Ана. Осы бір үш алтын әріптен тұратын сөз жаныңды тебірентпей қоймайды. Әлемнің барлық мейірімділігі ананың жұдырықтай жүрегінде орналасқан. Адамзат баласы үшін ардақты ананың аялы алақаны мен ыстық құшағына еш нәрсе жетпейді! Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз.
Менің анамды ел Түскен деп атап кеткен, азан шақырып қойған есімі Нүсіп Жексенбекқызы 1922 жылы сәуірдің 10-жұлдызында дүниеге келген. Құдайға шүкір, анам бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында айтулы жасқа келіп, жақсы өмір сүрді. Көздеріне мейірім, жүрегіне жылылық тұнған асыл анам қашанда жақсылыққа жаны құмар, еңбекқор, жібектей мінезімен елге сыйлы жан еді. Біз отбасымызда 5 ұл, 2 қыз болдық. Бірақ, аяулы анам 7 баланың ғана емес, ауылдың, елдің анасы болды. Оның аялы алақаны мен кең жүрегіне әлемнің барлық баласы сиятын. Біздің жеткен жетістігіміз анамыздың арқасы.
Шыны керек, біздің бала күніміз дәл бүгінгідей тоқшылық заман болмады. Менің балалық шағым соғыстан кейінгі қиын заманмен тұспа-тұс келді. Анам да қилы тағдырдың қиындығын көп көрді. Жастық шағында тағдырдың ауыр жүгін арқалай білді. 4 ағасы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, 2 ағасынан «қара қағаз» келді. Оның үстіне айналасы 2 аптаның ішінде әкесі мен атасы дүние салады. Анам 7-сынып бітірген соң түрлі салада қызмет етті. Отбасының қамы үшін қара жұмыста да, дүкенде сатушы болып та қызмет атқарды. Кейін әкеммен үйленген соң бала тәрбиесін қолына алды. Біз де еңбекке ерте араласып, ерте есейдік. 1961 жылы ауыл ұжымшар атанып, қант қызылшасы егіле бастады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қызылшаның алаңында жүрдік.
Анам өмір атты айдында тіршіліктің ауыртпашылығын, жоқшылығы мен таршылығын тартып өссе де ата салтын, дін мен дәстүрін ұлықтап, өз бойындағы асыл қасиеттерінен бір айныған емес. Ол кісісіз ауылда бірде-бір той-томалақ өтпейтін. Қай думанға барса да көркін қыздырып, домбыра тартып, суырыпсалма өлең арнап, өнерімен жұртшылықты тәнті етіп жүретін. Қанша қиын жылдар болса да ұлттық дәстүрді берік ұстанды. Еліне құрметті, сыйы бөлек жан болды. Кеңес өкіметі кезінің өзінде әр жұма сайын жеті нанын пісіріп, көрші-қолаңға таратып жүретін. Ақша бұлттай ақ жаулығын тастамай, бізді тәрбиелеп өсірді.
Мен мектеп бітірген соң өнер жолына түсетінімді айттым. Алғашында әкем қарсы болды. Сонда марқұм анам: «Баланың бетінен қақпайық, Мереке, ауылдың ақсақалдарын жинап батасын алып, қалаған мамандығына жіберейік», – деді. Әкем ауылдың үлкендерін жинап, қойын сойып, батасын беріп, өнер жолыма сәттілік тіледі. Өкінішке қарай, асқар тау әкем менің өнер жолындағы жеткен жетістіктерімді көре алмады. Десе де, ардақты анам мен ойнаған Абай Құнанбаевты, Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, жалпы сахнадағы өнерімді, істеген жұмыстарымды көріп кетті.
2007 жылы анамыз 85 жасқа толғанда көкпар тартқызып, бәйге өткізіп той жасадық. 90 жылдығында да той жасайын деп едік, анам мені шақырып алып: «Мен сендерге ризамын. Анашым деп сыйлап, әр сөзімді тыңдадыңдар. Алдымды кесіп өткен жоқсыңдар. Алтынмен аптап, күміспен қаптап қойдыңдар. Мен ұрпағымды тіл- көзден сақта деп сендердің амандықтарыңды тілеумен келе жатырмын. Маған одан артық ештеңе керек емес», – тоқсан жасын тойлатпады. Ауыл деген береке, ырыс қой. Анам қайтыс болғанда барлығы бір үйдің баласындай жиылды.
Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бүгінгі ұрпаққа айтарым, аналарыңды сыйлаңдар, аялаңдар, құрметтеңдер. Себебі ана – барлық өмірдің бастауы.
Саят МЕРЕКЕҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері





