Әдебиетімізде таңғы шықтай мөлдір туындыларымен жүректерден тақ сайлаған қазақтың ақын, журналист қыздары бар. Олардың бірі жырдың жауһарын, ойдың асылын асқақтата айшықтап келеді. Бірі мазмұнды сұхбаттарымен, өмірдің әр қилы кезеңінде туған оқиғаларды прозаға түзіп, өміршең әңгіме бедерлеп, қалың оқырманын баспа бетінде жарық көрген жазбаларымен парасат биігіне ұмсындыра түсуде. Талдықорғанда құрылған «Janr» Жетісу әдеби бірлестігінің белді мүшелері Торғын Тұрлыбаева мен Назым Дүтбаеваның рухани кеші жақында көрерменге қуаныш сыйлаған еді.
Қасиетті мекеннің керім пұшпағы саналған Текелі қаласында тірлік кешіп, қоғамдық ой-сананың тартысқа түскен шақтарында журналист ретінде қадау-қадау пікір айтып, мөлдір әлемінен моншақ үзгендей тұма жырдың тұнығын оқырманға еншілетіп жүрген Торғын Тұрлыбаеваның «Жарық күн» кітабы желісінде өткен кеш Еңбек ауылында өрнек тапқан-ды. Онда Гүлбақыт Қасеннің баулуымен өлеңнің қыры мен сырына қанығып жүрген бір топ оқушы ақынның асқақ жырларын сахна тілінде сөйлетті. Шағын қойылымға құрылған кеште көңіліміз көкжиекпен астасқандай рухани ләззатқа кенелдік.
Жаны нәзік болғанмен ішкі қуаты мықты, өлеңдері шымыр тіркестермен әсемделген Торғын ақын сахнада жырларын асқақтатты. Шара барысында «Janr» Жетісу әдеби бірлестінің мүшелері Сағыныш Намазшамова, Сарби Әйтен, Жангелді Немеребаев, Азамат Нұрмұхан, Қалқаман Әбдірахман сынды бір топ қаламгер сөз алып, ерекше форматта өткен рухани кештің мазмұнына, ақынның тегеурінді толғамдарына тоқталған еді.
Шын мәнінде «Жарық күн» кітабындағы асқақ жырлардан ұлтқа теген сүйіспеншілік еселеніп, табиғаттың көркемдігіне, судың сыңғырына, бұлбұлдың тамылжыған әніне деген іңкәрлігің оянғандай, аталмыш кештен ерекше әсер алдық.
Осынау рухани шарадан кейін жуырда ғана басылым бетінен жарық көрген Назым Дүтбаеваның «Ізгілік тамшысы» кітабының оқылымы өтті.
«Janr» Жетісу әдеби бірлестігінің төл жобасының кезекті оқылымында жаны жайсаң, жазбасы мөлдір Назым Дүтбаеваның атралмыш кітабына енген прозалық шығармалары оқылды. Оны бірлестік мүшелері Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен, Торғын Тұрлыбаева, Айғаным Айтақын сынды арулар мәнерлеп оқып, тағдырлы шығарманың әрбір диологын, эпизодтарын айрықша айшықтады.
Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап келе жатқан Назым Дүтбаева әпкеміз қаламынан туған кез-келген туындыадамды бей-жай қалдырмайды. Әсересе проза бағытында әйелдердің психологиясын мейлінше бөлдірете айшықтап келе жатқан қаламгердің сырлы сұхбаттарынан да кейіпкердің болмысы, психологиясы менмұндалайды.
Оқылым барысында тебірене толғанып, қыранша қомданып отырдық. Назым болса, «Сыр сандық» айдарында «жанрлықтардың» дайындаған сауалдарына мейлінше ақтарыла жауап берді. Көңіл күмбезіне шуақ қонақтатқан шара барысында І. Жансүріов атындағы Жетісу университетінің оқытушысы Дәулеткерей Мүлік, жазушы Асхат Өмірбай, «Janr» Жетісу әдеби бірлестігінің президенті Есболат Айдабосын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Әміре Әрін, белгілі жазушы Мәди Алжанбай, өңірімізге белгілі журналист Баян Шаянбаева сөз алып, оқылым кейіпкерінің жазбасы туралы толғамдарын, тебіреністерін, сыни көзқарастарын жеткізді.
М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ұсынылған осынау оқылым мен Еңбек ауылында өткен жыр кеші мазмұндас, өзектес рухани шаралар. Әдебиет үшін қызмет етіп жатқан қазақтың қос қызының ойлы шығармалары қашанда мазмұнды, мәйекті болып жалғаса бергей.
АРДА БИ





