Облыс оқушылары «Айбын – 2026» XII Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында топ жарды. Жетісулық жас сарбаздарды айтулы жеңісімен облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы құттықтады.
Облыс әкімдігінің фойесінде әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда аймақ басшысына клуб мүшелері өздері дайындаған RESQBOT роботының жұмыс істеу тәсілін таныстырды. Сол сияқты оқушылар АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинау шеберліктерін көрсетті.
Облыс намысын қорғаған «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының 15 тәрбиеленушісі жоғары дайындықтарын, әскери шеберліктерін, ұйымшылдығы мен патриоттық рухын танытып, барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алды.
Екі жүзден астам кадет сыныптарының тәрбиеленушілері мен әскери-патриоттық клубтардың мүшелері қатысқан кездесуде аймақ басшысы «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен жетекшілерін халықаралық жарыстағы жетістіктерімен құттықтап, алғыс білдірді.
– «Айбын – 2026» байқауының жеңімпазы болуы сіздердің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіздің, жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің және ата-аналардың сенімі мен қолдауының жемісі екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық тәрбие елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың және жастарды азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызды бағыты екенін атап өтті. Әскери-патриоттық қозғалысты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Бұл ретте жастардың әскери-патриоттық бағытқа қызығушылығы артып, жүргізіліп жатқан жұмыстар өз тиімділігін көрсетуде, – деген облыс әкімі білім басқармасына тәрбиеленушілердің инженерлік ойлау қабілетін, техникалық шығармашылығын, цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыс орталығында жұмыс істейтін «Smart Sarbaz» сияқты үйірмелерді Текелі қаласы мен барлық аудан орталығында ашуды тапсырды.
Жиында «Жетісу тарландары» клубының мүшелеріне, команда жетекшілері мен тәлімгерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Жетісулық әскери-патриоттық клубының мүшесі, Талдықорған қаласындағы №4 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сармат Марат бұл жарыстың өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– «Жетісу тарландары» клубына мүше болғаныма 3 жылдай уақыт болды. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Турникке тартылу, автоматты шашып, жинаудағы жылдамдықты арттыру, басқа да шеберлігіміз барған сайын шыңдала түсуде. Командамыздың бірлігінің, шеберлігінің нәтижесінде барлық кезеңнен сүрінбей өттік, – дейді ол.
«Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы 2015 жылы Талдықорған қаласындағы Ушинский атындағы №7 орта мектептің базасында құрылған. Клуб бүгінге дейін «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында бірнеше рет топ жарған. Биыл 21-27 маусым аралығында Ақмола облысының Щучинск қалалық Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжге қарасты «Амандық» оқу полигонында өткен халықаралық іс-шараға 5 мемлекеттен 53 команда қатысты. Жас сарбаздар әскери-патриоттық даярлық, әскери-қолданбалы спорт түрлері және командалық жарыстар бойынша өзара бақ сынасты.
Еңлік КЕНЕБАЙ





