Қазақтың кең даласындай дархан рухын, терең тарихын, ұлттық болмысын бір ғана аспапқа сыйғыза алған құдірет болса, ол – домбыра. Қос ішектен төгілген қоңыр күй сан ғасыр бойы елдің мұңын мұңдап, қуанышын жырлап, ұлт рухын асқақтатып келеді. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнеріне тағзым жасап, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін тағылымды мерекелердің бірі.
Осыған орай Талдықорған қаласындағы Қаратал жағажайында Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған «Домбыра – дала жүрегі» атты мерекелік мәдени шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше рухани әсер сыйлады. Өнер кешіне облыс тұрғындары, қала қонақтары, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, жастар мен күйсүйер қауым жиналып, ұлттық өнердің ұлылығына бірге куә болды.
Мерекелік кеш домбырашылардың қатысуымен өткен әсерлі флешмобпен ашылды. Ұлттық киім киген өнерпаздар бір мезетте күй орындап, Қараталдың жағасын қоңыр әуенге бөледі. Ал сахнадағы театрландырылған пролог көпшілікті терең толғанысқа жетеледі. Қолына қасиетті қара дмбыраны ұстаған ақсақалдың қасиетті қара домбыраны кейінгі буынға аманаттауы ұлт руханиятының үзілмес жалғастығын бейнеледі. Домбыраның аға буыннан жасқа, одан бүлдіршінге табысталуы – ұлттық мұраның мәңгілік өміршеңдігін айшықтаған көркем көрініс болды. Бүлдіршін орындаған алғашқы күйді М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі жалғастырып, кештің шымылдығын айрықша әсермен ашты.
Концерттік бағдарлама барысында халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен танымал күйшілер қазақтың күй өнерінің таңдаулы туындыларын орындады. Құрманғазының «Адай», «Махамбет» күйлері, халық әндері мен термелер көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Ал ұлттық би ансамбльдерінің көркем қойылымдары мерекелік кештің мазмұнын байытып, ұлттық нақышын айшықтай түсті.
Кештің мазмұнын толықтырған тағы бір бөлім – көрермендерге арналған интерактивті ойындар болды. Домбыраның тарихы, қазақтың күйшілік мектебі мен ұлттық өнерге қатысты сұрақтарға белсенді жауап берген қатысушылар өз білімдерін ортаға салып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Мерекеге арнайы қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков бұл күннің мән-маңызына тоқталды.
– Ұлттық домбыра күні – қазақ руханиятының мерекесі. Домбыра – халқымыздың тарихын, дүниетанымын, өмір салтын сақтап келген киелі мұра. Осындай мерекелер арқылы жас ұрпақ ұлттық өнердің қадірін тереңірек түсінеді. Өткен жылы бес мың домбырашы бір мезетте күй орындап, әлемдік рекорд орнатты. Бұл – қазақ күй өнерінің әлемдік деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Биылғы мереке де мазмұны мен маңызы жағынан өзгеше өтті. Жетісудың сал-серілік дәстүрін жалғаған өнерпаздар, шалғай ауылдан келген күйшілер мен жас таланттар қасиетті қара домбыраны төрге шығарып, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Қаратал жағасын кернеген қоңыр күй әрбір тыңдарманның жүрегіне жол тауып, ұлттық рухты асқақтатты, – деді ол.
Ал қала тұрғыны Айнагүл Сәрсенбайқызы:
– Бұл кеш бізге тек әсем әуен ғана емес, ұлттық рухтың терең тынысын сезіндірді. Домбыраның қоңыр үні Қаратал жағасында ерекше әуезбен қалықтап, әрбір жанның жүрегіне жол тапты. Осындай мазмұнды мәдени шаралар халықтың рухани әлемін байытып, төл өнеріміздің өміршеңдігін айқындай түседі, – дейді.
Аружан Болатқызы, қала қонағы:
– Мерекелік кеш маған ерекше әсер қалдырды. Домбыра үні арқылы қазақ халқының терең тарихын, бай мәдениетін сезінгендей болдым. Осындай тағылымды шаралар ұлттық өнердің болашағына деген сенімді күшейтеді, – дейді.
Кеш соңында сахнаға барлық өнерпаз жиналып, көпшілікпен бірге ортақ ән орындады. Қаратал жағасын кернеген қоңыр күй ұзақ уақытқа дейін көрерменнің көңілінен өшпестей әсер қалдырды. Қасиетті қара домбыраның қоңыр үні әрдайым қазақ даласында қалықтап, ұлттық рухымызды асқақтата бермек.
Сарби ӘЙТЕНОВА





