Талдықорған қаласындағы Ардагерлер үйінде «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кездесуде адал тердің арқасында абырой тауып, ел-жұрт қиналғанда еселі еңбегімен демеуші болған, шаруасын шалқытып, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрген фермерлер марапатталды. Бұл ретте облыс бойынша марапатқа 34 фермер ие болыпты. Пандемиялық ахуалға байланысты Талдықорған қаласына жақын орналасқан аудан, қаладағы 18 фермерге марапатты «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков тапсырса, шалғайырақ тұратын шаруаларға жергілікті әкімдер табыс етті.
Марапаттау салтанаты басталмас бұрын «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» облыстық филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков биылғы атқарылған жұмыстарды саралап шықты.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша аймағымыздағы ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 634,6 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 102,4 пайызға орындалыпты. Осының өзінен-ақ ағымдағы жылғы қиын жағдайда сала мамандарының қаншалықты тынымсыз еңбек еткенін көруге болады.
Карантиннің барлық ереже-тәртібін сақтай отырып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін жұмыстары сәтімен аяқталған. Өнімділік те жоғары деңгейде. Айталық, 650,9 мың тонна масақты дәнді дақыл, 115 мың тонна жеміс-жидек, 766 мың тонна картоп, 973,5 мың тонна көкөніс және 108,6 мың тонна бақша дақылы жиналған. Дегенмен, бірнеше аудандар көкөніс, кейбірінде жеміс жинау бойынша жоспардың толығымен орындалмай қалғаны байқалды.
Бір қуанарлығы, биыл қант қызылшасының шығымы тәуір болып, 550 мың тонна тәтті түбір жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың тоннаға артық. Мал мен құстың барлық түрінің басы орта есеппен 7,4 пайызға, ет пен сүт өнімдерінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан. Есесіне құс фабрикаларында құс басының азаюы, демеуқаржының болмауы және жемшөп бағасының өсуі салдарынан жұмыртқа өндірісі төмендеген.
Облыста бүгінгі таңда 70,2 мың басқа арналған 106 бордақылау алаңы, 25,7 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Биылғы жылы бірқатар бордақылау алаңы мен тауарлы-сүт фермасы жаңадан құрылыпты. Өңделген өнім экспорты 40 пайызға артқан. Дегенмен экспорт жоспарын орындай алмаған аудандар да бар. Жетістік пен кейбір олқылықтарды, орындалмай қалған жоспарларды салыстыра келгенде аймақ фермерлері биыл өздерінің алға қойған жоспарын жақсы көрсеткіштермен орындап шықты деуге болады.
Дей тұрғанмен фермерлердің шаруасын шалқыту үшін кедергі болып отырған жағдайлар да жоқ емес. Бұл туралы Ақшабай Дүйсенбекұлы:
– Атқарылған ауқымды жұмыстар мен орын алған қиындықтарды ескере отырып, республикалық фермерлер қауымдастығының төрағасы Ж. Дайрабаевтың атына фермерлердің жұмысына кедергі болатын мәселелерді жою мен Qoldau kz тарифінің пайыздық мөлшерлемесін көтермеуді, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне импорттық ауылшаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын алып тастауды талап ететін хаттар жіберілді. Осы тұрғыда «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында өткен республикалық фермерлер қауымдастығының бейнеконференциясында шаруалар өздерінің ұсынысын ортаға қойды. Пандемия басталған кезде аймақтағы фермерлерге ауыр тигені анық. Осы тұста облыстық филиал төрағасының орынбасары Алмасбек Садырбаев Парламент Мәжілісі депуттаттарына фермерлердің жанайқайын жеткізіп, «Жасыл дәліздің» ашылуына мұрындық болды. Бұл да жетісулық фермерлердің жетістігі. Облыс әкімі орынбасарының атына су мәселесін шешіп беру туралы, Ақсу, Сарқан, Қаратал, Көксу аудандарында қант қызылшасын өсіретін шаруашылық басшыларының өтініштері бойынша қант қызылшасының бағасын 20000 теңгеге көтеруге ұсыныс жасалды. Олардың бірқатары шешімін тапса, шешімін таппай тұрғаны да бар.
Аймақтағы фермерлердің бас ауруына айналған тағы бір мәселе – мал ұрлығы. Осы қиындықтан шығу үшін малға арналған отандық чип жасау жүйесін қолға алып, электронды сырға жасау өндірісін дамытып, спутниктік бақылау орнатуға арналған чиптер шығаруға бейімделген жөн. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деп түйді сөзін.
Дүниені дүр сілкіндірген пандемияның салдарынан әлем экономикасының құлдырап қалғаны белгілі. Осы күрделі кезеңнен қиналмай шығу үшін мемлекет ауылшаруашылығына және осы салада еңбек етіп келе жатқан жандарға үлкен сенім артып, қолдау көрсетіп, жағдай жасауға барынша көңіл бөлуде. Биыл елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылықты сақтауда фермерлердің көрсеткен қажыры ересен. Сондықтан оларға жасалған қандай құрмет те көптік етпейді.
Әрине, олардың еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Бұл реткі кездесуде зейнеткер Ғалым Тұрғанбаев, «Жетісу» ӘКК» АҚ-ның ауылшаруашылық технологиясының кеңесшісі Әбілхайыр Бексұлтанов, «Сариев» шаруа қожалығының басшысы Серік Сариев «Ауылшаруашылығы үздігі» төсбелгісімен, «Квитко» шаруа қожалығының жетекшісі Квитко Александр «Еңбек ардагері», 6 фермер «Құрметті ардагер» медалімен, 4 фермер Ауылшаруашылығы министрлігінің және 7 фермер «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапаттан кейін мінберге көтерілген Ғалым Тұрғанбаев пен Әбілхайыр Бексұлтанов өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ауылшаруашылығы саласын дамытудың тетіктері мен фермерлер бетпе-бет келетін қиындықтар және оларды шешу жолдарымен бөлісті.
Қажет АНДАС





