«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығы бар. Яғни, өзіңнің ана тіліңнен бөлек өзгенің тілін білу де өнер. Әр ұлттың тілі сол елдің күретамыры. Тарихы, салт-дәстүрі, кешегісі мен бүгіні өз тілімен дәріптелгенде оның байлығының қандай екенін, сөйлеу мәнерінің ерекшелігін аңғарасыз.
Менің тілім – қазақ тілі. Ол әкемнің қаны мен анамның сүті арқылы бойыма дарыған ең асыл қазына. Анамның әлдиін осы тілде тыңдап, әкемнің батасын осы тілде естідім. Есейіп, арман қуып, мамандық таңдаған тұста мен ағылшын тілін оқуды жөн көрдім. Себебі, бұл тіл қазіргі таңда әлемді байланыстырып тұрған ең қымбат құралдың бірі. Ағылшын тілін оқу – ана тілімді қалтарыста қалдыру емес. Осы тілдің маманы болу арқылы ұрпағымыздың әлемге есік ашуына ықпал ету. Данышпан Абай атамыз: «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» дегенді бекер айтпаса керек. Ұстаз ретінде ағылшын тілін тек мектеп бағдарламасындағы сабақ деп қана қабылдамай, көптеген ұлыспен байланыстыратын рухани көпір ретінде бағалап, оны ықыласпен үйренуге шақырамын.
Дегенмен, осы тұста айта кететін бір мәселе – ана тілімізге деген өз қазағымыздың немқұрайдылығы. Тіпті, кейбір қандасымыз қағынан жеріп, қазақ тілі десе қабағы қыртыстанып, кежегесінен кері тартып тұратыны ащы да болса шындық. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзі әлі де мазмұнын жойған жоқ. Өз тілімізге құрметпен қарап, өзге тілдің бір емес, бірнешеуін біліп, керек жерінде пайдаланып, білімді қазақ екенін көрсетіп тұрса нұр үстіне нұр болатын еді. Бізде, керісінше, тілін шұбарлап, «жаргонмен» сөйлеуді сән көретін ұрпақ өсіп келе жатқаны қынжылтады. Адамға күретамыры қандай жақын болса, ұлт үшін де сол тамырындай жақын ең асыл қазынасы ана тілі екенін есімізден шығармайық!
Бақыт Қабылбеков,
Ш. Уәлиханов атындағы №10 орта
мектеп-гимназиясының
ағылшын тілі пәні мұғалімі