ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАРСЫ АЛДЫ

Уақыты: 31.12.2022
Оқылды: 2344
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жылнаманың жаңа парағы ашылар шақта Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағына жиналған елдің қарасы қалың болды. Жетісу жұртшылығы әуелеген ән тыңдап, мың бұралған өнерпаздардың биін көріп, мерекелік концертін тамашалады.
«Қоян жылы құт берекесімен келсін» деген сарында жан толқынысын бір-біріне арнаған ел саябақтағы салтанаттың кәугері болды. Алдымен облыстық филармонияның өнерпаздары елге асқақ мерекелік тартуын ұсынды. Шаттыққа  толы шара барысында Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев сөз алып, игі тілегін жаудырды. Ол:
- Босағамыздан енгелі тұрған жаңа жыл жақсылығын алып келсін. Еліміз әлем тамсанған толайым жетістіктерге жете берсін. Өткен жыл талай тарихи оқиғалар түзген кезең болды. Сонда да ел бірлігі мен ынтымағын жарастырып, барыс жылын берекелі өткізді. Бізді қоян жылы қуаныштарға, ұлы жетістіктерге жеткізсін, - дей келе көпшілікті Жаңа жылмен құттықтады.
Шаһар әкімінің лебізінен кейін мерекелік шара көрігін қыздырған өнерпаздар ән шырқап, жастар жағы би билесе, от шашу да салтанатқа сән кіргізгендей болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ, 
Жетісу облысы