдолдаев келіп, өз азаматтық таңдауын жасады.
Алакөл ауданы, Үшарал қаласында дүниеге келген балуан жастайынан спортты серік етіп, самбо, қазақ күресінен халықаралық, республикалық, облыстық турнирлері және ҚР ІІМ қызметкерлері арасында бірнеше рет жеңімпазы атанған.
Қазіргі таңда Достық ауылында желілік ішкі полиция бөлімінде аға офицер болып қызмет атқаруда.
– Құрылтай – ел болашағын айқындайтын маңызды қадам. Бүгін Үшарал қаласындағы №51 сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауымды жасадым. Құрылтай сайлауы – еліміздің болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын жауапты саяси науқан деп есептеймін. Спортта жеңіске жету үшін тәртіп, табандылық және жауапкершілік қажет болса, елдің дамуы үшін де әр азаматтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы маңызды. Сондықтан барша жерлестерімді сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Құрылтайға сайланған азаматтар халықтың сенімін ақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастардың болашағына, өңірлердің өркендеуіне және қоғамның бірлігіне өз үлесін қосады деп сенемін. Ең бастысы – еліміздің болашағына бейжай қарамай, азаматтық міндетімізді орындау. Бүгінгі таңдауымыз – ертеңгі Қазақстанның келбетіне әсер ететін маңызды қадам, – дейді Е.Қабдолдаев.





