Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Өткен күн тарих, ертең сол тарихтың жалғасы. Келер күннің қалай болмағы бір Аллаға аян. Ал кешегі… Кешегі тас бетіне түскен таңба. Азғантай пәлсапаны қозғауға қазақтың өткені сеп. Алты Алаш баласының тауанды тарихы сиямен емес, қанмен жазылыпты. Содан болар, сол қазақ «мың өліп, мың тіріліп» (Жұбан Молдағалиев) дәуірге, сандық һәм жаһандану ғасырына жетіпті. Жөргегінен айқасуға, шайқасуға даяр болған батыр халықтың өткенін ешкім мансұқ көре алмайды. Бірақ, баба жұрттың кепкен сүйегіне таңба, бүгінгінің мойнында қарыз болып жүрген бір жайт бар. Жайт емес-ау, сөз бар. «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары…»
Құлаққа түрпідей тиетін осынау сөз қарға тамырлы қазақты ел етемін, өз алдына шаңырақ етемін деген тұлғаларды қынадай қырған оқиғаға берілген шынайы баға емес-ті. Ойды қуаттай түссек. 2001 жыл, 11 қыркүйек. АҚШ, Нью-Йорк қаласы. Лаңкестер басып алған әуе кемелері Дүниежүзілік сауда үйіне соқтығысты. Қандықолдардың нәтижесінде 3 мыңға жуық адам қаза болды. Осы датаны АҚШ халқы әлі күнге өксікпен еске алады. Барлық шараны доғарып, қайғырады, қамығады.
Қазақ тарихында 1921 жылы басталған зобалаң 1937 жылға дейін жалғасты. Ашаршылық. Қуғындау. Жазалау. Ату. Көмусіз қалдыру. Тәңірден басқа тілеулесі жоқ қазақтың сол қырғында қаншасы опат болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бір анығы, 2001 жылғы қыркүйектегі лаңкестердің қолынан қаза тапқан американдықтардан 1000 есе көп қазақ жантәсілім етті. Нақтылай түссек, ғалым Талас Омарбеков ашаршылық һәм саяси қуғын-сүргін салдарынан 2 млн. 300 мың қазақ опат болды дегенді айтса, кейінгі кездегі ақпар 4 млн. 836 мың қазақ қырғын болғанын айтады. Қазір Қазақстанда 14 млн. 200 мыңнан сәл асатын қазақ бар. Ал, зобалаң жылдар қазіргі қазақтың 3/1 қырғынға ұшыратты деген сөз.
Қызыл империяның қанды қырғыны неге қазаққа осынша зобалаң әкелді? Заңды сұрақ. Ұлан-ғайыр атырапты мекендеген қара ормандай халықты бағы мен барынан айыру қажет болғандай. Әрі зобалаңның қанжары алты Алаштың оқыған, тоқыған, қараңғы көгіне өрмелеп шығар күн болуға лайықты азаматтарына тиді. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Қараұлы (Жүргенов) сынды ұлт зиялысын опат етті. Кез келген ұлтты өрге сүйрейтін, дамытатын, өркендететін зиялысы. Ұлттың ұлы ұлдары күнбағыстың гүліндей еді. Халық сабағы-тын. Күн қайдан шықса, гүл сонда бағыт бұрып, нұр жинаушы еді. Қызыл империя гүлді қырқып тастады да, ұлт бағытынан жаңылды. Өйткені қажеттіні де, қажетсізді де бойына сіңірді. Ұлттық кеңістігінен айнып, құдайсыздық, рухсыз соқпағына бет бұрды. Қазақстан өз алдына дербестік алып, өткенін зерделей келе Алаш арыстарының қалдырған аманатына қанығып, бұрынғы кеңістігіне қайта оралуда.
Алаш арыстары шынында ұлттың ұлығы, тұнығы еді. Өз мүддесінен бұрын ұлт тағдырын, ел мүддесін жоғары қойғандар дәйім ұлық болуы тиіс. Себебі, олар халықтың бір тұтқасы болуға ұмтылды. Бола білді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың сөз жасамы мен әліпбиін, Әлихан Бөкейханұлы дала демократиясын, Мағжан Жұмабаев ұлт педагогикасын, Міржақып Дулатұлы өркениеті мен дағдысын зерделеді, екшеді, келер ұрпаққа жеткізуді мақсұт тұтты. Әлі де олардың еңбегіне баға жөнді берілмей келеді. Әйтпесе, мектеп қабырғасында ұлт ұстазы Ахаңның әліпбиі біресе оқытылып, біресе оқытылмай әлек қылмас едік.
Уақыт – толқын, халық жағадағы құм секілді. Ал ұлттың ұлы ұлдары жартас сықылды. Толқын жағаға ұрғанда алып тастар құмның су ығында кетпесін қамтамасыз етіп отырды. Мұны ұққан қызыл империя жартастармен алысты. Атты. Шапты. Мақсатына жетіп, толқынмен халықты ықтырды.
Қазір егемен Қазақстанның әр күнінде бір мереке. Бала-шағаны былай қойғанда, әр мамандыққа бір күнді теліп қойдық. Қазақстан халықтарының бірлігі күні де бар. Сөз басында Америка Құрама Штаттарындағы лаңкестік туралы сөз еттік. Мұхиттың арғы басындағы елдің халқы сол кездегі 3000 адамды қырғын қылған апатты әлі күнге күйінішпен еске алады. Ал қазақтың тарихында сызат, сызат емес, үлкен ойпат пайда қылған, 4 800 000 ұлт өкілін қынадай қырған оқиғаны, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жай ғана еске аламыз. Ұлт зиялылары қазақ үшін жанын қиғанын ескеріп, 31 мамырды еске алу күні емес, «Ұлт күні» десек артық болмас еді. Құр еске алмай, бабалар аруағына сыйынып, ұлы ұлт екенімізбен рухтанатын күн болар еді…





