Бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстап, ауылдың ырыс-берекесіне мұрындық болған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, өрелі немере-шөбере, шөпшек өрбіткен асыл ана, «Құрмет белгісі» орденінің игері Базархан Мәукеқызының өмір жолы өнегеге толы. Өмір атты тынымсыз тіршілікте көңілі таудың таза ауасындай, пейілі дарқан даладай, даналығы дариядай асыл жанның есімін ерекше ықыласпен айтсақ артық болмас.
ТАҒДЫР СЫЙЫ
Шаңырағының шаттығын Тәңірден тілеп, елдің амандығы үшін дұға жасаудан шаршамаған асыл ана Базархан Мәукеқызы «Алыс та жақын болар жолын тапсаң, жақының алыс болар қолын қақсаң» деген мақалды өмірінің басты қағидасы етіп ұстанған. Асыл әже бүгінде шөбере қолынан қымыз ішіп отырған бақытты жан. Балаларының, немерелері мен шөберелерінің текті ұрпақтан тарайтынын айтып, саналы болып есеюіне даналық ақылымен ықпал еткен әдемі әжені шынымен бақытты ана деп айтуға болады.
Базархан апа құлпырған 19 жасында тұрмысқа шығып, Құдай қосқан қосағы Әліпбай Жаңбырбаевпен небәрі 11 жыл ғана шаңырақ түтінін бірге түтетті. Айтып келмейтін ауыр дертке шалдыққан парталасы, досы, өмірлік серігі мәңгілік мекенге аттанса да соңынан өшпес із қалдырды. Қос ұстаздан тараған екі ұл, үш қызды 30 жастағы өжет ана құшағына алып, Әліпбайдай азаматының қара шаңырағының отын өшірмеу үшін күндіз-түні еңбек етті. Алды 10 жаста, кенжесі 1 жаста әкесінен айырылған балапандарын аяқтандыру үшін күндіз-түні еңбек ете жүріп, бәрін қатарынан қалдырмады. Өмірдің қиындығына мойымай, барлық баласының жоғары білім алуына жағдай жасаған асыл ананың еңбегі ерен. Өжет, намысқой, ақылды ананың тәрбиесін алған балалар шетінен өнерлі, батыл, еңбекқор болып өсті. «Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің» демекші, асыл ананың үкілеген үміті ақталды. Әке тегінен қуат алған ұрпағы ел дамуы жолында еңбек етуінің өзі жалғызбасты ана үшін үлкен мәртебе. «Апалап, әжелеп» ыстық құшағына енген немерелері мен шөберелері үшін Базархан апа – әлемдегі ең мейірімді әже. Мейірімді, қайырымды болуы Базархан апаның бойына асқар таудай Мәуке әкесінің қанымен, асыл анасы Мәлике апаның ақ сүтімен дарыған. Шаруақор әкесінің қасында жүріп, ат жалын да ерте ұстаған. Он жастағы қаршадай қыз жүрексінбей талай жүйріктің ауыздығымен алысып, тұлпардың құлағында еркін ойнаған. Бұл Базархан апаның балдай тәтті бала шағындағы ең керемет көріністің бірі.
АПАМА АҚ ТІЛЕК
Жәнібек ЖАҢБЫРБАЕВ, Базархан апаның немересі:
– Әулетіміздің киесі, барлығымыздың ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған апама үлкен рахмет айтамын. Тілеуімді тілеген, еркелігімді көтерген, мен ауырсам жаны ауырған, көрмей қалса сағынған, көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазына, сөзі қасиетті апамды жанымнан да артық жақсы көремін. Бала күнімнен қазақ әндерін жаттатқызып өсіргендіктен Нұрлан Өнербаев сүйікті әншіме айналды. Қазіргі таңда таза қазақша сөйлеуіме де апамның сіңірген еңбегі көп. Нұрлы жүзіне жарасқан ақ жаулығынан, бар тәттіні аузыма тосып, бар жақсыны үстіме кигізіп, еркелетіп өсірген, қызық ертегісі мен ақыл-өсиетін құлағыма құюдан жалықпаған дана апама Жаратқан біздің қызығымызды ғана көретін ғұмыр нәсіп етсін деп тілеймін.
САҒЫНЫШ САЗЫ
Талай жанның жүрегіне жазылмас жара салған соғыстың суық естелігі әлі де болса жүрекке салмақ түсірмей қоймайды. Бұл ауыр сөзді Базархан апа 6 жасында алғаш естіді. Ойын баласы болса да соғыс ызғарын өзгелермен тең сезінген қызғалдақтың есінде мәңгі өшпестей ауыр күннің ащы естелігі сақталды. Әкесінің үш інісі, ауылдастары соғысқа аттанғанда еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ұлардай шулап шығарып салатын қайғылы көріністі әлі ұмытпаған әже азат елдің еңсесі биік болуын тілеуден шаршаған емес. 10-сыныпты енді бітірген ағасы Манап Қарбозовтың өзі сұранып соғысқа аттанған ерлігін көзкөргендер әлі ұмытқан емес. Ағасының батылдығы бүгінде әже болып, шөбере бесігін тербеген кейіпкеріміз үшін зор мақтаныш.
Монтиып масақ теріп, шөмелеп шөп жинап жүрген алаңсыз балаларды құшағына қысып, бауырына басып, маңдайынан мейірлене сүйіп, тіпті, көз жасына ерік беретін 17-18 жастағы келіншектер соғысқа аттанған азаматтарын сағынғанда балаларға мейірленгені сары сағынышты басудың бір амалы екенін ойын балалары кейін түсінген-ді. Су сұраса сүт берген асыл жеңгелеріне деген сағыныш әлі күнге басылмағанын да аяулы ана жасырмады.
Бірде 4-фермада тұратын нағашы ағасының үйіне қонаққа барған жиені Базархан ойнап жүріп, қабырғада ілулі тұрған қолды көріп, қатты шошынып қалғаны есінде. Үнемі көпке жанашыр болып жүрген нағашысы да соғысқа бір қолын қалдырып келгенін жиені кейін білген. Қыздың қызғалдақтай құлпырып жүргенін қалаған нағашысы жиеніне қызыл етік сыйлағандағы қуанышы күні кеше ғана болғандай көз алдында. Қожақан Қарақызовтай ардагер нағашысының батырлығын Базархан апа ұрпақтарына үнемі айтып отырады. Сұм соғыстың суық ызғары ана жүрегінде мәңгі сақтаулы.
ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛ
Әке-шешесін, ата-енесін, бес перзентін, қайын ағаларының балаларын, оған қоса интернаттағы малшылардың бала-шағасына бар мейірімін төккен мейірбан жан табан аудармай 39 жыл бір білім шаңырағында қылтқысыз қызмет етті. Қара шаңырақтан талай шәкіртке саналы тәрбие, сапалы білім беріп қанаттандырды. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері әлі күнге дейін алғыс айтып, мерекелерде арнайы құттықтауды дәстүрге айналдырған. Бұл – ұстаз еңбегінің ақталғаны.
«Үнемі періштелердің арасында жүрдім. Сол үшін де бақыттымын» деген аяулы жан өзгенің баласын өз баласынан кем көрген жоқ. Жаз жайлауда, қыс қыстауда жүрген балаларды уақытынан бұрын интернатқа алып келген ата-аналар Базархан апаның үйіне түсіріп кететін жағдайлар да жиі орын алған. Көшіп-қонып, мал артынан еріп жүрген ата-ананың балаларына уақыт таппай жататыны анық. Сол үшін балалардың тазалығы, олардың білім алуы, сауат ашуы тікелей тәрбиешілердің мойнындағы жұмыс еді. Шанханайлық балаларға мерекелік жиындарға түрлі киім тігу де біздің кейіпкерге тапсырылған. Он саусағынан өнер тамған асыл жан анасынан үйренген бар өнерін салып, балаларға қуаныш сыйлау үшін еш аянбайтын. Үйдің де, түздің де жұмысына уақыт тауып, елдің алғысын алған ана бүгінде ортасының сыйлы қариясы. Олай болса, жиырма жыл мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы болған, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің, «Еңбек ардагері» медалінің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Республикалық әйелдер съезінің ІІІ мәрте делегаты, 14 немере, 23 шөбере сүйген әдемі әжеге ұзақ ғұмыр тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ




