Жуырда Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылдық округі әкімдігі ғимаратында азаматтардың құқықтық білімдерін көтеру, нотариустар қызметінің маңыздылығы туралы жиын өтті. Басқосуға Жетісу облысының нотариаттық палатасының төрағасы Арман Бекішбаев, жергілікті нотариустер Алмас Ерболаев, Әсем Алиевалар қатысып, көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді.
Жиында Арман Бекішбаев елімізде құқықтық қоғам құруға нақты қадамдар жасалып жатқанын, осы орайда тұрғындар тарапынан заңгерлік қызметке деген сұранысы көбейгенін алға тартты.
– Халыққа білікті заңгерлік көмек көрсетуде нотариалдық кеңселердің атқаратын рөлі өте зор. Өйткені кез келген құжатының заңды екенін куәландырғысы келген адам ең бірінші нотариустар қызметіне жүгінеді. Түрлі мәмілелердің шарттарына құқықтық сараптама жасау, тараптарға кеңес беру, іс жағдайын түсіндіру, жасалатын келісімдердің құқықтық зардаптарынан хабардар ету, олардың әрекеттерін заңнамалық актілерге сәйкес келетінін тексеру сияқты жұмыстардың барлығы – нотариустардың міндеті. Осыған қарап-ақ, нотариустардың қоғамдағы орнын бағамдай беруге болады, – деді Арман Бекішбаев.
Облыстың бас нотариусы мұрагерлік қабылдаудың 2 түріне кеңінен тоқталыды. Әрбір азамат өзінің заңды құқығын біліп қорғай алуы керек деп мәлімдеді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы
Фото: freepik.com





