Жол-көлік оқиғасы бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбына айналғаны анық. Мұндай жағдайдың орын алуына, біріншіден, көлік жүргізушісінің қателігі, екіншіден, жол сапасының сын көтермейтіндігі кінәлі десек, өте орынды болар еді. Бейресми деректерге сүйенсек, жылына көлік апаты салдарынан әлем бойынша шамамен 1 миллион 240 мың адам көз жұмады. Ал елде жыл сайын 3 мыңнан астам адам қаза тауып, 30 мыңнан астамы әртүрлі жарақат алады. Жол оқиғасында қаза табу қатері Қазақстанда Норвегиямен салыстырғанда 11 есеге жоғары.
Жоғарыда біз жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына көлік жүргізушісінің кінәлі екенін, жол сапасының да сын көтермей тұрғанын тілге тиек еттік. Біріншіден, расымен де тәжірибесіз жүргізуші жол тәртібін бұзатыны анық. Бірі- нің әкесі, екіншісінің көкесі жүр- гізуші куәлігін «сыйлап», соңынан сан соғып, өкініп жататын жайттар жоқ емес. Ал күрежолдың сапалы болуы аса маңызды. Әлем бойын- ша жол сапасы жағынан алдыңғы орында Ұлыбритания елі тұр. Себебі, бұл елде жолдың сапасына қатты көңіл бөлінгендіктен жол-көлік оқиғалары тым аз болады. Бұл өте қуанарлық жағдай. Егер де осындай қатаң бақылау мен сапалы жұмыс біздің елде де болса, жоғарыда ата- ған Норвегиядан әлдеқайда төмен тұратын едік.
Жыл сайын елдегі жол құрылысына көлемді қаржы бөлінеді. Мы- салы, Қытайда 1 шақырым жолдың бағасы 1,2 миллион доллар болса, Испанияда 1,6 миллион долларға тең. Ал Қазақстанда 1 шақырым жолдың шығыны – 3,7 миллион доллармен бағаланады. Сапалы жол орта есеппен 17-20 жылға жарауы тиіс. Бірақ іс жүзінде шамамен 1-2 жыл өтпей-ақ теп-тегіс қара жол ойдым-ойдым болып ойылып не болмаса шұрық-тесік шұңқырлары тегістеліп жатуы да үйреншікті көрініске айналғалы қашан? Құрылысқа бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні ащы да болса шындық. Осындай кемшіліктердің көптеп орын алуына байланысты 2019 жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Ашылған күннен бастап аталған мекеменің әр өңірдегі филиалы нәтижелі жұмыс көрсетіп келеді. Әсіресе, жол құрылысына бөлінген құрылыс материалдарын сатып ақша жасайтын пысықайлармен тікелей күрес жүргізіп жатқандығын ерекше атап өткеніміз жөн. Мемлекеттен бөлінген қаражат таудай, ал біткен іс тарыдай болып қалатын жағдайдан шаршаған жұртшылық мұндай олқылықтың орын алмауы үшін құрылған арнайы мекеменің ашылғанына қуануда.
Республикалық және жергілікті жерлердегі жолдардың сапасын тексерумен шұғылданатын мекеме диагностика жасап, орташа жөндеу жұмыстарының құжаттарына сараптама жүргізеді. Жол құрылысына жаңа технологияларды енгізу ісімен де айналысады. Мекеме қызметкерлері жүргізген зертханалық талдау жергілікті деңгейдегі жолдардың сапасы нашар екенін бірнеше мәрте айқындап берген. Асфальт жабындысының дұрыс төселмегендігі, әр жерлерде жарықшақтың пайда болуы, топырақ пен құм төселуде тиісті технологиялардың сақталмауы сияқты ақауларды жіті қадағалау мекеме қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде моби- лизация жасау да осы орталықтың жұмысына кіреді. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылайды. Жол сапасын бақылайтын мамандардың дерегіне сүйенсек, жол салушылар көп жағдайда жөндеу, салу және қайта жаңғырту жұмыстарының технологиясын дұрыс сақтамағандықтан құрылыс сапасыз аяқ талады.
Тақырыпқа тұздық:
лматы облысы аумағындағы жол 9 мың 610 шақырымды құрайды. Оның 2 мың 822 шақырымы республикалық маңызға ие. Қалған 6 мың 788 шақырым автомобиль жолының 6 мың 138,6 шақырымы облыстық, 649,4 шақырымы аудандық маңызға ие. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыға облыстан 18 жоба енгізілді. Қазірдің өзінде 5 бағыттағы, яғни, «Талдықорған – Өскемен», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар», «Қапшағай – Күрті», «Үшарал – Достық» автожолдарының құрылыс қарқыны қатаң бақылауда.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мем- лекеттік кәсіпорнының облыстық филиалындағы мамандар еліміздегі карантинге, тіпті, демалыс күндеріне қарамастан жұмыс іс- тегені баршамызға белгілі. Олар жол құрылысы қызу жүріп жатқан аймақтарға барып, жылжымалы жол зертханасында орнатылған диагностика жасайтын бағдарлама арқылы және заманауи құралдармен арнайы тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде біраз олқылықтар мен кемшіліктер дер кезінде анықталып, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге хат жолданып, қайта қалпына келтіру жұмыс- тары жүргізілді. Мысалы, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының мамандары күрделі жөндеу жүріп жатқан «Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш – Саты – Құрметі – Көлсай» маңындағы 43-78 шақырым аралығындағы жолдың сапасын бақылау үшін арнайы сапарға шығып, жол-құрылыс материалдарынан 10 сынама үлгісін алып, зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Таяуда ғана мекеме мамандары Қаратал ауданындағы жол сапасының құрылысын бақылап қайтқанына аудан тұрғындары дән риза. Үштөбе қаласының тұрғыны Ардақ Ерболқызы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасаған Мемлекет басшысына, ел азаматтарына аналық жүрегімен алғыс айтады.
– Үштөбе қаласында тұрып жатқанымызға бірнеше жыл бол- ды. Жыл сайын жол құрылысының сапасыз атқарылғанына қарап жүрегіміз ауырады. Былтыр жасаған көшеміз биыл тағы да жөндеуді талап етіп тұрады. Жақында Абай көшесіне жаңа асфальт төселіп, тұрғындардың қуанышы еселенді. Әсіресе, балалар ерекше риза болды . Өйткені шаңы бұрқырап, жарығы не жаяу жүргіншісі жоқ көшемен жүру олар үшін қауіпті еді. Енді қорқыныш сейілді. Осы жұмысты қадағалап, сапасына баса назар аударып, нәтижелі жұмыс істеп жатқан «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» қызметкерлеріне ризамыз. Жолдың құрылысынан пайда көріп, халыққа сапасыз жолды ұсынып, қалтаны қалыңдатып кете беретін уақыт өтті. Енді тек сапаға жұмыс істеу керек деп ойлаймын,– дейді қараталдық тұрғын.
Қазігі таңда орталық электрондық цифрландыру арқылы өздерінің арнайы серверін құруда. Бұл жүйеде қай жылдары қандай жол жөнделді? Оның сапасы қандай? Сервер осы сұрақтарға жауап табуға септігін тигізеді. Бұл Автомобиль жолдары комитеті арқылы жүзеге асуда. Білікті мамандардың айтуынша, бұл сервер арқылы жүргізілген жұмыс нәтижесінде енді жылда бір жолды жөндеу жұмыстары біржола тоқтатылады. Қысқасы, жол сапасын арнайы бақылайтын мекеме барда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жұмыс істейтіндерге тықыр таяды.
Еңлік КЕНЕБАЙ





