Әдетте, құқық қорғау саласын қылмыскерлерді құрықтаушы орган ретінде танимыз. Көпшілік тәртіп сақшыларын заң бұзғанды айыптап, жазалаушы ретінде көреді. Қалыптасқан таным солай. Дейтұрғанмен, бұл көзқарас жөнсіз-ақ.
Себебі құқық қорғаушылар қылмыстың тек салдарымен емес, себебімен де күреседі. Құқықбұзушылық орын алуы мүмкін тұстарды анықтап, заң талабын бұзуға бағытталатын қадамдардың алдын алуға қам-қарекет қылады. Қоғамда тың тәжірибелерді қолға алып, оның оңтайлы жүзеге асуын да қамтамасыз етеді. Жуырда облыстық полиция департаментінің өкілдері «Құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын өңірде жандандыру мақсатында қылмыс тіркелмеген елді мекенге бағыт алып, сол ауылдағы тың тәжірибеге қанықты. Қылмыс тіркелмеген ауыл деген сөзге елең ете қалдық. Рас, Жетісу өңірінде мүлдем қылмыс атаулы орын алмайтын ауыл бар. Елді мекен атауы – Жыланды.
Бұл ауыл Алакөл ауданына қарасты. Ауыл атауы белгілі меценат, қайырымды кәсіпкер Бауыржан Оспановпен тікелей байланысты. Екі мыңға жуық тұрғыны бар аядай ауылда қылмыс атаулы орын алмайды. Бастысы, спирттік өнім сауда сөресінде жоқ. Ауыл тұрғындары жаппай «жынды судан» бас тартқан.
Сонымен, Жыланды елді мекеніне бағыт алған облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілдеріне біз де ілестік. Шалғай ауылға келген бетте ауылдық округ учаскелік полиция инспекторы Айдос Ақтымбаев тосып алып, әкімдікке бастады. Мұнда бізді ауылдық округ әкімі, ауыл ақсақалдары тосып отыр екен. Әкімдік ғимаратындағы кездесуде алғашқы сауал да қойылды. Ауылдық округте қалайша 10 жыл көлемінде қылмыс тіркелмеді? Алғаш сөз алған ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ибрагим Ақышев елді мекен дүкендерінде спирттік өнімнің сатылмауынан заң- бұзушылық тіркелмегенін алға тартты. Шынында статистиканы сөйлетсек, қылмыс атаулының 75-80 пайызы алкогольді сусын тұтынумен орын алады екен.
– 2010 жылдан бастап ауылымыздың жанашыр азаматы Бауыржан Оспанов дүкендерде спирттік өнім сатуды доғаруға шақырды. Тіпті, бұл бұйымды сататын дүкендерге қаржылық қолдау білдіріп, өнімді дүкен сөресінен алдыруға күш салды. Бұл ретте ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін де айта кеткен жөн, – дейді И. Ақышев.
Жыланды ауылдық округі 5 елді мекеннен құралған. Сол ауылдар тұтастай ақсақалдар институтына бағынады екен. Егер ауылдың бірінде келеңсіздік орын алса, ауыл ақсақалдары іске кіріседі. Тәртіпке шақырады. Шыны керек, қылмыссыз ауыл қазақтың жоғалтып алған институтын жандандыру арқылы заңбұзушылықты тоқтатып отыр. И. Ақышевтың айтуынша, зейнеткерлікке шыққан 9 ардагер әр саланы қамтиды. Әрқайсысы өз саласына жауапты. Мәселен, Ибрагим Дайыржанұлы білім саласында 40 жылдан аса тер төккен. Осы саладағы бар шаруаға араласады. Мектеп оқушыларының ішіндегі тентегін тезге салады. Ал ардагерлерді жұмылдырып, 5 елді мекенде қолайсыздық туындатпау ауылдық округ ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рамазан Көпшікбаевтың мойнында. Кеңес төрағасы жастардың бос уақытының болмауы құқықбұзушылықтың орын алмауына сеп болады дейді.
– Бауыржан Оспанов жастардың бос жүрмеуі үшін бар жағдайды жасады. Спорттық нысандар салды. Хакім Абай «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» демей ме? Қолы қалт еткен жастар спортзалдарына асығады. Одан бөлек қайырымды кәсіпкеріміз апта сайын мектепте, спорт нысанында тегін қымыз таратады. Осындай игі істерін көрген жастар «Әке көрген оқ жонар» тәмсілін қайталап жүр, – дейді Р. Көпшікбаев.
Мұнан соң облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Аида Белгібаева бастаған топ ауыл ішін аралап көрді. Көшедегі тұрғындармен тілдесті. Баян Мәмбетова 50 жылдан бері осы ауылда тұрады. Екпінді ауылынан көшіп келген екен. Айтуынша, соңғы 10 жылда ауылда мамыражай мезгіл орнапты.
– 70 жасқа келіп, балаларымның мұндай ортада өсіп жатқанына қуанамын. Батыр Бауыржан бабамыздың «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзінің куәгері болып отырмын. Ауыл тұрғындарының бірлігі, Бауыр- жан Оспанов әкелген берекесі қазір ауылда тыныштық орнатты, – дейді Б. Мәмбетова.
Аида Белгібаева ауылдағы дүкендерді де аралап көрді. Жыландыда бар-жоғы 8 сауда орны бар екен. Соның бірі – Алтынхан Нүсіпбекованың «Бекнұр» дүкені. 2003 жылы ашылған дүкеннің иесінің айтуынша, Б. Оспанов арақ сатпауы үшін және кәсібін дөңгеленту үшін 1 млн. теңге ақша берген. Бұл қаржы қайтарымсыз беріліпті.
– Ауылдағы тәртіп пен заң талаптарының қатаң сақталуына ақсақалдар институты үлкен сеп болып отыр. Қазір осы жаймен қанығып, өзге де ауылдарға Жыланды тәжірибесін үлгі етеміз. Реті келсе жергілікті әкімдіктермен келісіп, жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Бұл ауылда арақ сатылмайды. Біздегі деректер бойынша қылмыстың едәуір көп бөлігі ішімдік салдарынан орын алып жатады. Қазақ халқының жоғалтып алған институтын тірілткен ауыл тұрғындары үшін разымын, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Аида Белгібаева.
Дастанбек САДЫҚ