Заман ағымын зулаған көлік құралынсыз елестету мүмкін емес. Бірақ кейінгі кезде сол «темір тұлпардың» салдарынан жол апаты жиілеп барады. Жол қозғалысы ережелеріне қатысты тиісті заңдарды қатаңдатып, камералар қойылғанымен әзірге оның алдын алуға адамның шамасы жетер емес.
ЖАСЫРЫН БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ОРНАТЫЛАДЫ
Департамент қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және облыс жолдарындағы апаттылықты төмендету бойынша түрлі шара ұйымдастыруда. Өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Полиция қызметкерлерінің күндіз-түні атқарып жатқан жұмыстарына қарамастан облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының саны 48,4 пайызға артқан. Мәселен, былтыр 8 айдың қорытындысы бойынша 314 оқиға тіркелсе, биыл көлік қақтығысының саны 466-ға жетті. Жарақат алғандардың саны да 469-дан 683-ке дейін өсіпті. Республикалық маңызы бар жолдарда 69, жергілікті маңызы бар жолдарда 377 оқиға тіркелген. Тіркелмегені қаншама?! Жантүршігерлік апаттардың статистикасы төбе шашыңды тік тұрғызады. Жол-көлік оқиғасының алдын алу шараларының бірі – жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау. Полиция департаментінің мәліметінше, жол қауіпсіздігі желісі бойынша 81377 әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Оның ішінде 49-ы қарсы қозғалыс жолағына шыққан, 8777-де жаяу жүргіншілер жол жүру қағидаларын бұзған, 390-да мас күйінде көлік жүргізген. Жалпы облыс аумағында 126 жаяу жүргіншіні қағу дерегі орын алып, 14 адам қаза тауып, 120 адам жараланды. Өліммен аяқталған 85 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 87 адам көз жұмған.
– Апаттың жай-күйін тұрақтандыру мақсатында жыл басынан облыс аумағында «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Түнгі жол», «Мотоцикл» сияқты кезең-кезеңмен тұрақты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күнделікті кешенді полиция күштері жұмылдырылуда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін республикалық маңызы бар автожолдарда 19 жерге жылдамдықты анықтайтын бейнекамера орнатылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бақылауды күшейту мақсатында, қазіргі уақытта үш қызметтік автокөлікке «Ekin Patrol» автоматты тіркеу жүйесіне қосылған жылдамдықты өлшегіш құралы орнатылған. Жуырда жаңа бейнебақылау камерасы іске қосылады. Жылдамдықты тексеретін құрылғы полиция қызметкерлерінің емес, жедел жәрдем сияқты қарапайым атокөліктерге орнатылады. Әзірге бір бейнебақылау камерасын алдық. Енді оны тесттік режимнен өткіземіз. Барлығы дұрыс болса қосымша, тағы камералар аламыз, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов.
Сонымен қатар, басқарма басшысы 11555 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, жол ережесін елемей жүргендерге жалпы сомасы 253 млн. 178 мың 900 теңге айыппұл салынғанын айтты.
АТА-АНАСЫНА АЙЫППҰЛ САЛДЫ
Облыста жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтай электросамокат, мопед, скутер сияқты мемлекеттік нөмір алмайтын жеңіл көліктердің қарасы көбейіп келеді. Ең сорақысы қос дөңгелекті «тұлпарды» тізгіндегендердің басым бөлігі кәмелетке толмаған балалар. Осының салдарынан жол-көлік оқиғасы жиілеп барады. Олардың ел, облыс, қала, аудан бойынша да нақты есебі жоқ. Оның үстіне шетелден арзан бағамен тапсырыс арқылы алдыратындар тіптен артқан.
– Электросамокаттар жеке көлік құралы ретінде танылады. Енді оны пайдаланатын азаматтар көлік құралдарының жүргізушілері мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Кейбір ата-аналар заңды елемей, балаларына екі дөңгелекті жеңіл көлікті жүргізуге рұқсат беріп қояды. Көбіне автокөлік жүргізушілері бұрылыс кезінде самокаттарды көрмей қалады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алады. Өзекті мәселенің алдын алу үшін жиі аудандарға шығып та, айыппұл салып та жатырмыз. Бірақ, заңсыз көлік тасымалы азаяр емес, – дейді Қайсар Мұхметов.
Облыста 31 тамыздан бері 750 мото айыппұл тұрағына қойылыпты. 165 адам жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін, 200-ден астам адам арнайы баскиімсіз жүргені үшін жауапкершілікке тартылды. 132 баланың ата-анасына айыппұл салынды.
Полиция департаментінің қызметкерлері өршіп тұрған мәселе қатаң қадағалауда екенін жеткізіп, «Мотоцикл» жедел іс-шарасын қолға алғанын айтты. Егер 16 жасқа толған баланың өзінің табыс көзі болса балаға, егер тұрақты жұмысы болмаса ата-анасына айыппұл салынады. Сондықтан полицейлер ата-аналарды балаларына мотоцикл, мопед және скутер сатып алудан аулақ болуға шақырады.
КУӘЛІК АЛУҒА МІНДЕТТІ
Мемлекет басшысы көлік құралдарының кейбір түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
Енді мопед жүргізушілері тіркеуден өтіп, «А1» санатындағы көлік құралын басқаруға құқық алу керек. Ол үшін 6 ай уақыт берілетін болды.
– Тіркеуді алты ай ішінде аяқтау керек. Құжаттары бар болса, неге бірден тіркелмеске? Әдетте, алты ай береміз, ал алтыншы айда тіркеле бастайды. Қол қойылғаннан кейін, шамамен бір ай ішінде біз құқықтық базаны әзірлеп, барлық бұйрықтарды дайындап, тіркелуге шақырамыз, – дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Вице-министрдің айтуынша, алты айдан кейін құқық қорғау органдары мопедті тіркеусіз ұстаса, оны бірден айып тұрағына жібереді. Жүргізуші көлікті тіркелгеннен кейін ғана ала алады. Алты ай ішінде айыппұл салынбайды. Сонымен қатар, мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлейді. Оның мөлшері 0,25 АЕК.
Заң жобасын сәуір айында Мәжіліс қарап бастап, қыркүйекте Сенат қарауына келіп түскен. Сенаттағы заң жобасын таныстыру кезінде елде 80 мың мопед бары белгілі болған. Олардың барлығының мемлекеттік тіркеуі жоқ.
Айдар ҚАЛИЕВ