Жаңа оқу жылының қарсаңында жас өскінге қуаныш сыйлап, білімге деген құштарлығын арттыру – үлкен сауапты істің бірі. Осы мақсатта облыста дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол – 2026» қайырымдылық шарасы биыл да жалғасын тауып, мыңнан астам баланы қуанышқа бөледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Керімбек Сәрсембайұлының ұйытқы болуымен орталық «Иман» мешітінде және өңірдің барлық аудан-қала мешіттерінде ұйымдастырылған игі шараға «Зекет және қайырымдылық» қоры мұрындық болды. Іс-шара барысында бас имам оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызына тоқталды. Балаларды ізденуге, білімді терең меңгеруге, елге пайдалы азамат болып қалыптасуға үндеді.
Шараның шырайын кіргізген тағы бір сәт – бүлдіршіндермен еркін форматта өткен кездесу. Бас имам мешітке келген балаларға білім мен тәрбиені ұштастырған қызықты сұрақтар қойып, белсенді әрі білімге құштар шәкірттерге ақшалай сый-сияпат жасады. Мұндай жылы жүздесу балаларға ерекше әсер сыйлап, олардың жаңа оқу жылына деген ынтасын арттыра түсті.
Биыл Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес Жетісу өңірінде имамдардың ұйымдастыруымен ауқымды қайырымдылық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1000-нан астам бала мектеп сөмкесі, оқу құралдарымен, 100-ден астам бала спорттық және мектеп формасымен, 100 бала аяқ- киіммен қамтамасыз етілсе, тағы 50 оқушыға қаржылай көмек көрсетілді.
Қазақта «қуанса, бала қуансын» деген сөз бар. Баланың қуанышын еселеуге себеп болған мұндай игі бастамалар қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдаудың маңызын айшықтай түседі. Жақсылық жасауға ұйытқы болған барша азаматтың еңбегі берекелі болып, қайырымды істің шарапаты елге тарай бергей!
Медет ЖҰМАБАЙ





