Шыңғыс хан!
Азияда тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери және мемлекет қайраткері болған Шыңғыс ханды білмейтін адам жоқ шығар-ау, сірә?! Есімі мыңжылдықтар көгінде қалықтап, тұлпарының тұяғы ширек әлемді таптаған рухты қолбасшының есімі аталғанда-ақ адамның мысын басып тұратындай көрінеді. Сегіз ғасыр өтсе де болмысы алабөтен тарихи тұлғаның алыптар шоғыры қатарынан көрінуі тегін емес. Шыңғыс ханның ұлы империя құрған даңқты қолбасшы болғандығын дүниежүзі мойындайды. Әйгілі қолбасшының әлем тарихына ықпал жасаған 30 тұлғаның ішінен ойып тұрып орын алуы бізді ойлантпай қоймайды.
Америкалық астрофизик Майкл Харт жер бетіне алғаш қадам жасаған Адам атадан (а.с.) күні бүгінге дейін өмір сүрген қайраткерлердің өмірбаянын зерттеп, олардың арасынан үздік 100 адамды таңдаған екен.
«Тарихтағы ең ықпалды 100 адам» – бұл америкалық астрофизик Майкл Харттың 1978 жылы және 1992 жылы шыққан кітаптарының атауы. Тарихтағы ең ықпалды тұлғалардың рейтингі әрі қысқа өмірбаяны жинақталған кітапта негізгі тізімдегі адамдармен қатар құрметті жандардың өмірбаяны да берілген. Жуырда Майкл Харттың 1978 жылы жарық көрген «Тарихтағы 100 әйгілі адам» атты электрондық кітабын парақтап отырып, Шыңғыс ханның есімін көріп, таңғалғаным бар.
Әлем тарихына өз әсерін тигізген тұлғалардың көшін Мұхаммед (с.ғ.с) (571–632 ж.ж.) пайғамбар бастап тұр. Әлбетте, екі дүниенің сардары, адамзаттың асылы болған сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алғашқы орынға лайық екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Әлемге әйгілі физик, математик, механик және астроном Исаак Ньютон екінші орынға (1642—1727 ж.ж.) жайғасса, үздік үштікке христиан дінін таратқан Иса пайғамбар (а.с) (б.з.б. 2-29 ж.ж.) ілініпті. Буддизмді дәріптеген Будда Шакьямуниге (б.з.б. 563-483ж.ж.) – төртінші, ал Конфуцийге (б.з.б. 551-479 ж.ж.) бесінші орын бұйырыпты.
Мені таңғалдырғаны – Тынық мұхитынан Шығыс Еуропаға дейін созылған алып мемлекетті уысында ұстап, барлық көшпенді тайпаларды біртұтас мемлекетке біріктірген жалғыз билеуші Шыңғыс ханның 29-орынға ие болуы. Ойпырым-ай десеңізші, әлем тарихына ықпал еткен айтулы тұлғалардың ішінде Шыңғыс хан бабамыз үздік отыз адамның ішіне еніп отыр! Бұл кітаптың ішінен Шыңғыс хан жайлы оқимын деп күтпеп ем, ойланып қалдым. Тіпті, даңқты қолбасшы Александр Македон-скийге (б.з.б. 56-23 ж.ж.) – 33-орын, Еуропаны жаулап алып, Мәскеуге басып кірген Франция императоры Наполеонға – (1769–1821 ж.ж.) – 34- орын, Германия фюрері Адольф Гитлерге (1889–1945 ж.ж.) 39-орын бұйырыпты. Ал, Кеңес одағы мемлекетіндегі саны аз ұлттарды қан қақсатқан Иосиф Сталиннің (1878–1953 ж.ж.) өзі 66-орыннан, Рим империясының диктаторы Юлий Цезарь (б.з.б. 100 жыл–44 ж.ж.) – 67-орыннан, күн көсем Владимир Ленин (1870–1924 ж.ж.) 84-орыннан көрініпті.
Майкл Харттың бұл кітабы 15 тілге аударылып, жалпы 500 000 данамен таралған. Ол түзген үздік 100 тұлғаның 36-сы ғалымдар мен өнертапқыштар, 31-і саяси және әскери жетекшілер, 14-і зайырлы философтар, 11-і дінбасылар, бесеуі өнер мен әдебиет қайраткері, үшеуі саяхатшы. Ғалым ұсынған қосымша айтулы тұлғалардың ішіне Құбылай хан (1215–1294 ж.ж.) мен Ақсақ Темірдің (1336–1405ж.ж.) енгені де таңғаларлық емес пе?!
Майкл Харт кітабының кіріспе бөлімінде: «Тарихта әлемді жаулап алғысы келетін, елеулі жетістіктерге жетуді ойластырған бірнеше тұлға болған. Осы мегаломаниактың ішіндегі ең танымалдары Александр Македонский, Шыңғыс хан, Наполеон Бонапарт және Адольф Гитлер. Неге осы төртеу біздің тізімімізде осындай жоғары орынға ие болды? Әскерден басқа маңызды ештеңе жоқ па? Мен қаламның қанжарды жеңетіндігімен келісемін. Алайда, мұндай адамдардың билікті қысқа уақыттың ішінде меңгеруі маңызды. Бұл төртеудің әрқайсысы осындай үлкен территорияны және онда тұратын көптеген халықты басқарды және замандастарының өміріне қатты әсер етті, сондықтан олардың бәрін қарапайым бандиттер деп санауға болмайды… Тарихтағы белгілі бір тұлғаның орнын бағалай отырып, осы тұлға қатысқан тарихи қозғалыстың маңыздылығын ескеруге тырыстым, өйткені үлкен тарихи жетістіктер бір адамның іс-әрекетінің нәтижесі емес. Бұл кітап жеке тұлғаларға арналғандықтан, мен белгілі бір қозғалысқа қатысқан тарихи тұлғаның жеке үлесін ескеруге тырыстым», – дейді.
Тарихқа жүгінсек, Шыңғыс ханның аса дана саясаткер, көреген стратег және талантты қолбасшы ретінде даңққа бөленгенін білеміз. Өте сұңғыла, ақылды қолбасшы туралы көптеген кітаптарда оның бойынан қатыгездіктен бөлек елдерді жаулап алудың сан алуан әдістерімен қатар еркімен берілген халықтарға зорлық-зомбылық көрсетпеу туралы өзінің нояндарына берген бұйрығы жайлы аңыздар баршылық. Расында, біреулер айтып жүргендей, ол жабайы, аса қатыгез, тым жауыз болса, бүкіл әлем неліктен «Екінші мыңжылдықтың тұлғасы ретінде» мойындап отыр?! Менің ойымша, Шыңғыс хан ерте ме, кеш пе, тарихқа өз атының алтын әріптерімен жазылатынына кәміл сенген.
Хош. Сонымен, Майкл Харт өз кітабында әлемге ықпал еткен тұлға ретінде дәріптеген Шыңғысхан жайында былайша баяндайды.
«Шыңғыс хан – атақты моңғол (кейінгі деректер Шыңғыс ханның шыққан тегі қазақ екенін растап отыр – Автор.) жаулап алушысы, 1162 жылы туған. Оның әкесі, тайпа көсемі ұлына өзі еңсерген жаудың бірінің есімін – Темучин деген ат береді. Темучин тоғызға толғанда әкесі жауласушы тайпа сарбазының қолынан қаза табады және тірі қалған отбасы мүшелері бірнеше жыл үнемі қорқыныш пен жоқшылықта өмір сүруге тура келеді. Сөйтіп Темучин жағдай жақсарғанға дейін ауыр кезеңдерді басынан өткеруге мәжбүр болды. Тіпті жас кезінде жаулаушы тайпа жасаған шабуылдың бірінде тұтқынға да түседі. Қашып кетпеуі үшін мойнына ағаш ажырғы түскен Темучин дамуы артта қалған, қарабайыр еліндегі дәрменсіз және сауатсыз тұтқыннан Әлемдегі ең қуатты адамға айналды», – дейді Майкл Харт. Осылайша ағылшын тілінде қалам тербеген ғалым Шыңғыс ханның балалық шағынан ұлы тұлғаға айналғанға дейін тас кешіп, тауды еңсерген қажырлы күнінен хабар береді.
Оның көтерілуі қамаудан қашып құтылғаннан кейін басталды. Содан кейін әкесінің досы және туысқан тайпалардың бірінің көшбасшысы Тохрилмен бірге жүрді. Осыдан соң әртүрлі моңғол тайпалары арасындағы ұзақ жылдарға созылған азамат соғысының барысында Темучин біртіндеп жоғары көтерілуге жол тапты. Моңғол тайпаларынан шыққан сарбаздар білікті шабандоз және керемет жауынгер ретінде танымал болған. Өз тарихында олар Қытайдың солтүстік аймақтарына жиі шабуыл жасады. Алайда, Темучин билікке келгенге дейін әртүрлі тайпалар барлық күшін бір-бірімен соғысуға арнайтын. Тіпті, бұл жолда әскери күш, дипломатия, қатыгездік және ұйымдастырушылық қабілетті пайдалану секілді әртүрлі күш-жігерін жұмсады. Темучин өзінің басшылығымен осы рулардың барлығын біріктірді, ал 1206 жылы моңғол тайпаларының құрылтайы оны Шыңғыс хан немесе «ұлы хан» деп жариялады» – деп Майкл Харт сол тұстағы тұрақсыз жағдай мен ішкі жанжалда Шыңғыс хан бейнесінің айшықталып шыққанына мән береді.
– Тізімді құрастыру барысында мен тек адамның атақ-даңқынан ғана емес, оның беделінен де хабардар болдым. Даңқ, дарындылық, мінездің асқақтығы – бұл бір нәрсе, ал тарихтың әсер ету деңгейі басқаша: әрқашан сәйкесе бермейді. Сонымен қатар, мен адамзаттың қазіргі өміріне әсер еткен адамдармен шектелмедім. Кейінгі ұрпақтардың өміріне әсер еткендер есепке алынды. Тарихи тұлғалардың өмірбаяндарын белгілі бір тәртіппен орналастырған кезде, олардың болашақ ұрпаққа және болашақ оқиғаларға әсерін ескеруге тырыстым, – дейді ғалым өз кітабында.
Расында, Майкл Харт әлемді билеп-төстеген тарихи тұлғалардың жеке беделі ғана емес, өміршең мемлекет құрудағы еңбегін де ескерген. Себебі, Шыңғыс хан өлген соң оның мұрагерлері жүздеген жылдар бойы Еуропа мен Азияны билеп-төстеп тұрды. Нақтырақ айтсақ, Шыңғыс ханның ұрпағы Орта Азия мен Иран, Алтын Орда, Юань Қытайы, тағы басқа мемлекеттерде билік құрды. Автор өз кітабында қанқұйлы жорық жасаған Шыңғыс ханның алып мемлекет құрғанын айтады.
«Содан кейін Шыңғыс хан жасаған үлкен соғыс машинасы көрші халықтарға жіберілді. Алғашқы шабуыл Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Си-Ся мемлекетіне және Қытайдың солтүстігіндегі Джин мемлекетіне бағытталды. Осы шайқастар жүріп жатқанда, Шыңғыс хан мен Орта Азиядағы империя Хорезмнің шахы Мұхаммед арасында жанжал туды. 1219 жылы Шыңғыс хан әскерін Хорезмшахқа қарсы бағыттайды. Соның әсерімен Орта Азия мен Парсы бүлініп, Хорезмшах империясы толығымен жойылды. Моңғол оң қанат әскері қазіргі Ресей жерін басып алғанда, сол қанат Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанға шабуыл жасады. Шыңғыс хан 1225 жылы Моңғолияға оралып, 1227 жылы қайтыс болды», – деп жазады Майк Харт.
Әлбетте, әскери жорықтар Шыңғыс хан өлгеннен кейін де толастаған жоқ. Автор кітабында маңызды тарихи оқиғаларға ғана тоқталады. Сірә, әр тұлғаға берілген көлемге байланысты тарихи оқиғаларды тәптіштеп баяндауды артық санаса керек. Десе де, Майкл Харт Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін де ұлы империя қауқары қарқынды болғандығын мойындайды.
«Шыңғыс хан өзі өлгеннен кейін үшінші ұлы Үгедей мұрагер ретінде оның орнын басуын талап етті. Бұл дана таңдау болды, өйткені Үгедей өте жақсы әскери басшы деп саналды. Оның басшылығымен моңғол әскері Қытайға қарай ілгерілеуді жалғастырды, қазіргі Ресейді толық жаулап алып, Еуропаға беттеді. 1241 жылы поляк, неміс және венгр әскерлері Будапешттен әлдеқайда асып кеткен моңғолдардан толығымен жеңілді. Алайда, дәл сол жылы Үгедей қайтыс болып, моңғол әскері Еуропадан шығып, қайта оралмады. Содан кейін моңғол басшылары билікке мұрагер болуға дауласып, арада ұзақ үзіліс болды. Алайда, келесі екі ханмен (Шыңғыс ханның немерелері – ұлы хандар Мөңке мен Құбылай) моңғолдардың Азияға жылжуы қайта жанданды. 1279 жылы Құбылай хан Қытайды жаулап алуды аяқтаған кезде моңғолдар тарихтағы ең ірі империяны басқарды: олардың иелігіне Қытай, Ресей, Орта Азия, сонымен бірге Парсы және Оңтүстік-Шығыс Азияның көп бөлігі кірді. Олардың әскері Польша мен Үндістанның солтүстігіне сәтті шабуыл жасады, Құбылай ханның иелігіне Корея, Тибет және Оңтүстік-Шығыс Азияның бөліктері қарады. Сол тұстағы қарапайым байланыс құралдарымен осынау үлкен империя ғұмыры ұзаққа созылмады, көп ұзамай моңғол империясы да ыдырады» – деп жазған автор Шыңғыс хан ұрпақтарының халықтардың басын біріктіріп, билеп-төстегенін тілге тиек етіп, қазақ жерінде құрылған Алтын орда жайлы сөз қозғайды. Шыңғыс ханның ұрпағы әлемдік тарихта айшықты орын алғанын сипаттайды.
«Алайда, моңғол билігі кейбір елдерде ұзақ уақыт сақталды. Моңғолдар 1368 жылы Қытайдың көп жерінен қуылды. Алайда Ресейде олардың билігі ұзаққа созылды. Алтын Орда (моңғол мемлекеті деп аталатын мемлекет, оған байланысты Ресей негізін қалаған, оны Шыңғыс ханның немересі Бату құрған) XVI ғасырға дейін, ал Қырым хандығы – 1783 жылға дейін созылды. Шыңғыс ханның қалған ұлдары мен немерелері Орта Азия мен Персияда билік құрған әулеттерді құрады. Бұл екі аймақты XIV ғасырда өзін Шыңғысханның тікелей ұрпағы деп санайтын, тамырында моңғол қаны аққан Тимур (Ақсақ Темір) жаулап алды. Темірлан билігі XV ғасырдың аяғында тоқтады. Алайда, бұл тіпті моңғол жаулап алулары мен моңғол билігіне тосқауыл болмады. Темірланның шөбересі Бабур Үндістанға басып кіріп, онда Моғол (Моңғол) династиясын құрды. Моғол билеушілері ақыры Үндістанның барлығын жаулап алып, XVIII ғасырдың ортасына дейін билікте қалды», – деп жазады автор.
Иә, Майкл Харт әлемдегі 100 әйгілі тұлғаның арасына кірген Шыңғыс хан мен оның ұрпағы басқарған алып империяның жалпы адамзат тарихында алар орны ерекше екенін аңғартады. Шыңғыс хан есімін әспеттеген жазушының осынау еңбегін аударып, ой жүгіртіп, саралау барысында біз шетелдік жазушының не себепті ұлы қағанды әлемге әйгілі тұлғалар қатарына қосқанын ұғып, байыбына баруға тырыстық. Өйткені, Шыңғыс хан есімі Қазақстан тарихында ойып тұрып орын алады. Әлемдік өркениетке жол салған, атының дүбірлеген тұяғымен жаһанды өзіне бағындырған көшпенді, ержүрек бабалардың салған сара жолы – рухты, айбынды жұрттың һәм тектілердің тұяғы екенімізді түйсіндіріп, болашаққа батыл қадам жасауға алғышарт болмақ.
Асхат Өмірбаев





