Бүгінде мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналды. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда тұтас ауылдың төрт түлігін үптеп кететіндер тіпті жиілейтіні жасырын емес. Қазірдің өзінде облыс аумағында 80 мал ұрлығы дерегі тіркелген.
Біз ауылда тұрдық. Ол кездері ата-анамыз малды «чиптамақ» түгіл үйді құлыптамайтын заман болған. Бір жаққа кетерде есікті баумен байлап жүре беретін. Ол кезде байлаулы тұрған есікті үй иесінен өзге адам ашпауы қажет деген түсінік болған. Ауылдың үйiр-үйiр жылқысы шұрқырай жайылып, алты ай қыстың өзінде тебiндеп шығатын. Тәрбиені тал бесіктен берген дана халқымыз баланың тұсауын кескенде аяғына ала жіп байлап, біреудің ала жібін аттамасын деген ниетпен ырымдап кескен. Бәлкім содан болар сол кездері үйір-үйір жылқы жоғалды дегенді естімеуші едік. Егер біреудің ақ-адал малын ұрлап, жеке мүлкін рұқсатсыз жымқырған ұры-қары ұсталса, ел алдында масқаралап, қатты жазалайтын.
Ал қазір ше? Төрт түлікті «чиптап», қыл-құйрықтың өзiн қорада ұстайтын заманға жеттік. Себебі, биені бүгімен, түйені түгімен жұтып, жайылып жүрген жылқыңды былай қойғанда арқандаулы тұрған малыңа дейін ала жіппен сүйреп кететіндер көбейді. Бірінің малы өрісте ұрланса, бірінікі қорадан қолды болып жатыр. Ауыл жұрты күн суыған сайын төрт түлікті қыстан шығынсыз қалай аман алып шығатынына ғана емес, соғым уақытысында баукеспелерден қалай аман қалатынына алаңдаулы. Әсіресе, малы ұрының құрығында жиі кететін Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарының тұрғындары. Бұл кезде полиция қызметкерлерінің де жұмысы күшейеді. Қазірдің өзінде облыстық полиция департаменті мал ұрлығын қалай тыямыз деп түрлі шаралар өткізіп, ауыл-ауылды аралап рейд жасауда. Бірақ, төрт түлікке қырғидай тигендермен ауқымды күрес жүргізілсе де, қылмыстың тамырына балта шабу қиынға соғып тұр. Сайда саны, құмда ізі қалмай ұшты-күйлі жоғалып кеткен малдар мен ұрыларды іздестіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын полиция департаментінен сұрап, білдік.
– Бүгінде 12 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру нәтижесінде ұрланған 259 бас малдың 153-і табылды. 19 дерек мал ұрлығы, оның ішінде бұрын болған 17 қылмыс ашылып, 2 қылмыстық топ құрықталды. Мал ұрлығы салдарынан 88 млн. 618 мың теңге келтірілген материалдық шығынның, 22 млн. 608 мың теңгесі қайтарылды. Алайда полиция қызметкерлерімен 22 дерек мал ұрлығына қатысты күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары әлі де жүргізілуде, – деген облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Мади Бағдат төрт түлікті ұрыдан сақтап қалудың бір жолы ірі қараға GPS тректер орнату екенін айтты.
Облыс бойынша тіркелген 80 қылмыстың 21-інде жәбірленушіге ұрланған малдары қайтарылып, күдіктімен татуласуына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылыпты. Мал ұрлығының көбейіп кетуіне ел ішіндегі ұрылармен татуласу да теріс ықпалын тигізетін сыңайлы. «Алдына келсе, атасының құнын кешетін» жұрт талай «барымташыны» ұрлаған малын қайтарып, кешірім сұраған соң түрмеге қаматпай, бостандықта қалдыруда. Жұрттың кешіре салатынын біліп, әбден құнығып алған ұрылар қарақшылығын одан әрі жалғастыра бермейтініне кім кепіл?!
Елімізде мал ұрлығына қатысты заң қатаңдатылды. Бірақ, ұрылар заңның құрығы мен адамдардың обал-сауабына қарамай қарақшылық әрекеттерін тоқтатар емес.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: Фото: tengrinews.kz