«Ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен» ерлердің қатары азайып барады. Сиреп барады. Уақыт деген тұрлаусыз дүние жаны барды мына тіршілікте қалдырмайтыны анық. Өмірге талай ер келді, талай ер өтті. Сол тұлғалардың ерлігі арқылы есімі санамызда жаңғырып жатыр. Ұрпақ санасында да жаңғыруда. Әрине, ұмытылмауы тиіс. Кішкене тәмсілден мақаланың кім және не жайында жазылғанын топшылап үлгермедіңіз, білем. Сөз төркіні – күллі адамзатты әбігерге салған Екінші дүниежүзілік соғыс хақында һәм сол зұлматта өрімдей шағына қарамастан байтақ елдің сүйем жерін жау қолына бермеуге ұмтылған батыр жайында. Жетісу өңірінде фашизммен арпалысып, Отанын анталағандардан аман алып қалған көзі тірі төрт батырдың бірі – Ысқақ Құсайынов.
Ғасыр жасаған дана ақсақал қазір Талдықорған қаласында тұрады. «Дүниедегі ең ұлы мамандық – Отан қорғау» деген ұлы тәмсілді тұла бойымен сезініп, сол мамандықты меңгерген қария сонау 1924 жылы Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылында дүниеге келген. Балалық дәуірі коммунизмнің алауы жағылған сәтпен тұстас келген азаматты өмір ерте есейтті. Бозбала шақтың бал кезіне келгенде аранын аш айдаһардай ашқан фашизмнің қара бұлты кеңес жерінде үйірілді. Осындайда нағыз ерлер қарап қалушы ма еді?! Кеудеде жастықтың жалыны алаулаған Ысқақ Әбілпейісұлы бар-жоғы 18 жасында өз еркімен майдан даласына аттанады. Мақсат біреу – Отан қорғау.
Ысқақ Құсайынов жаумен айқасқа Украина майданында Амур әскери флотилиясының «Зенит» дивизиясының сапында кірісті. Туған жердің қарыс жерін дұшпанға бермеуге жанталасты. Майдан даласындағы ерлігі де елеусіз қалмады. Әскери қызметі үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағын алды. Неміс фашизмі құлап, Германия тізе бүкті. Алайда, Жапония әлі де басқыншылығынан бас тартпаған еді. 1945 жылы 8 тамызда Кеңес үкіметі қанды қырғынды тоқтатпаған Жапонияға қарсы соғыс ашты. Қиыр Шығыста кеңес әскеріне Квантун армиясы қарсы тұрды. Бұл соғыста да Ысқақ Әбілпейісұлы жасындай жарқырады. Жапондар тарапы императорлары жеңілісін мойындаса да бірнеше күнге дейін шайқасты жалғастырды. Ақыры басқыншылық әрекетін тоқтатты. Жетісулық батыр қос соғыстан соң 1947 жылы елге оралды. Туған топырақта шаңырақ көтеріп, бейбіт өмірге тез бейімделді. Араға біршама уақыт салып, 1952 жылы Лепсі педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, өмірінің 40 жыл уақытын бала тәрбиесіне арнады. Білім беруге қатысты бірнеше еңбек жазды. Оқу әдістемеліктері әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Ысқақ Құсайыновтың зайыбы Бақыш Нұртаева да ұрпаққа білім нәрін сепкен ардақты ұстаз еді. Ардагердің бүгінде 9 немересі, 26 шөбересі, 3 шөпшегі бар. Ел қорғаған батырдың сара жолын бүгінде ұрпақтары жалғастырып келеді. «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің бұл да бір айғағы.
Сөз соңында, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз бола қалса мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен соғысты көрмедім…» деп басталатын өлеңі ойға оралады. Шынын да біз соғысты көрмедік, соғыстың зардабын да сезбедік. Көргеніміз жыл сайын «Ұлы Жеңіс» мерекесінің тойлануы мен соғыс ардагерлерінің қатарының уақыт өткен сайын сиреуі. Осы орайда сан ұрпақтың бейбіт күнде өмір сүруін қамтамасыз еткен ғасыр жасаған Ысқақ Құсайынов ақсақалдың біз де амандығын тілейміз.
Мағмар МАҚСЫМ