Елімізде алименттен жалтару үшін бауыр еті баласынан бас тартып жатқандардың саны артып келеді. Өз баласын тастаған «көкек әкелерге» қандай жаза бар? Алименттік міндеттемелердің өзіне тән белгілері қандай?
Айта кетейік, ерлі-зайыптылар ажырасқанда кәмелеттік жасқа толмаған балалар болса, алимент төлеу мәселесі ерікті немесе мәжбүрлеп талап ету арқылы шешіледі. Ең алдымен, алимент кімдерге төленетінін анықтап алайық. Заң бойынша алимент тек кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ғана төленеді деген қате түсінік. Алимент мына санаттағы адамдарға да төленеді:
• кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балалар;
• еңбекке жарамсыз ерлі-зайыптының бірі;
• жүкті зайыбы;
• І-ІІ топтағы мүгедек деп танылған балалар (18 жасқа дейін);
• 18 жасқа толғанға дейін мүгедек балаға күтім жасайтын мұқтаж зайыбы;
• еңбекке жарамсыз ата-ана.
Бұдан бөлек қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, асырап алынған балалар да алимент алуға құқылы. Заң бойынша ай сайын төленетін алименттің мөлшері бар. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек.
Ескере кететіні, сотта осы үлестердің мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайына қарай азаюы немесе ұлғаюы мүмкін. Балаларды асырауға кететін қосымша сомалар шегеріледі. Төленетін алимент мөлшерін қысқартатын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, алимент төлеуге міндеттелген әке немесе ананың отбасылық, материалдық жағдайы өзгерсе, екінші рет үйленіп, балалы болса, денсаулық жағдайына байланысты қаржы қажет болса, алимент көлемін азайту туралы сотқа арыз жаза алады.
Арыз қарастырылғаннан кейін сот көрсетілген себептер орынды деп тапса, алимент мөлшерін азайтады. Алайда, алимент төлеуді мүлдем тоқтату мүмкін емес.
Асхат БАЛТАБАЕВ,
Жетісу облысының сот орындаушысы
Фото: diapazon.kz





