Ұшқан ұя әрқашанда ыстық, оны есті жанның ешқайсысы жадынан суырып алып тастай алмайды. Алғаш қанат қағуды үйреткен ұстазың, құлын-тайдай тебісіп өскен құрдас-құрбыларың сол мекенге қайта бұрылуыңның тікелей себепкері. Олар сенің қолыңдағы бар-жоғыңа қарамайды, бала күнгі қалпыңды құрметтейді.
Бұл күні мектептен түлеп ұшқан түлектер араға 10-20 жыл салып бір-бірін іздеп шұрқырасып, қайта табысып, басқосуларын мерекелеп атап өтіп жатады. Осы үрдістің қашаннан басталғанын ешкім білмес. Бірақ мұның дәстүрге айналып кеткенін көпшілік жақсы біледі. Әрине, игілікті іске сын айта алмаспыз, алайда оның шарапатты жағын тілге тиек ете кеткен жөн.
Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге қадам басқан 10-20, қала берді, 40-60 жылдық мерекелерін той қылып жүрген түлектердің ауылы мен оқу ордасына, ұстаздарына сыйлық жасап, мерейін аспандатқанын көз көріп келеді. «Елді мекендегі тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіпті, туған өлкесіне жол салып, көшелеріне жарық орнатып беріпті» деген ізгі амалдарын естіп жүрміз. Өмірден ерте озған сыныптастарына арнап ас беріп, рухтарына бағыштап Құран оқытып жататыны тағы бар. Бұл деген адами тазалық, тат баса алмаған тектілік, бауырмалдықтың асыл үлгісі емес пе, қадірлі оқырман?!
Осы игілікті істі Талдықорғандағы №1 қазақ мектеп-интернаттың 1964 жылғы түлектері де жалғастырып, 60 жылдық мерейтойларын атап өтті. «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген тәмсілді ұстаным еткен аға буын кездесу аясында өмірден өткен достарын еске алып, олардың рухына тағзым етті. Жиынға түлектер Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді.
– Осы басқосуды кейінгі ұрпақ сабақ алса екен деп өткізіп отырмыз. Сыныптастарым жөнінде айтар болсам, олардың ешқайсысы осал болмады. Бір бала ғана техникум бітірді, қалғаны жоғары білім алып шықты. Мектеп кезінде шахмат, дойбы, хор, шаңғы, күрес, бокс сынды үйірмелер болды. Сыныптағылар түгелдей сол үйірмелерге қатысушы еді. Қандай жарысқа бармасын, біздің жігіттер мен қыздар 1-орын алып келетін. Ауызбіршілігіміз мықты болды. Біздің буынның ел игілігі үшін істеген ісін санамалап айтуға болар еді, оған бөлінген уақыт болса, – дейді зейнеткер Мара Жақыпбаева.
Мара Тоқашқызының айтуынша, бірге тәлім алған достарының дені бақиға аттанып кетіпті. Сыныптастарының жақсы жан болғанын сөз еткен зейнеткер оларға иман байлығын тілеп көзіне жас алды.
Биыл мектеп бітіргендеріне 60 жыл толуына орай Марат Уәлиев, Налыбай Базарәлі, Гүлсара Нұрқаділова, Мара Жақыпбаева өздері тамамдаған мектепке барды. Соңғы қоңырау мерекесін тамашалап, оқушыларға ізгі тілектерін арнады.
Үлкеннің жолын қадірлеу, бағасына жету – кішілердің міндеті. Аға буынның ұрпақ үшін істеген ісі, Отан үшін атқарған жұмысы әрқашан маңызды. Қазыналы жандардың қадіріне жете білейік.
Медет ЖҰМАБАЙ





