ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

Уақыты: 26.04.2024
Оқылды: 299

«Жетісу» фтубол клубы биылғы маусымда Талдықорғандағы Орталық алаңда алғашқы ойынын «Шахтерге» (Қарағанды) қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды пенальтиден салған – Серікжан Мұжықов.


Қайрат Нұрдәулетовтың жетекшілігімен «Жетісу» биылғы маусымда барлық командаға тегеурінді қарсылық танытып, жақсы ойынымен ерекше әсер қалдырып жатыр. Орта жолдан команда қатарына қосылған Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Абылайхан Жұмабек те жетісулықтар сапында Премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Қайта жөндеуден өтіп, еңсесін тікеп қалған Талдықорғандағы Орталық алаңдағы алғашқы ойын тікелей жетісулықтардың басымдылығымен өтті. Допқа иелік ету жағынан да, қарсылас қақпасына соққы бағыттау жөнін де үздік нәтижеге ие. Ойындағы жалғыз голдың салынуына да себепкер – Абылайхан Жұмабек. Тәртіп бұзылып, айып алаңының сыртынан Серікжан Мұжықов қарсылас қақпасына әуелеткен. Допқа ұмтылған Абылайхан Жұмабекті «Шахтер» қорғаушысы Антон Толордава құлатып, тәртіп бұзды. Төреші Денис Тевяшов осы бір сәтті бейнеқайталаудан көріп, пенальти белгіледі. Ал ол мүмкіндікті «Жетісу» командасының капитаны Серікжан Мұжықов мүлт жібермеді.

«Жетісу» жалпы  Премьер-лигада төрт ойын өткізіп екі гол салса, соның екеуінде Мұжықов салды. («Атырау» - «Жетісу» - 0:1, «Жетісу» - «Шахтер» - 1:0). Жиыны 7 ұпай жинаған «Жетісу» 5-турдан кейін турнирлік кестеде 8-орында тұр. Келесі турды Талдықорғанда 28 сәуірде чемпиондыққа үмітті «Ақтөбеге» қарсы өткізеді.   

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"