САРҚАН АУДАНЫНДА 58 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ОТЫР

Уақыты: 23.02.2023
Оқылды: 1291
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданына арнайы сапармен барған Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ жергілікті тұрғындарды қабылдап, өңір жұртшылығын алаңдатқан мәселелерді тыңдады. Соның бірі - жер мәселесі. 

Бейбіт Өксікбайұлы өңірдің жер қатынастары саласында түйткілді мәселе көп екенін айтты. Жалпы, ауданда пайдаланылмай жатқан 67 мың гектар жер анықталған. Былтыр соның 10,5 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Ең сорақысы, биыл пайдаланылмай жатқан 27 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделгенімен, ешқандай жұмыс басталмаған.

Ол-ол ма, өткен жылы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жерлерді конкурс арқылы беру бойынша небәрі бір конкурс ұйымдастырылып, 844 гектар жер табысталған.

Дәл ме дәл жалғыз конкурс нәтижесінде 844 гектар жер берілген. Ал өңір халқына 16,5 мың гектар жайылымдық жер қажет. Алайда ауданда жайылымды басқарудың жоспары әлі күнге бекітілмеген.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, ауданда ірі 11 шаруа қожалығы 58 мың гектар жерді пайдаланбай отыр.

Атап айтқанда, инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 2020 жылдың қыркүйек айында бөлініп берілген 30,1 мың гектар жерге «Jetіsý beef» серіктестігі бүгінгі күні 110 бас жылқы бағып отыр.

Ал  «Жұлдызды дала» серіктестігі былтыр наурыз айында еншілеген 4 мың гектар жердің 41%-ын ғана игерсе, «Болат Сейітбатқалов» шаруа қожалығы былтыр алған 4,8 мың гектар жерге небәрі 53 бас мал тіркеткен.

Осы ретте облыс басшысы жер халықтың игілігіне жарауы тиіс екенін жеткізе отырып, алдағы уақытта жерлер мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарылатынын ескертті.