Жантас Әлмағамбетов пен Ләйлә Назарбекованың Филиппин астанасы Манилада тұрып жатқанына 20 жылға жуық уақыт болды. Екеуі де Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Ал балалары болса бүгінде 9-сынып оқиды.
– Біздің елден жырақ кетуімізге арнайы себеп болған жоқ. Бар болғаны, жарым «Азия Даму Банкінің» штаб-пәтерінде заңгер болып жұмыс істейді. Ал ол – Манилада орналасқан. Жалақымыз өмір сүруге жеткілікті. Бірақ, әрине, өз еліңдегі үйреншікті жағдайлар мұнда жоқ. Ауа райындағы құбылысты, тағамдарды сағынасың. Бастысы, туған-туыс, мектептегі және университеттегі достардың қашықтығы сезіледі, – дейді Жантас аға.
Шегініс жасайық. Заңгерлер отбасын алғаш жарыстан көрдім. У-шу. Финал. Волейболдан сары құрлықтың жеңімпаз клубы анықталатын сәт. Мұқым Азия көз тігіп отыр. «Жетісу» Вьетнамның «VTV Binh Dien Long An» командасымен ойнайды. Осыған дейін Азия клубтық чемпионаты деген атаумен өтіп келсе, алғаш мәрте «Азия чемпиондар лигасы» деген атпен Филиппинде болды. Жанкүйерлер арасынан Көк туды жамылып алып, рухты жанитын сөздерді айғайға салып, барынша қолдау көрсеткен бір топ қазақстандықтарды байқамау мүмкін емес еді. Осыған дейін Азияның басты жарысында екі рет финалда жеңілген «Жетісу» осы жолы жеңіске жетіп, өз тарихында алғаш рет чемпион болды. Артынша жанкүйерлерге барып, жөн сұрастық. Сонда інісін көргендей бас салып, құшақтап: «Есіміміз Жантас пен Ләйлә. Біз бұл жақта бір шоғырмыз. Қазақстанның командасы ойнайды дегенді естіп, қолдау білдіруге келдік. Бізбен бірге Бауыржан балалары Дарын, Әлібек, Рүстем, қасына кішкентай қызын ертіп Гауһар (оның жұбайы іссапарда болды), Сергей зайыбы Иманмен және ұлдары Максим келді. Біздің қолдау тобымызға тағы үш тайлық қосылды», – деп өздерін таныстырып, жеңістің өз елінің командасына бұйырғанына қатты қуанды. Сол жерде басталған таныстық әлі жалғасып келеді.
– Тіпті ел ішінде бір қаладан екінші қалаға көшкеннің өзінде түрлі қиындықтар туындап жатады. Бізде де сондай жағдайлар орын алды. Филиппинге алғаш келгенде ылғалдың жоғары болуы, маусымнан желтоқсанға дейін созылатын жаңбырлы кезең, таныс өнімдердің болмауы, уақыт айырмашылығы қатты білінді. Ұшақты екі рет ауыстыру, багаж, билеттер, ұзақ күту, қонақүйге орналасу секілді талай қолайсыздықтарды межелі жерге жеткенше бастан өткердік. Мұнда біздің Елшілігіміз жоқ. Алғашында ол Малайзияда болды, одан Индонезияға ауысты. Кейінгі жылдары Манилада Қазақстан Елшілігін ашу туралы әңгімелер жүріп жатыр. Биыл ашып қалады деп үміттенемін, – деді ағамыз. Кейіпкеріміз, одан бөлек, Маниладағы қазақтар жиі бас қосып тұратындығын, әр мереке сайын жиналып атап өтетіндіктерін айтты.
– «Азия Даму Банкінде» жұмыс істейтін жерлестерімізбен жиі араласамыз. Мерекелерді бірге өткіземіз, бір-бірімізге қонаққа барамыз. Бұрын ТМД елдерінен банкте төрт-бес-ақ адам істесе, қазір Қазақстаннан келгендердің өзі бір қауым елге айналды. Үйде қазақтың ұлттық тағамдарын жиі дайындаймыз: бауырсақ, ет, палау, қуырдақ, манты, түрлі тәттілер. Кейбір өнімдер мұнда жоқ: қазы, жая, қарта, қымыз-шұбат. Оларды елден аздап әкелеміз. Қой етін дүкендерден аламыз, негізінен Жаңа Зеландия мен Австралиядан келеді. Қымбат болса да сорпа, ет пісіру үшін сатып аламыз. Қысқасы, біз жиі кездесіп, араласып тұрамыз. Елден жырақта жүргенде сағынышты басып, біраз жадырап қаламыз. Одан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік-стан, Әзірбайжан, Грузия және Армениядан келген достарымыз да бар, – дейді.
Кейіпкерлеріміз елге жылына бір рет келіп-кетеді. Өздерінің айтуынша: «Елге бару уақыты әдетте балалардың каникулына сәйкес келеді. Біз елге тек екі айға ғана келе аламыз. Филиппиндегі америкалық мектепте жазғы демалыс 5-7 маусымнан 5-7 тамызға дейін (әр жылы аздап өзгеріп тұрады). Оның ішінде, Манилада жұмыс істейтіндердің еңбек демалысы бір ай ғана, ал екінші айда жұмыс онлайн режимінде жалғасады. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда жүргендер үшін жұмыс таңғы сағат 6-да басталып, түскі 15.00-де аяқталады. Бұл, әрине, жақсы, бірақ шын мәнінде тым аз жеңілдік (жымиып). Манилаға қайта оралғанда елден «Рахат», «Баян Сұлу» кәмпиттерін алып келеміз. Құрт пен ірімшік, кейде бал мен қазы, сондай-ақ, қарақұмық та салып аламыз. Қарақұмықты филиппиндіктер онша білмейді. Дегенмен, бір қызық жағдай бар: егер филиппиндікті қонаққа шақырсаң, ол «сіздерге қай уақытпен келейін?» деп сұрауы мүмкін. Алғашында түсінбей қаласың, кейін ол түсіндіреді: «филиппиндік уақыт» деген қонаққа 1-2 сағат кешігіп келу. Ал «америкалық уақыт» деген уақытылы келу», – деп.
Елден спортшылар болмаса басқа да сала бойынша мамандар келетін болса, оларға әр кез қолдау көрсетіп, барынша жанашыр болатындықтарын анық аңғартты. Филиппинде өмір сүріп жатқан қазақ отбасылардың басым бөлігі заң, техника бойынша жұмыс істейді. Ана тілден ажырап қалмай, дәстүрді берік ұстана отырып дастарқан жайып, әр мерекені қазақы ұғыммен қарсы алатын отбасының да сағынышы бізді көргенде аз да болса сейілгендей. Ал біз жол жүретін күні Жантас ағадан «елге жеткенде жазып тұруды ұмытпа, біз де жазамыз» деген сағынышқа толы хабарламасы ұялы телефоныма келіп түсті. Алыста қалған ағайынды біз де сағынамыз.
Серік ҚАНТАЙ





