Ауыл – барша қазақтың темірқазығы. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін өсіріп, тыныс-тіршілігін бір арнаға келтіру – біздің мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі. Ал ауылдағы ағайын үшін негізгі табыс көздерінің бірі – жер. Жер- ананы емген еңбекші халық қашанда несібесінен қағылған емес. Алайда, жермен жұмыс істеушілерге кездесетін көлденең кедергілер көп. Олардың қатарында сәт сайын ауысатын ережелер де, жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілетін несие де, қарапайым шаруалардың кейде атүсті қаралатын құқығы да бар. Бұл саланы бес саусағындай білетін маман әрі бизнесмен Бекет Әбішев жермен жұмыс істейтін халықтың жағдайын жақсарту үшін бірнеше бағыт ұсынуда. Ол ауыл ғана емес, қала тұрғындарының да бұл саладан табысты бола алатынына сенімді.
– Біз алдымен ауылдың, содан кейін қаланың азаматтарына жерді тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетуіміз керек. Әрине, бірінші кезекте ауылдағы ағайынның бұл саланы жетік меңгеріп алғаны дұрыс. Бірақ, бұл жермен тек ауылдықтар ғана айналысуы керек дегенді білдірмейді. Қала тұрғындарының да жерден несібесін табатын мүмкіндігі зор. Ол үшін шаруаларға жол көрсетіп, бағыт сілтеп, қағазбастылық пен бюрократиядан құтқарып, несиелеудегі пайыз мөлшерлемесін азайтуымыз керек, – дейді Бекет мырза.
Бекет Әбішев Алматы облысы, Қарасай ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Ауылшаруашылығы саласын жетік меңгерген ол мұндағы түйткілді мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде Nur Otan партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер атанған Бекет Құдайбергенұлы ауыл және қала тұрғындарының жер арқылы еңбек етуіне, табыс табуына мүмкіндік жасау керек деп есептейді.
– Біраздан бері агролизинг жобасы жайлы айтып келемін. Бұл қаржылық жалға алудың бір түрі. Алдымен бос жатқан жерлерге шаруалар иелік етеді де инжинирингтік ұйымдардың көмегі арқылы жер әртүрлі дақылдарды егуге дайындалады. Кейін дайын плантациялар шаруаларға лизингке беріледі, ал өнімді өткізу жайына алаңдаудың қажеті жоқ. Мұнымен сервистік-дайындық орталықтары айналысады. Осы орайда, мұндай лизингтік тәсіл арқылы тек ауыл емес, қала тұрғындарының да мол табыс табатын мүмкіндігі бар. Бұл «urban gardens» тәсілі арқылы жүзеге асады, – дейді бизнесмен.
Бекет Әбішевтің айтынша, отбасылық «urban gardens» қалалықтардың қалтасын қампайтып қана қоймай, орта тап өкілдері үшін инвестиция құятын құрылғы болмақ. Яғни, бұл жоба арқылы жұмысы жоқ азаматтар жұмыс тауып, орташа дәулеті барлар салым сала алады.
– Бәріміз де 90-шы жылдарды ұмыта қойған жоқпыз. Экономикамыз шатқаяқтап тұрған кезде қала тұрғындарын сырттағы саяжайы құтқарып қалды. Әрине, біздің қазіргі жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Десе де, қаладағы фермерлік кәсіпті жетілдіруді ұмытпаған жөн. Бұл бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін сақтап, өз өнімдерімізді тұтынуға жол ашады. Ірі қалалардың шетіндегі кішігірім ауылдар отбасылық «urban gardens»-ті дамытуға таптырмайтын мүмкіндік. Осындай әдіспен жұмыс істейтін шаруашылықтар арқылы үлкен мегаполистердің айналасына азық-түлік белдеуін құра аламыз. Ал мұндай белдеу қазіргідей індет кезінде бізге артық болмайды. Себебі, коронавирус қаупі бүгін-ертең жойылады деп айта алмаймыз. Ал отбасылық «urban gardens» қала тұрғындарының табиғи өнімдерді тұтынуына, жұмысы жоқтардың табыс табуына, қалталы азаматтардың инвестиция құюына жол ашады. Жоғары еңбек өнімділігіне, азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін жобалардан біз бас тартпауымыз керек, – дейді маман.
Жер – адамзатқа жұмыс істеу үшін берілген ыңғайлы ресурс. Ал мұндай байлықты игеру әрі тиімді пайдалану үшін біршама жобаларды жүзеге асыру жеткілікті. Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, елдегі еңбек өнімділігінің артуы, азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы секілді маңызды аспектілер жермен өнімді жұмыс істегенде орындалатыны анық. Сондықтан Бекет Әбішев жер мәселесіне келгенде шаруалардың үлкен тәуекелге баратынын ескеріп, балама механизмдерді қолданысқа енгізу керек деп есептейді.
Ақырыс Бөкенбайқызы





