Бүгінде дәрігерлер тарапынан екпе салдыру жайлы талаптар жиі айтылады. Сондай жоспарлы шаралардың нәтижесінде екпіндеп келген көптеген жұқпалы сырқаттың беті қайтты. Вакцина салудың маңыздылығын, оның қандай жұқпалардың алдын алатындығын облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Шарапиевпен болған сұхбаттан біле отырыңыздар. Екеуара әңгімеден вакцинаның өзектілігі жайлы мол мәлімет аларыңызға сенімдіміз.
– Асхат Сәкенұлы, жұқпалы ауруларға қарсы иммундау қаншалықты керек? Себебі, ел ішінде екіұдай пікір айтылып қалады. Жалпы иммундау дегенге толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Иммундау дегеніміз вакцина салу арқылы науқастың бойындағы иммунитетті нығайту. Яғни, екпе арқылы жұқпалы сырқаттарға қарсы иммунитет қалыптастыру. Расында иммундаудың тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Мысалы, екпе салу арқылы миллиондаған бала түрлі ауру-сырқаудан, жұқпалы дерттен аман қалады. Тіпті, иммундау адамды мүгедектіктен қорғайды десек болады. Вакцинаның жоқтығынан халқымыздың жұқпалы сырқаттан қырылып кеткенін тарих растайды. Ал қазір медицинаның күшімен талай індеттің беті қайтып жатыр.
Жер бетінде вакцина шыққанға дейін жұқпалы індеттерден таралатын балалардың ауру-сырқауы 10 есе жоғары болған. Соған сәйкес өлім-жітім де жиі орын алған. Вакцина салудың нәтижесінде оба, тырысқақ, шешек аурулары жойылды. Кезінде осы сырқаттар миллиондаған адамның өмірін жалмады. Бүгінгі медицинаның қарқынды дамуының нәтижесінде бірқатар жұқпалы аурудың емі түбегейлі табылды. Қазір көптеген ел, соның ішінде Қазақстан Республикасы да полиомиелитсіз аймақ ретінде танылып, дифтерия, қызамық, көкжөтел, эпидпаротит секілді жұқпалы дерттердің таралуы бірнеше есеге кеміді.
– Осы екпелер балалар мен ересектерге бөлек-бөлек салына ма? Олардың ерекшелігі қандай? Екпелер жайлы ақпарат бере кетсеңіз.
– Балаларға міндетті түрде жұғуы мүмкін туберкулез (БЦЖ), вирустық «А», «В» гепатиттері, b типті гемофильді жұқпа, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АКДС), пневмококк жұқпасы, қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит сияқты ауруларға қарсы екпелер тұрақты әрі міндетті жүргізіледі. Сондай-ақ, биылғы жылдың 3-тоқсанынан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы екпе салу жоспарда бар. Әр 10 жыл сайын ересектерге сіреспе, дифтерияға қарсы (АДС-м) вакцина салынады. Сонымен қатар, эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша вирустық «А» гепатитіне, тұмау, сібір жарасына, туляремия, іш сүзегіне, құтырмаға, кене энцефалитіне, обаға, коронавирус жұқпасына қарсы егіледі. Барлық екпелер ақысыз түрде жүргізіледі. Иммундау жергілікті медициналық ұйымдарда баланың ата-анасының жазбаша келісімімен, денсаулық жағдайын бағалағаннан кейін ғана жүргізіледі.
Жоспарлы екпенің нәтижесінде 2000 жылдармен салыстырғанда сырқаттанушылық 10 мыңдаған жағдайға дейін төмендеді. Соған қарамастан облыс бойынша қызылша, көкжөтел жұқпасы тіркеліп тұрады. Оның себебі, профилактикалық екпелерден бас тарту жағдайларының жиілеп кетуінен деп білеміз. Соның кесірінен кейбір ата-аналар балаларының сырқатына байланысты жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация жасай алмайды. Өйткені, медициналық қарсы көрсетілімдері болуы мүмкін. Егер халықтың 95% иммундау шараларына қатысып, толығымен егілсе балалардың жұқпаға шалдығу қаупі төмендейді. Себебі, қалыптасқан ұжымдық иммунитет аурудың таралуын болдырмайды. Егер вакцина алмағандардың саны рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, бұл ортада инфекцияның өршуі мүмкін. Оның мысалын қызылша сырқатының белең алуынан көрдік. Мұндай жағдайлар 2005, 2015, 2019 жылдары қайталаған еді. Қызылшаның бұрқ ету жағдайлары қосымша иммундаудың нәтижесінде тоқтады. Яғни, қосымша иммундау сырқаттану деңгейін тұрақтандырып отыр. Бұдан басқа, облыста 2003 жылы 1 дифтерия, 2014 жылы 2 қызамық, 2019 жылы 2 эпидемиялық паротит, 2017 жылы 3 сіреспе тіркеліп, сіреспеден 1 адамның өлімі орын алды.
– Биыл елімізде көкжөтел жұқпасының белең алғаны белгілі. Осы жұқпалы дерттің эпидемиологиялық ахуалы қандай? Сонымен қатар, қызылша жұқпасының эпидемиологиялық ахуалына тоқтала кетсеңіз. Себебі, қарапайым жұртшылық кейбір мәліметтермен толық таныс емес.
– Облыс бойынша көкжөтел жұқпасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Қорытынды нақтамамен көкжөтел жұқпасының 1 жағдайы тіркелді. Ол медициналық шектеу алған, яғни, 1 жасқа дейінгі егілмеген бала. Қызылша сырқатынан эпидемиологиялық жағдай бойынша дәл қазір Жетісу жері жасыл аймақта. Бұған дейін былтыр жыл соңында өсу қарқыны белең алған алғашқы нақтама кезінде қызылша жұқпасының 1244 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 879 (70,7%) жағдайы расталды. Қызылша көбінесе екпе алмағандардан анықталды. Бұл сырқаттанушылықтың 78,6%-на тең. Сондықтан дәл қазір жағдай тұрақтанып, жұқпалы дерттің таралуы екпенің күшімен шектелді деуге болады.
– Ел-жұрттың екпеден бас тартуының негізгі себебі неде? Вакцина алған баланың сырқаттануы мүмкін бе?
– Вакцинадан бас тартудың негізгі себептерінің бірі – вакциналау туралы жеткілікті білімнің болмауы. Әдетте адам білмейтін нәрсесін жау көреді. Расында вакцинадан бас тарту – инфекцияны жұқтыру ғана емес, өлім қаупін тудыратынын да ұмытпауымыз керек. Негізі вакцина алған адам да сырқаттануы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлар өте сирек кездеседі. Екпе салдырған жан сырқаттанып қалса, ауру жеңіл өтеді. Науқас инфекциялық ауруды жұқтырған жағдайда бойындағы вакцина асқыну мен өлім-жітім жағдайын болдырмауға көмектеседі. Сол үшін облыс тұрғындарына екпеге ерекше көңіл бөлу керектігін ескертіп, денсаулыққа немқұрайды қарамауға шақырамыз.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжан ТҰРСЫН





