Ел тарихын түгендеу, бабалардың ерлігі мен батырлығын дәріптеу, өнегелі өмірін тереңнен талдап жазу бүгінгілер үшін аса жауапты іс. Десе де оқулығы жұқана келетін қалың тарихымыздың айшықталмай жатқан тұсы көп. Тамырлап, талдап беретін тұлғалардың өнегесін ұрпақ санасына сіңіруден асқан ғибратты дүние болмаса керек. Осы орайда жетісулық тарихшы, өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлының тарих пен шежіреге қосып жатқан үлесі қомақты.
Үйін тұтас кітаппен көмкерген, 20 мыңға жуық кітабы бар Құлтай ақсақал тарихқа ден қойғалы бері бірнеше туындының авторы атанды. Жазған-сызғанын кітап етіп бастырған оның еңбегі тарихи тақырыпқа негізделген. Осы жолы да «Жалайыр Сыпатай батыр» атты ғылыми-этнографиялық зерттеуін жинақ етіп құрастырыпты.
«Тамшыдан теңіз құралады» дегендей, бір рудың тарихынан бүкіл елдің құндылығын тануға болады. Осы ретте Жалайыр руының тарихын зерттеп, батырлары мен билерін айшықтап жүрген автор Сыпатай батыр тұрғысында кітап жазып шыққан. 7 бөлімнен тұратын ғылыми-этнографиялық зерттеуінде батыр тұлғасы, өмірі мен шежіресі, ерлігі мен өрлігі тұтастай дәріптелген.
Аталған кітаптың алғашқы бетін ашсаңыз: «Бұл орта- ғасырлық қазақтың біртуар ұлы Сыпатай батыр (Сұпы би) туралы ғылыми-этнографиялық зерттеу кітабы Отан тарихында тұңғыш рет шығып отыр» деген сөзге кезігесіз. Батыр туралы алғаш рет оқырманға жол тартқалы тұрған ғылыми -зерттеу екенін аңдағанда, еріксіз туындыға бас қойғыңыз келеді. Одан ары қарайғы: «Ол Бәйшегір Тоқтыбайұлы, қарақыпшақ Қобыланды батыр, жалайыр Байбөкен, Балғалы билердің замандасы», – деген секілді деректерден батыр баба өмірімен қанығуға болады.
Өз заманында батыр, би болған Сыпатай Орақ батырдың адал досы, жан серігі болған. Қазақ тарихында есімі алтын әріппен қашалған тұлғаның там-тұм дерегін көркемдеп, айшықтап берген Құлтай Нұрқалбайұлының «Жалайыр Сыпатай батыр» атты ғылыми еңбегінде аталған тұлғаның тарихы мен шежіресі, ерлігі бедерленген.
Айта кетерлігі, 400 беттен тұратын кітап туынды иесінің «Жалайыр тарихынан» сериясымен шығып жатқан 10-шы кітабы.
«Қандай болған жағдайда да ата-бабаның ізгі есімін қайта тірілту, өткен буындардың істері мен сөздері туралы тарихи естеліктерді қайта жаңғырту – жақсылықтың (ізгіліктің) белгісі, тек бұл жақсылық көрнекті де ерекше қасиетті ұрпақтардың әрі мәртебелі мұрагерлердің табанды күш салуларының арқасында, Раббани құптау және Құдайдың көрсеткен илахи көмегімен ғана орындалады», – дейді Рашид ад-дин Хамадани. Ендеше, тарихи тұлғаның тағылымды ойын өрісті етіп жүрген Қ. Нұрқалбайұлының аталған еңбегі тарих деген телегей-теңізге тамған тамшы деп білген жөн.
АРДА БИ





