Облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаеваның төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезекті ХVI сессиясы өтті. Онда «Жетісу облысының 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 11-64 шешіміне өзгерістер енгізу, облыс бюджетінің өткен жылғы орындалуы туралы мәселелер қаралды.
Осыған байланысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталинов, облыстық қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова, тексеру комиссиясының төрағасы Ардақ Тоқбергеновтың баяндамалары тыңдалды. Жиында Мемлекет басшысының бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында имидждік және басқа да тиімсіз іс-шараларды тоқтату жөніндегі тапсырмасын орындау үшін экономикалық өсуді қамтамасыз етудің басым бағыттары жоспарына сәйкес бюджетті қайта бөлуге және бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері мәлімдеген өзекті мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар енгізілді.
Белгілі болғандай, кірістер бойынша облыстық бюджеттің парамертлері 100,7%-ға орындалған. Облыстық бюджет кірістерінің басым бөлігін республикалық бюджет есебенен түскен трансферттер құраған. Атап айтқанда, 2023 жылы РБ есебінен бөлінген трансферттер үлесі – 87%, меншікті кірістер – 11%, төмен тұрған бюджеттерден трансферттер – 2%. Өткен жылмен салыстырғанда трансферттік түсімдер – 25,4%, салықтық түсімдер – 235,3%, салықтық емес түсімдер – 175,1%-ға артқан. Ал негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер құрап отыр. Нәтижесінде былтыр 31 560,1 мың теңге қаражат түскен.
Өткен жылғы облыстық бюджеттің шығыс бөлігіндегі жоспар 471,1 млрд. теңгені құраса, нақты жұмсалғаны 470,3 млрд. теңге. Яғни, бюджет шығыстары 99,8 %-ға орындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біраз жоғары. Ал игерілмеген қаражат көлемі 0,8 млрд. теңге. Айта кетейік, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бюджет қаражатын толық және тиімді игермеулерінің басты себебі қаржылық жыл ішінде игеруге мүмкіндік жоқ соммаларды басқа мақсаттарға бағыттамай, игерілуін жылдың аяғына қалдыруы. Бюджет шығыстарының басым бөлігі білім беру саласы – 40,3%, денсаулық сақтау – 3,3%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 3,6%, көлік және коммуникация – 6,0 %, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік – 5,3%, ауыл шаруашылығы – 8,6% үлеске ие.
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде ҚР Ұлттық қорынан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру нысандарын салуға берілетін нысаналы трансферт есебінен Алакөл ауданының Достық ауылында 600 орынды орта мектеп және Панфилов ауданының Жаркент қаласында 1200 орынды орта мектеп салуға 4,2 млрд. теңге бөлінген. Жыл соңына қарай 798,1 млн. теңге игерілмеген. Оның негізгі себебі мердігерлер мен жеткізушілердің шарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты сот талқылауларын жүргізу болып табылады.
Облыстық бюджет шығындарының құрамында өткен жылы инвестициялық жобаларға қарастырылған қаражат облыстық бюджет шығындарының 16,1% құраған. Бюджеттік инвестициялардың ҚР-ның Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен 36,2%, республикалық бюджет трансферттері есебінен 10,3%, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 45,9%, ішкі қарыздар есебінен 7,7% жүзеге асырылған. Бюджеттік инвестициялық жобаларға қарастырылған қаражаттың 44,9% аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне берілген.
Бюджеттік инвестициялардың басым бөлігіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы ие. Ол жалпы бюджеттік инвестициялық жобалардың 25,8%-ын құраған. Белгіленген мерзімдерде 2 бюджеттік даму бағдарламасы бойынша бюджет қаражаты игерілмей, 10 инвестициялық жобаларды аяқтау қамтамасыз етілмеген. Биылдың 1 қаңтарына облыстық бюджеттің дебиторлық қарыздары 574 684,6 мың теңгеге азайып, 23 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша 1 564 881,1 мың теңгені құраған.
2023 жылы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері, оларға бағынышты мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша тексеру комиссиясымен жүргізілген 6 аудиторлық іс- шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 145 532 090,0 мың теңге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің төмен жауапкершілігі бюджеттің жоспарлануына, атқарылуына жауапты уәкілетті органдарымен бірлесе жұмыс атқармауы және тиісті талдау жұмыстарының жүргізілмеу себебінен бюджет қаражатын сапасыз қолдануға жол беру салдарынан жалпы сомасы 6 205 189,0 мың теңгенің тиімсіз жоспарлануына, 27 149 500,0 мың теңгенің тиімсіз пайдаланылуына жол берілген.
Жиын барысында сондай-ақ, бюджет қаражатын пайдалану кезіндегі бұзушылықтың негізгі себептері аталып өтті. Олар:
- бюджет қаражатын пайдаланушылардың ҚР заңнамаларының талаптарын жетік білмеуі және қаржылық тәртіптің төмендігі,
- бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, бюджетті жоспарлау және атқару жөніндегі уәкілетті органдар тарапынан бюджет қаражатын пайдалануды тиімді бақылаудың және мониторингтің болмауы,
- бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан ведомстволық бағыныстағы мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысын тиісті деңгейде үйлестіре алмауы болып отыр.
Денсаулық сақтау саласындағы квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан ҚР-ның 2011 жылғы 1 наурыздағы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарын сақтамау фактілері орын алған. Қаржы басқармасы тарапынан бюджеттік бағдарлама әкімшілері ұсынатын қаржылық есептілікті жетік қадағаламауынан және бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан жіберілген олқылықтар салдарынан бұрын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жарғылық капиталды толықтыру түрінде жіберілген 142 707 366,3 мың теңге қаржылық инвестициялар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жекелеген шоғырландырылған бухгалтерлік баланстарында «Ұзақ мерзімді қаржылық инвестициялар» ретінде көрсетілмеу фактілеріне жол берілген.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан ведомствалық бағынышындағы кәсіпорындар бойынша тиісті талдау жұмыстары мен мониторинг жұмыстарының деңгейі және коммуналдық меншіктің тиімді пайдаланылуы бойынша тиісті есеппен қадағалау деңгейі төмен. Жинақталған жедел ақпараттарға сәйкес, облыстық коммуналдық меншіктегі 188 квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тек 16,5%-ы 2023 жылды пайдамен, 83,5%-ы жылды шығынмен немесе нөлдік деңгеймен, оның ішінде 8 басқармаға қарасты 25 квазимемлекеттік сектор субъектілері
2022-2023 жылды қатарынан шығынмен аяқтаған.
Сондай-ақ, облыстық бюджетке түсуі тиіс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің таза табысының бір бөлігі аудандық және қалалық бюджеттерге түсуіне жол берілген. 2021 — 2025 жылдарға арналған «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 120 нысаналы индикатордың 79-на қол жеткізілген, 7 индикаторға қол жеткізілмеген, 15-і бойынша статистикалық деректер жоқ, 17 — индикатор бойынша орталық мемлекеттік органдар жоспарлы көрсеткіштерді жеткізбеген.
Жиын барысында депутаттар жіберілген кемшіліктердің себеп-салдарын нақтылау үшін бірқатар сұрақ қойып, жауап алды. Содан соң облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту бойынша ұсыныстарды қолдап, дауыс берді. Сонымен бірге облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 15-46 «Жетісу облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешімі мен «облыстық мәслихаттың ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының сан құрамын белгілеу және төрағасы мен мүшелерін сайлау туралы» облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 30 наурыздағы № 1-5 шешіміне өзгерістер енгізіліп, облыстық мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға шешім қабылданды.
Соңында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сөз сөйлеп, ой қорытты. Айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 10,1 млрд. теңгеге 630 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарлануда. Биыл Молалы айналма жолынан (Алматы-Өскемен автокөлік жолы) Лепсі ауылына дейінгі асфальтбетон жабынының төменгі қабаты жасалған жолды ашу үшін 5,7 млрд. теңге бағытталады. Мемлекет басшысының облыстағы екі қант зауытының қуаттылығын толық қамтамасыз ету және 2026 жылға қарай шығарылатын ақ қант көлемін 180 мың тоннаға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл қант қызылшасының егіс алқабын 11,5 мың гектарға жеткізіп, 461 мың тонна қант қызылшасын жинап, 110 мың тоннаға дейін ақ қант өндіру көзделіп отыр. Ол үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ақсу қант зауытын іске қосу, қажетті өндірістік жабдықтарды сатып алуға 1,3 млрд. теңге бөлу көзделген.
Әсет Серікұлы сондай-ақ, есепті жылы жіберілген кемшіліктерге жол берген бюджеттік бағдарлама әкімшілері алдағы уақытта жоспарланған бюджет қаражатын тиімді жұмсау және бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізу жұмыстарының жүргізілетінін айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерді және 2023 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді бірауыздан қолдаған депутаттарға алғысын білдірді.
Айгүл Байбосынова
Суретті түсірген Руслан Қадыров