ЕТІКШІ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 394
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адамның өміріне тек сүйіп істеген ісі ғана мағына береді. Қолыңа күрек ұстап, әлде қалам алып сонымен тас қашарсың, бәлки біз бен тебен, балға мен шегені серік етіп етік тігерсің?! Не істесең де жүрегің қалаған ізгілікті істі жоққа шығармасаң болғаны. Тасты тесетін тамшының тұрақтылығы болса, жұмыр басты пендені де зорайтып көрсететін қайсарлық пен тұрақтылық. Ең бастысы, талабыңды тасырқатып алмау.

Ілияс Жансүгіров түрмеде отырған кезде оның Болат атты баласы дүниеге келеді. Жары Фатима естеліктерінде Ілияс пен Болаттың бірінші кездесуі туралы: «Мен, Болатты әкесімен кездесуге әкелген кезімде, Ілияс оны қолға алып: «Менің балам етікші болсын, оған етік тігуді үйрет» деп жазған.

Қайран қалдыратыны сондай даңқты тұлғаның баласының етікші болып өмір сүруін қалағаны. Құлагер ақынның бұл сөзіне ой жүгіртсең астарында ұлының адал да таза, жұртына жұғымды, пайдалы азамат болып өсуін армандағанын аңғартпай ма?! Қазіргі қоғамда көп ата-ана баласының адал кәсіптен бұрын, жұмсақ та жылы орынға жайғаса кетіп, жан-жағын жайпап жатсада жалғанды жалпағынан басқан шенеунік болғанын тілейтінін айтқанын аңғарып қалып жатамыз. Қазақ ондайдың «барынан жоғы, ашынан тоғы» демей ме?! Жә, айтпағым бұл емес еді.

Етікшілік өнердің қыр-сырын жете меңгеріп, атакәсіпті өлтірмей өркендеуіне үлесін қосып жүргеннің бірі Нұрәлі Нұрғазыұлы. Қытайда туып, сол жақта өскенімен аңсары атажұртына ауып, 2005 жылы Қазақстанға қоныс аударады. Биыл тура 19 жыл. Ол бұл жылдардың барлығын бекер өткізбейді. Маңдай терін төге жүріп, тынымсыз тірлік кешеді.  Пайда ойламай, арды ойлаған азамат әуелде қалың қараша қазағына пайдамды тигізсем, ел игілігіне жарасам деп ниетін оңдайды. Содан барып адамдардың аяқкиімдерін жөндеп, кем-кетігін екшеп, әрлеумен айналысады. Жыртылғанын жамап, жарамсызын кәдеге қайта асырып отырады.

Жұрт арасында «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсіл жиі айтылып-ақ, жүр. Нұрәліні де осы сипатқа лайық десек қателеспегенміз. «Азаматты ісіне қарап таны» демей ме дана халқымыз?! Іскерлігі ішіңді жылытатынын көзбен көргеннен соң ғана барып бажайладық.

Арғы бетте жүргенде осы кәсіпті үйренуге толықтай ден қоя бастадым. Атажұртқа баратын болған соң құралақан жетіп бармай, бір өнермен оралғанды жөн көрдім. «Ерінбеген етікші болады» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Бұл іске төзімділік, ыждағаттылық керек. Сабырыңды сарқып ішіп қоя жаздайтынын несін жасырайын?! Әкем Нұрғазы Мұқышұлы ер-тоқым, атәбзелдерін жасайтын ұста адам еді. Қолдан неше түрлі бұйымдар шығаратын. Ал оның әкесі, яғни, атам Мұқыш етікші болатын. Түгелдей бір ауылды етікпен қамтамасыз етіп отырушы еді. Сол кәсіп әкемнің 13 баласының ішінде маған ғана бұйырды. Ризық-несібені етікшіліктен тауып отырған жайымыз бар, – дейді ол.

Аяқкиім тігу ол үлкен кәсіп, оған қыруар қаржы кететіні айтпаса да түсінікті. Нұрәлі қолы машықтанған өнерінің арқасында 10 жыл ішінде тиынды-тиынға қосып жүріп шағын шеберхана ашады. Еш тайсалмастан қолда бар былғары, терімен алғашқы етікті де жасап шығарады. Ол жасаған аяқкиімдерге сұраныс ең әуелі Жетісу өңірінің тұрғындарынан түсе бастайды. Артынша Астана, Ақтөбе, Көкшетау аймағының адамдары тапсырыс берген екен. Нұрәлі қазіргі уақытқа дейін 2 000-ға жуық етік тігіп шығарыпты.

Таза тері, бұйымдар шеберханасында екі түрлі етік шығарылады. Бірі атқа мінген кезде киілетін етік болса, екіншісі сән үшін, сахнаға киіп шығуға арналған. Етікші азамат биылғы қыс айларында 300-ден аса етік шығар екен.

Нұрәлі Нұрғазыұлының бірнеше шәкірті бар. Олар қазіргі уақытта өз кәсіптерін ашып, етік тігумен шұғылдануда. Ісмер етікші ешкімді бәсекелес санамайды. Керісінше отандық өнімді брендке айналдырар азаматтардың көп болғаны дұрыс деп санайды. Осы ретте Самғау, Өркен, Төлепхан сынды етікшілердің атакәсіпті қайта жаңғыртуда ерен үлгі көрсетіп жүргенін тілге тиек етеді.

Қазақ «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» – дейді, жалғыз-жарым жүріп мұнша іс тындыруы мүмкін емес екеніне асыл көңіліміз илана қоймас, әрине. Нұрәліге әрдайым қолдау көрсетіп, бір жағына шығысып жүрген жолдасы Зібигүл Әбділәкімқызы. Ері етікті қалыпқа отырғызып, табандап шығарып берсе, Зібигүл ою-өрнегін тігіп жәрдем береді.

Жолдасымыз екеуміздің отау құрғанымызға 20 жылдай болды. 3 баламыз бар. Ол бес саусағынан өнер тамған жан десем, артық айтқаным емес. Отағасы өте мейірімді, ашық-жарқын адам. Бұл кәсіпті ең алдымен жолдасым бастаған. Бір шаңырақтың астында тұрған соң оған қарап отыра алмадым. Бір жағына шығысқанды жөн санадым. Қандай сұраныс болады сондай аяқкиімдерді тез арада шығаруға тырысамыз. Етіктерімізді заман талабына сай етіп жасаймыз, – дейді Зібигүл Әбділәкімқызы.

Ісмер етікші тек етік тігумен ғана айналыспайды. Ол, сонымен қатар әскери, спорттық, классикалық аяқкиімдерді жасап шығарады. Сапалы болғандықтан қызығушылардың қарасы көбейіп келеді.

Нұрәлі аяқкиімнің табанына қажет шикізатты Қытай мен Ресейден тапсырыспен алдырады. Ал етікке қолданылатын тері мен былғарыны Алматы, Тараз, Екібастұздан әкелсе, аяқкімінің ішіне төселер жүні Текелі мен Қапшағайдан жеткізіледі.

Шебердің алдыға қойған мақсаты айқын, болашақта шеберхана аумағын ұлғайтып, жоқ дегенде 10 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда.

Еңбек – адам жанының тәрбиешісі. Олай болса еңбегіңнің өзі адалдыққа негізделуі керек. Тебеннен тиын тауып, оны таудай іске айналдыру табандылықты қажет етеді. Тағылымы мол тұлға сұлбасы әрдайым көпке үлгі болатын тұста сипатталып тұруы шарт.

Медет ЖҰМАБАЙ